Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағытына сәйкес, Шымкент орталық мешіті мен қалалық Дін істер басқармасы бірлесіп «Әз-Наурыз – Түркі жұртының мерейлі мерекесі» атты рухани мерекелік шарасы ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, қалалық Дін істер басқармасының өкілдері мен найб имам Мұсабек Ақтамберді, Ахметжан Керімбек, Дастан Желеуов, Берік Қалдаров, Бердалы Жәміш, Анарғали Керімбеков, Ербол Қалшабек, Айбек Азимбаев, қалалық «Әйел-қыздар» секторы, «Әжелер» мектебінің мүшелері мен мешіт жамағаты қатысты.
Мерекелік шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы қатысып, ҚМДБ-ның Төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау лебізін жеткізіп, мерекемен құттықтады.
Мерекелік шараны қала бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров пен дінтанушы Азамат Әбдікерімұлы жүргізгіп, наурыз туралы хабарлама жасады.
Рухани мерекелік шара барысында «Дені саудың – жаны сау» атты ұлттық спорттық ойындар мерекенің әрін кіргізді. Яғни, қол күрес, арқан тартудан, кіртасын және қой көтеру сынды сайыстар өткізілді. Жеңіс әділ өту үшін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасынан арнайы төреші шақыртылды. Осы спорттық шарада қой қөтеру жарысында Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасы Есембаев Оралхан Мәдиханұлы 51 келі қойды 101 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Жарыс соңында жеңімпаздарға өкілдіктің арнайы дипломы мен кәде-сыйлықтары табыс етілді.
Сондай-ақ, барша келуші жамағатқа наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, өткен ата-бабалар рухына Құран бағышталып, дұға-тілек жасалды.
Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды еткей.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі