С: Бір кісі миқаттан ихрам киініп, Меккеге кірместен тура Арафатқа барып, сонда тұрған болса келі тауабын істемегені үшін не істейді?
Ж: Оның мойнынан келу тауабы түседі. Тастаған үшін ештеңе істемейді.
С: Арафат тауына арафа күні күн батқаннан соң жетсе қажылығы дұрыс бола ма?
Ж: Кімде-кім арафа күні түс ауғаннан бастап ертеңгі күннің таңы атқанға дейінгі уақыт аралығында Арафат тауында тұрса қажылығы дұрыс.
С: Арафат тауында дұға жасау қажылықтың дұрыс болуының шарты ма?
Ж: Дұға ету шарт емес, сүннет. Арафатта аз уақыт болса да қажылық дұрыс болып есептеледі. Ұйқыда болсын, ояу болсын, есінен танған болсын, бәрібір. Бірақ, ихрам киімінде болуы шарт. Тіпті Арафат тауында екендігін білмесе де осы жерде болуымен қажылықтың бір парызы мойнынан түседі.
С: Осы шарттар ер кісіге ғана қатысты ма, әлде ер мен әйелдің екеуіне де бірдей ме?
Ж: Бұл шарттар әйелге де қатысты. Бірақ қажылықты әйелдер ерлер сияқты басын ашып жүрмейді. Жүзіне ниқаб, киім жаппайды. Тәлбияны дауыстап айтпайды. Тауапта тездетіп жүрмейді. Сафа мен Маруада да тез аяңдамайды. Шашын алмайды, бірақ кішкене қияды. Ихрам кигенде хайыз не нифас халінде болса немесе ихрам киген соң осы жағдайлар орын алып, сегізінші күнге дейін тоқтамаса келу тауабын жасамайды. Минаға барып, қажылықтың барлық рәсімдерін орындайды. Бірақ қашан тазаланғанша зиярат тауабын жасамайды. Зиярат тауабын жасаған соң әлгіндей жағдайлар орын алып, еліне қайтатын уақыты болса қоштасу тауабын жасамаса да болады.