С: Ұмрасөзінің мағынасы және оның жасалуы қандай?
Ж: Ұмраараб тілінде зиярат ету деген мағынаны білдіреді. Ол шариғат бойынша мына төмендегі төрт түрлі амалдан тұратын ғибадат түрі:
1. Ихрам.
2. Бәйтулланы тауап ету.
3. Сафа мен Маруа арасында жүру.
4. Шашын алу не қысқарту.
Ұмраның парызы екеу: ихрам және тауап. Уәжіптері де екеу: Сафа мен Маруа арасында жүру және шашын алу не қысқарту. Ұмра жасау үшін миқаттан бастап ихрам киюі керек. Ғұсыл не дәрет алып, екі рәкағат нәпіл намаз оқиды. Сосын « Я, Алла! Мен ұмра жасауға ниет еттім. Қабыл ал!» деп ұмраға ниет етеді. Сонан соң қажылықта айтылатын тәлбия дұғасын айтады. Тәлбияны айтумен ихрам жағдайына өтеді. Меккеге кірген соң ұмраның жеті тауабын айналады. Сонан соң Сафа мен Маруа тауларының арасында жүгіреді. Мұнан соң шашын алады не қысқартады. Осылайша ұмраны орындаған болып есептеліп, ихрам жағдайынан шығады.
С: Ұмра ихрамында тыйым салынған нәрселер бар ма?
Ж: Иә, қажылық ихрамында тыйм салынған нәрселерге ұмра ихрамында да тыйым салынады. Төсек қатынасынан, пасық істерден, дау-дамайлардан сақтанады. Тігілген не тоқылған киім кимейді. Тырнақтарын алмайды. Аң ауламайды. Аңға ишарат жасамайды.
С: Ұмраның ихрамының миқаттары қандай?
Ж: Ұмраның миқаттары қажылықтың миқаттарындай.
С: Ұмраның Ислам дініндегі үкімі қандай?
Ж: Күші жететін мұсылман үшін өмірінде бір рет ұмра жасау муәккада сүннет. Ұмраның көптеген артықшылықтары, мол саубы бар.
С: Ұмра ихрамындағы тәлбия дұғасының үкімі қандай?
Ж: Ихрам киерде тәлбияны айту шарт. Онан кейін де көп айтып жүру мұстахаб. Тауапты бастаумен тәлбия айтуды тоқтатады.
С: Ұмрада қажылық кезіндегідей келу, қоштасу тауаптары бар ма?
Ж: Ұмрада келу, қоштасу тауаптары жоқ. Парыз тауабынан басқа тауап жасамайды.
С: Қажылық сияқты ұмраның арнайы уақыты бар ма?
Ж: Ұмраның белгіленген мерзімі жоқ. Жылдың кез келген уақытында жасауға болады. Тек Арафа күнінен бастап тәшриқ күндері аяқталғанға дейін жасау тахриман мәкруһ. Ал, рамазан айында жасалған ұмраның артықшылығы көп – сауабы қажылықтың сауабындай.
С: Ұмраны қажылықпен бірге жасауға бола ма?
Ж: Иә, қажылықпен бірге жасауға болады. Екеуін қоса атқарудың қиран, тәмәттуғ деген екі түрлі жолы бар.