Жетім дегеніміз кім? Шариғат бойынша, әкесі қайтыс болған анасы тірі болса да бала жетім саналады. Ал, анасы жоқ, әкесі тірі бала жетім емес. Себебі, Исламда перзент үшін отбасында әкені бас қамқоршы, перзенттің болашағы үшін ең үлкен жауапты адам деп біледі.

Шариғатта жетім деп балиғат жасына жеткенге дейін ғана айтады. Одан кейін оған ондай сөз істетілмейді.

Бір хикаяда: «Бір кездерде, арақ ішкіш маскүнем жан болыпты. Арақ ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті, оданда артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып кете жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің, Раббыма арызым бар»,- деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін бір дауыс естілді. «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!»- деді. Сөйтіп тұрғанда, мен оянып кеттім»,- дейді. Сол түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді бір жола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты»

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 220-аятта: «(Ей Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы. (әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі…»,- делінген

Ниса» сүресінің 6-аятында: «Жетімдерді үйлену (жасына) жеткенше сынап тұрыңдар. Егер олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық (қабілетін) байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер. Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып) тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті»,- делінген.

Имам Қатада (Алла оған разы болсын) бұл аят туралы: «Катафан қауымындағы бір адам өз ағасынан жетім қалған кішкентай балаға әке орнына әкелік етті. Жетім баланың өз әкесінен қалған мал-мүлкі көп еді. Екінші әкесі ол мал-мүлікті жеп қойды. Сонда Алла тағала «Ниса» сүресінің 6-10 аяттарын Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уаһи етті»,- дейді. Аятта: «Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып) тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті»,- деді.

Имам Бұхари Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрдымға кетіретін жеті түрлі пәлекеттен сақтаныңдар»,- деді. Сахабалар: «О, Алланың Елшісі, Олар не нәрселер?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, сыйқыршылық, адам өлтіру, сүтқорлық, жетімнің малын жеу, соғыстан қашу, мұсылман ар-намысты әйелді зина жасауда айыптап, жала жабу»,- деп жауап берді»,-делінген.

Әл-Хакимнен риуаят етілген хадисте: «Төрт адамның жәннатқа кіруге ақысы жоқ. Олар: маскүнем, сүтқор, жетімнің ақысын жеген адам және ата-анасының қарғысына қалған адам»,- деген.

Имам ибн Мажаәһ Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі әлсіз – жесір мен жетімнің малынан қашық жүрулеріңді өсиет етемін»,- деген

Тафсир ғұламасы Ас-Судий (Алла оған разы болсын): «Қиямет күні жетімнің малын жеген адам аузы-мұрынан, құлақтары мен көздерінен от лаулап шығып тұрған бойда тіріледі. Әр бір көрген адам оны жетімнің малын жегенін біліп тұрады», деген. Имам Мүслимнің сахихындағы «Миғраж» туралы хадистен үзінді: «Бір кезде бір топ адамдармен бетпе бет келіп қалдым. Олардың бастарына басқа кісілер отырып алған еді. Бастарында отырған кісілер олардың сақалын жұлып жатты, сол араға қолдарымен шоқ боп тұрған тастарды көтеріп келген тағы бір топ кісілер келіп қосылды да, сол шоқ боп тұрған тастарды сақалдары жұлынған адамдардың ауыздарына бірінен кейін бірін салды. Ауыздарынан кірген шоқ тас арттарынан шығып жатты. «О, Жебірейіл періште! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. Ол (ғ.с.): «Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жегендер. Олар қарындарына тек от толтырып алғандар»,- деді. Алла сақтасын!

Имам Әбу Яъләәдан (Алла оған разы болсын): Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннаттың есігін бірінші болып мен ашам. Сонда (менен бұрын, жәннатқа кірмек болып), алдыма түсіп бара жатқан бір әйелді көремін. Мен оған: «Сен кімсің? Саған не болған?»- деп таңдана сұраймын. Ол әйел: «Мен жесір болсам да жетімдерімді тәрбиелеп өсіріп, елге қосқан әйелмін. «Жетімдерімнің болашағы не болады екен?»- деп уайымдаған әйелмін…»,- делінген

Ибн Мажәһ риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді»,- деген.

Шамаң жетсе, жетім-жесірге қамқор бол!

Дегенмен, фиқһ ғалымдарының нұсқауы бойынша, жетім баланы қарамағына алған бағушы екінші ата-ана жетім балиғат жасына жетісімен, оған малын тапсырмайды. Бәлкім, жетімнің жақында ғана балиғатқа жеткенін ескеріп, байлықты дұрыс жұмсау қабілеті барма, есі мен санасы жеткілікті ме екенін сынап көруі қажет. Мұны Алла тағала қасиетті Құранда былай баяндады: «Жетімдерді үйлену (жасы балиғатқа) жеткенше сынап тұрыңдар. Егер олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық (қабілетін) байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер». Бұл мәселеде әр қоғамның тәжрибиесі бар. Ислам шариғаты бойынша, егер жетім баланың ақыл, парасаты мен қабілеті жеткілікті болса, уақытында байлығын қолына тапсыру керек.

Бай адам жетімнің малына мұқтаж болмағандықтан, ұялып, өзін күмәнді нәрседен қашық тұтқаны дұрыс. Жетімдерді бағу үшін алғаны, жетімдердің мал мүлкін сақтағаны, баққаны үшін сауабын алады. Бағу үшін алған адам егер кембағал болса, онда жетімнің малынан қызметі үшін ақы алады.

Алла тағала Дәуітке (ғ.с.) айтқан екен: «Ей, Дәуіт! Сен, жетімдерге әкесіндей қамқор бол, жесірлерге жақсы күйеуіндей бол. Сен мынаны біл: «не сепсең, соны орасың, сен адамдарға не істесең, сеніменде солай істеледі. Ақыр, күндердің күнінде сен өлесің ғой. Сонда балаларың жетім, әйелің жесір болып қалмай ма?!»- деді.

Әрине, бұл тәлім-тәрбие өз орнында мұсылман үмбетіне күшті әсерін тигізеді, деп ойлаймын. Мұсылмандар жесір мен жетімнің малын жемек түгілі жақындаудан қорқатын үмбет.

Қорыта айтсақ, әкесіз немесе ата-анасыз қалған жасөспірімді қолына алып тәрбиелеу, жетімнің марқұм ата-анасынан қалған байлығы, мал-мүлкі болса, оны қорғау – жауапты да, сауапты іс. Ислам діні бойынша, әке-шешесінен жетім қалған баланы бірінші кезекте әке тарапынан туыстары, сосын кейінгі қатардағы туыстар қарамағына алуы қажет. Туыстары жоқ жетімдерді басқалар қолына алады.

Шымкент қаласы, Қаратау ауданы «Жанқожа» мешітінің Имамы Абдіхалиқов Асылбек

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38