Мұсылмандар үшін айрықша мерекелердің бірі – Мәуліт. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келген айдың мәні мен маңызын, орны мен салмағын, тарихы мен талайын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Тіпті, оқырмандарымыз тарапынан осы бағытта түрлі сауалдар туындап жатады.
Сұрақ:
Мәуліт мерекесінің хақ дініміздегі орны, мәні мен маңызы жөнінде?
Жауап:
– Исі мұсылман жұрағаты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған күніне орай əрбір жылы рабиғул-аууал айының 12-жұлдызы күні Мəуліт мерекесін тойлайды. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындаған. Мəуліт мерекесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дəуірінде дəстүрлі түрде тойланбағанымен, сахабалар екі дүниенің сəруары дүниеге келген күннің құрметіне ауыз бекітетін. Абдуллаһ ибн Аббастың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мəдинаға келгенiнде еврейлердiң ораза тұтқандарын көрiп, мұның мəнiсiн сұраған. Олар “Бұл күннiң маңызы зор. Алла бұл күнi Мұсаның (с.ғ.с.) қауымын құтқарды. Перғауын мен оның патшалығын жойды. Мұса (с.ғ.с.) осы күнi шүкiршiлiк ретiнде ораза тұтты. Бiз де сол үшiн ораза тұтамыз” деп жауап бередi. Осы шақта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Мұсаға сiздерге қарағанда бiз жақынбыз” деген екен. Мұсылмандар да мұқым ғаламды түнектен арылтқан Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күні ораза ұстап, адамзаттың асыл тəжіне арнап салауат айтады. Өйткені, Шапағат шамшырағының (с.ғ.с.) дүниеге келуі мен адамзат баласының арайлы таңы атып, қараңғылықтың пердесі серпіліп, надандықтың көбесі сөгілгенеді.
Сұрақ:
– Яғни, Ислам тарихында ең алғаш рет Мәуліт мерекесін тойлау Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дәуірінде көрініс тапты. Сонда, Пайғамбарымыздың замандастары қуанышты күнді қалай атап өтті?
Жауап:
– Рас, ол кезеңде Мәуліт мерекесі үшін арнайы іс-шаралар қолға алынған жоқ. Бірақ мұқым мұсылман жұрағаты Хақ Елшісін (с.ғ.с.) құттылық пен берекеліктің қайнар көзі санап, Мұхаммедті (с.ғ.с.) ұдайы ұлықтайтын. Оның (с.ғ.с.) нұрлы ажары мен парасатты болмысы кім-кімнің болса да назарын аудартпай қоймайтын. Әсіресе, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) соңынан ерген сахабалар Оның әрбір сөзі мен қылығынан терең тағылым алатын. Оларға Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жылуын сезінуден асқан бақыт жоқ еді. Тіпті, сахабалар ішкен асын жерге қойып, Оның (с.ғ.с.) өнегесін өзгелерге паш етуге асығатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) атын естігенде бойларын түзеп, ойларын жинақы ұстап, қуанғандарынан атына ынты-шынтыларымен қаздай шулап салауаттар айтатын. Аузыдуалы ақындар мен шешендер көркемсөзден өрнек өріп, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) арнап бәйіттер оқитын. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) есімін естігенде жылаған жандар жуанып, қамқұн болған көңілдер қуанатын. Ол (с.ғ.с.) бейне қанатымен су сепкен қарлығаштай қалың бұқараның қамын жейтін. Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) өз ортасына игі ықпал еткені соншалық, мұсылмандардың жүрегінде Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген саф сезім атқақтап тұратын. Иә, Алла Елшісін (с.ғ.с.) жақыннан танып-білгендер оны ардақ тұтып, қатты жақсы көрді. Қанша ғасырдан бері Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) өзіне баурап алатын рухани тартылыс күшіне дүйім жұрт сәмбі талдай иіліп, Оған деген махаббаты атойлап, Хақ жолына қалтқысыз қызмет етуде. Ғалам тарихына көзсалсаңыз, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрсетілген құрметтің басқа ешкімге көрсетілмегеніне көзжеткізесіз. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір сүрген дәуірінде оны өз көзімен көрген бақытты жандар – сахабалар. Бір кезеңде Оны көргендерді көру арқылы бақытқа (табиндер) қолжеткізіп, соларды көзімен көруге ынтыққан (таба-табин) толқын да күн кешті. Бұл Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Адамзат баласының ең жақсы кезеңі — менің өмір сүрген ғасырым, одан кейінгі жақсы кезеңдер — мен өмір сүрген ғасырдан кейінгі ғасырлар» деген сөзімен үндесуде.
Сұрақ:
– Алла Елшісі (с.ғ.с.) жер бетіне хақ әрі таза Ислам дінін әкелді. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) арқасында адамзат баласы қасиетті Құранмен қауышты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тек әділдікті, адалдықты, барша жақсы қасиеттірді үйретті!
Жауап:
–Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамандық атаулы жербетін жайлап алған қараңғылық дәуірде дүниеге келді. Надан арабтардың азғынданғаны соншалық, жасбалаларды тірідей жерге көметін. Кейбір тайпалардың дәстүрінде жалқыға тиісті құндылықтар, мәселен әйелдер бәріне ортақ саналатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) осындай тұрпайы тобырдан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әділеттілікті һәм ар мен ұятты ұлықтаған, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жерұйық қоғам жасады. Сондықтан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір сүрген қоғамын, дәуірін ешқандай реформатормен, ешқандай қоғаммен, ешқандай тарихи кезеңмен салыстыруға келмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат тарихында теңдессіз тұлға-тын. Өйткені, Ол (с.ғ.с.) өз дәуірінің ірілі-ұсақты барлық мәселелеріне реформа жасаған еді. Өзі танып-білген барлық адамдардың көңіліне қуаныш ұялатып, жүректеріне гүл екті. Тіпті, әрбір науқастың халін сұрап, көңіл айтуды да ешқашан ұмыт қалдырған емес. Сол шақтағы күллі рухани сырқаттардың ем-шипасын жасап, артынан өкшесін басар исламдық үрдісті жалғастыратын кемелді ізбасар буынды тәрбиелеп қалдырды. Кезінде Рим мен Грецияда және өзге де елдерде үлкен өзгерістер болды. Алайда, бұл елдердегі үлкен өзгерістерде ізгілік пен қатар кейбір салаларда кері кетушіліктер де орыналып, адамгершілік құндылықтар аяққа тапталды. Бұл ұлы өзгерістерде саяси-экономикалық ілгерілеумен бірге, зорлық-зомбылық пен қиянаттың небір түрі орын алып, адамзат баласының көз жасы көл, қаны судай болып ақты. Ал екі дүниенің төресі болған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) адамзат қоғамына әкелген илаһи түзімі мейірімділік пен рақымдылықтан тұратын. Құран-Кәрімде «Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» деп бұйырылған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл илаһи пәрменді өнегелі ғұмырымен сәтті һәм салтанатты түрде жүзеге асырды. Ол (с.ғ.с.) «Мен лағынеттеуші емес, рақым етуші етіп жіберілдім» деген болатын. Оның (с.ғ.с.) соңынан ергендер алғашқыда қайғы-қасіретке душар болғанымен, ол көшбасшы болған мұсылмандық қозғалыстың нәтижесінде араб қоғамында қараңғылық пен қара дүрсіндік еңсеріліп, ар мен әділетті ту етіп ұстаған кеуделі қоғам құрылды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Меккені азат еткенде, мұсылмандық қозғалыстың ең қасдұшпаны болған меккелік Құрайыш мүшіріктеріне «Барыңдар, бүгін барлығың азатсыңдар, ешкім де жауапқа тартылмайды» деп асқан дегдарлық танытып, оларды өзінің мейіріміне алды. Меккелік мүшіріктердің өзіне көрсеткен қорлығы мен құқайының қарымтасын қайтаруға хақылы болса да, Құранда бұйырылған бітім-болмысына сай, әрбір істі мейірім мен рақым және парасат-пайым мен шешуді таңдады. Дәуіріміздің кемеңгер ойшылдары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өміріне үлкен баға берген. Қандай данышпан адам болса да, бүгінгі күннің соншама жетістіктеріне қарамастан, адамзаттың мақтан тұтар тұлғасының (с.ғ.с.) бір жылда жасаған ісін, жүзжылда да жасай алмайтынына көзжеткізеді. Айталық, шылым шеккен біреуге он ақылды келіп, шылымның адамағзасына әкелер зиянын, оның қатерлі ісік ауруын тудыратынын қанша түсіндіріп бақса да, шылым шегуін қойдырта алмайды. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айналасындағы адамдардың қанына сіңіп қалған қаншама жаман мінездерін бір сәтте түп-тамырымен жұлып алып, нағыз адами құндылықтарды екті. Әсіресе, арақ ішуге тыйым салған кездегі жағдай бізге маңызды мысал бола алады. Әбден араққа бой алдырған, ішпеген кезде көзі қарайып, басы айналатын бір қауым Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «арақ ішу харам» деп айтқан кезде ішейін деп тұрған кеселерін жерге лақтырған екен.
Сұрақ:
– Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сипаттары бар. Рас, бұл жайында көптеген кітаптарда жазылған, білікті имамдар да жиі әңгімелейді. Десе де Мәуліт мерекесіндегі бір салауатымыз болсын.
Жауап:
– Ғылыми жаратылыстану мен технологиядан бейхабар, өмірінде екіауыз сөз жазбаған, Алла тағаладан басқа ешкімнен ештеңе үйренбеген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өткен өмір мен келешекті көзбен көріп, қолмен ұстағандай білгендігі, сөз жоқ, оның кемеңгерлігі һәм ұлылығы болатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жалғызға болсын, жалпыға болсын, әкелген оң өзгерістері мен реформаларын, егер кітап етіп жазар болсақ, том-томдарға симас. Ол (с.ғ.с.) бүкіл ғұмырында Ұлы Жаратушының бір, тек жалғыз екенін үндеген. Тіпті, Алла Елшісі (с.ғ.с.) пайғамбар болмай тұрып та надан арабтарша пұттарға табынған емес. Жас күнінде пұтқа тағзым ету мерекелеріне барғанда басы айналып талықсып кетіп, бейне иллаһи күш оны «уахданиетке» қарсы келуден арашалайтын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлыққа тән мынадай ерекше сипаттары бар-тын:
Сыдық – екі дүниенің сәруары болған Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сөзі садақтан суырылып шыққан жебедей тура айтылатын. Ол (с.ғ.с.) иненің жасуындай болса да жалған сөз сөйлеген емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.) – туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы. Егер зәредей бір өтірік сөйлеген болса, оның ұлы миссиясына орасан зор нұқсан келер еді. Онда Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сенім жоғалып, дүйім жұрт соңынан еруден бас тартар еді. Сондықтан Ұлы Жаратушы оның рухын сыдықтықпен сырлап, өмірін туралықпен өрген. Ол жиырма жасқа толғанда Меккеде Хилфул-Фудул (намыс одағы) қоғамы құрылды. Бұл қоғам Меккеге сырттан келгендердің құқығын қорғауды мақсат етті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жастығына қарамай осы қоғамдық ұйымды құрушы һәм қоғамдық ұйымның ережелерін белсенді түрде жүзеге асырушылардың бірі болды. Меккелік кейбір «аристократтар» сырттан келген кейбір қамқорсыз жандарға күш көрсетіп, дүние-мүлкін тартып алып, тізесін батыратын. Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) әлгі қамқорсыз жандарды жанын салып қорғайтын. Зерттеуші М.Хамидуллаһ Әбужаһилдің әлсіздерге әлімжеттік жасап, бұған Мұхаммед (с.ғ.с.) қарсы тұрып, Хилфул-Фудул жарғысына сай жәбір көрушінің көрген зиянын өтеттіретінін айтады. Ол екеуінің арасындағы дұшпандық осы кезден-ақ басталған көрінеді. Аманат – Алла Елшісі (с.ғ.с.) ешқашан аманатқа қиянат жасаған емес. Пайғамбарлыққа дейінгі ғұмырына көз жіберетін болсақ, Мекке қаласында кез келген жан сапарға шығатын болса, қимас мүлкін Мұхаммедке (с.ғ.с.) аманаттайды екен. Кейбір деректерге қарағанда, арабтар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әйелдерін де аманаттайтын болған. Сондықтан айналасындағылар Алла Елшісін «Мұхаммед-Әмин» (Сенімді Мұхаммед) деп атады. Кейін мұсылмандар пұтқа табынушылардың зорлығына шыдайалмай Меккеден Мәдинаға көшкенде Мұхаммед (с.ғ.с.) кешеуілдей берген. Себебі, Құрайыш пұтқа табынушылары Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қанша дұшпан болса да, оған дүние-мүліктерін аманаттаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) уақыт күттірмес қасиетті көш реформасы кезінде де өзіне деген сенімге селкеу түсірмей, пұтқа табынушылардың аманатын өз иелеріне қайтарып, көштің соңында қалған екен.
Фатанат – Алла Елшісі (с.ғ.с.) ақылмен біте қайнасып туған-тын. Оның әрбір іс-әрекеті ақылдан тұратын. Ақылға теріс бірде-бір сөзін немесе іс-әрекетін көре алмайсың. Өйткені, Ұлы Жаратушы өзінің сүйікті Елшісін әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмірі мен тағдырын ақылмен айшықтаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) де әрбір істі ақылымен таразылап, байыпты түрде іске асыратын. Ол діннің өзегі ақыл екендігін «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп ұқтырған.
Исмат – Алла Елшісі (с.ғ.с.) күнәсіз-тін. Оның күнәсіз болуы – Ұлы Жаратушының оның бойына күнәсіздік ұрығын (исмат) егуінде. Пайғамбарлар қате жасауы мүмкін, бірақ, күнә жасауы мүмкін емес. Алайда, олардың қатесін пенделіктің ауылынан алыс, яғни күнәдан пәк деп ұққанымыз жөн.
Тәблиғ – Алла Елшісі (с.ғ.с.) тылсымнан келген илаһи жарлықты теңдессіз ғибрат тұрғысында түсіндіретін. Әрбір мәселенің мән-жайына терең бойлап, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп ұғындыратын. Қажет кезде баз бір мәселелердің шешімін көркем мінезімен меңзейтін. Оның сөйлеген сөзі мен шығарған шешімінен әсте мін табу мүмкін емес.
Сұрақ:
– Мәуліт Пайғамбардың (с.ғ.у.) заманында қазіргідей мерекеленбеген. Ұлық мейрамның кешегісі жайында кеңірек білгіміз келеді?
Жауап:
– Ислам тарихшылары Мәуліт мерекесін дәстүрлі түрде тойлау Селжұқ түріктерінің көшбасшысы Мұзаферуддин Көкбөрінің кезінен басталғанын айтады. Мұзаферуддин Көкбөрі – Селжұқ түріктерінің Әрбил тайпасының Байтік руының биі. Ол Хақ тағаланың дініне ынты-шынтысымен берілген шынайы мұсылман еді. Алла Елшісін (с.ғ.с.) жан-тәнімен жақсы көретін. Оның (с.ғ.с.) сұлу сүннетінен үлгі алып, қайырлы-сауапты істер жасайтын Мұзаферуддин салдырған керуен-сарайларда жарлы-жақыбайлар мен міскін-ғаріптер қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып ас-су ішіп, құтты мейман болған. Ол сырқат жандар үшін емхана, жесір-жетім мен кембағалдарға арнап қамқорлық үйлерін салдырды. Шешесінен шақалақ кезінен айырылған тұл жетімдерге сүтаналар тауып берген. Мүгедектер мен зағипжандарға қамқорлық жасайтын қайырымдылық үйлерін ашып, әсіресе, қайыршыларға күндік ас-ауқатын беретін. Жас жеткіншектер біліммен көзін ашсын деп медреселер ашып, сауатты мамандардан мұғалімдер тағайындап, қаражат пен қамтамасыз еткен. Ғылыми пікірталас пен рухани сұхбаттарға көп көңіл бөлетін. Әрдайым өз жерінен өтетін мұсылмандардың қауіпсіздігіне кепіл болып, бейбіт өмір сүруге құмбыл тұратын. Мәуліт мерекесінде Көкбөрі қолынан келген бар қайырымды істерін жасаған. Ол іс-шараларды өзі атқарып, сырқаттардың көңілін сұрап, құлан-таза айығып кетуі үшін ақысыз емдеткен. Балаларды қуанышқа бөлеу үшін ойындар өткізетін. Ақындарға жүлде беріп, елге еңбегі сіңген атпал азаматтарға шүлен тарататын. Таңды таңға асырып, Алла Елшісі (с.ғ.с.) туралы уағыз-насихат айтып, көңілдерін бір тасытып, жұртты арқа-жарқа еткен. Мәуліт мерекесінде бүлдіршіннен бастап, жастар мен егде тартқан азаматтар, кәрі қариялар мен кембағал жандар, саудагерлер мен ұстаздар, діни қызметкерлер мен ел басшылары, түрлі саланың өкілдері бір жерде бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, бір-бірімен тонның ішкі бауындай біте қайнасатын. Осылайша, Мұзаферуддин Көкбөрінің Хақ Елшісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жыл сайын Мәуліт мерекесін тойлау үрдісі қалыптасқан екен.
Сұрақ:
– Бұл – көңілде жүрген күпт ісауал еді. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған күнін тойлауды базбір зерттеушілер «бидғат» (дінде жоқ ережелер) деп біледі.
Жауап:
– Дінге кейіннен енген рәсімдер Исламға қайшы (бидғат – ул харб) және қайшы емес (бидғат-ул хасана) болып екіге бөлінеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнінде оны еске алып, адамзат баласына қалдырған өнегесін қастер тұту, әсілі Исламға қайшы емес. Яғни, Алла Елшісін (с.ғ.с.) еске алып, оның атына салауат айту шариғат бекіткен құлшылықтың бір түрі саналады. Мұхаммед (с.ғ.с.) өмір сүрген кезеңді тарихшылар «алтын ғасыр» немесе «құттызаман» деп атайды. «Алтын ғасырда» ардақты пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жылу алған сахабалар сыпайы, нәзік, мейірімді болған. Көзбояушылық пен мал шашпақтан аулақ болып, әрбір істерін риясыз һәм ыждағатпен жасаған. Көпшілікке жомарттық жасап, қолғабысын тигізуге әзір тұрған. Олардың өн бойынан бірлік пен төзімділіктің лебі есетін. Үлкендерге құрметті, кішілерге ізетті келетін. Адамдардың арасына іріткі салып, мінін айтудан бойларын аулақ ұстайтын. Сайып келгенде, сахабалар наным-сенімі берік, әрбіріске асқан жауаптылықпен қарайтын көзі мен көкірегі ояу адамзаттың ақжал толқыны болатын. Яғни, Мәуліт мерекесін тойлаумен сол «алтын ғасырды» еске алып, сол кездегі игіліктер мен құндылықтарды бойымызға сіңіруге күш салуымыз қажет-ақ. Əрбір жылғы Мəуліт мейрамында мына дүниені түнектен арылтушы адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтып, өнегелі өмірін ардақтап, сүннетінен қуат алып, жаңаша түлеу – Исламның шоқтығын биіктете түсетіні анық. Лайым, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті саналар қазақ жұртшылығы да осы Мəуліт мейрамындағы рухани нəрден сусындап, келешегін кемелді етсін һəм Хақ тағаланың құт-берекесі арта берсін деп тілейміз!
Баймұратов Ержан Найман баба мешітінің имамы