Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қанағат қарын тойғызады,Қанағатсыздық жігіттіңжалғыз атын сойғызады. Халық даналығы.

Қанағат – бұл адам өміріндегі бақыттың маңызды алғышарттарының бірі. Өкінішке орай, көпшілігімізде бұл қасиет жоқ. Жақсы көлігіміз болып, қажеттіліктерімізді қанағаттандырса да, біз әрқашан одан да жақсы және қымбат машинаны алғымыз келеді. Үйіміз болып, жайлылығын сезінсек те, біз одан да кең үйді аңсаймыз. Мал-мүлік, киім-кешек, ұялы телефон және т.б., бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Адамдардың өзгелерге қарағанда бақуатты, сау-саламат немесе атақты болғысы келетіні заңдылық. «Мен ештеңені қажет етпеймін. Аллаға шүкір, өзімде бар нәрсеге қанағат қыламын», деп айта алатын адамдар саны өте аз.

Осы тұста қасиетті Құран аяттары бізге дүниелік нәрселерге көп көңіл бөлмеуге кеңес береді:

«Әйелдер, еркек кіндік балалар, қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал және егінжай сынды нәпсінің құмарын арттыратын дүниелер адамдардың көз жауын алатындай тым тартымды етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен бұйым-боқшасы ғана. Шүбәсіз, (адам жаны жай табатын) ең тамаша мекен Алланың құзырында» («Әли Имран» сүресі, 14-аят).

«Дүние-мүлік пен бала-шаға – қу тіршіліктің сәні. Ал мәңгі-бақи өшпейтін һәм әсте зая болмайтын иманға негізделген игі істер (сондай-ақ игі жолда жұмсалған мал-мүлік пен иманды бала-шаға) болса, Раббыңның құзырында сауап тұрғысынан да, оларға үміт арту жағынан да әлдеқайда қайырлы» («әл-Кәһф» сүресі, 46-аят).

«Біліп қойыңдар, дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан (яғни, мансап, атақ-абырой, мал-мүлік, бала-шаға һәм кескін-келбетпен мақтану) ғана, сондай-ақ көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана. … Иә, дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес» («әл-Хадид» сүресі, 20-аят).

Дүниелік заттарға алданбай, басқалардың қолындағы нәрсеге алаңдамау үшін ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеңесіне назар аударайық: «Дүние-мүлкі көп болған адамға қарама, Алла Тағаланың берген несібесіне наразылық еткен боласың. Азығын қиналып, маңдай термен тауып жүрген адамға қара, сонда Алла Тағаланың саған берген нығметіне шүкір етесің».

Қанағат ету – Аллаға тәуекел ету қасиетімен тығыз байланысты. Еңбек етіп, әрекет жасап, нәтижесін Аллаға қалдыруымыз керек. Егер пенде өзіндегі бар нәрсені қанағат тұтса және басқаларға деген қызғаныш пен өшпенділікті туғызбаса, онда оны үлкен сыйлықтар күтеді.

  1. Қанағат етушінің жүрегі Алла Тағалаға деген сеніммен, және Оның белгілеген тағдырына деген разылықпен толтырылады;
  2. Өмірінде жайлылық, тыныштық орнайды;
  3. Қызғаныш, жала, өтірік сияқты күнә атаулыдан аулақ болады;
  4. Бұл дүниеде де, ақыретте де Алла Тағалаға жақындайды және т.с.с.

Азға қанағат етуге көмектесетін кейбір ережелер:

  • «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, бізге тиесілі нәрсе, Алланың қалауымен біздікі боларына күмән келтірмеуіміз керек;
  • Жоғарыда айтылғандай, дүние-мүлкі көп адамға емес, бізден жағдайы төмен адамдарға қарап ғибрат алуымыз керек;
  • Қолда бар нәрсемізге қарап, Аллаға шүкірлік етуіміз керек;
  • Бірдеңе сатып алмас бұрын, оның құны мен маркасына емес, өзімізге қажеттілігін ескеруіміз керек;
  • Пақырларға жанашырлық танытып, біздің артық ақшамызда олардың да құқықтары бар екенін естен шығармауымыз керек.

          Қорыта келе, қанағат – ешқашан таусылмайтын қазына. Ең бай адам – көптеген материалдық игілікке ие болған адам емес, бар нәрсеге қанағаттанған адам екенін ұмытпаңыз.

Алла Тағала баршамызға қанағатшыл пенделерінің қатарынан табылуды жазсын! Әмин!

Ғабит Әбдіғаппарұлы,Еңбекші ауданы «әл-Біләл» мешітінің найб имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38