Тіршіліктегі әрбір жан иесі тал бесіктен жер бесіккее жеткенге дейін Алла Тағаланың өлшеп берген ырзығынан дәм татады. Алла Тағала қасиетті Құранның Фатырс сүресінің 3-аятында:

يَا أَيُّهَاالنَّاسُ اذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ هَلْ مِنْ خَالِقٍ غَيْرُ اللَّهِ يَرْزُقُكُم

مِّنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ فَأَنَّى تُؤْفَكُونَ

 «Өздерің айтыңдаршы, сендерге көктен және жерден ризық беретін Алладан өзге жаратушы бар ма?»  деп айқын атап көрсетеді.

Әрине бұл орайда әрбір пенденің бұйырған несібесін адал жолымен, маңдай терімен тапқаны абзал екенін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі қоғамда елге алақан жайып, сұқ көзін қадап отыратындар да кездесіп жатады. Әрине, қиындықта қалған жанның барлығын бірдей кержалқауға жатқыза алмаймыз. Әйтсе де, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетін, алақанын ойып күрек ұстауға арланатын, өз еңбегіне емес өзгенің «мейіріміне» сүйенетін жандар кездеседі. Он екі мүшесі түгел, денсаулығы жарамды, тепсе темір үзетін кейбіреулердің жаутаңкөзденіп отырғанын асыл дініміз құптамайды.

Пайғамбарымыз с.а.с. қайыр сұраған сахабасына төсеніші мен ыдыс-аяғын сатқызып, жарты ақшасына тамақ алғызады. Қалған жартысына балта алғызады. Әлгі сахаба сол балтасымен отын шауып, оны базарға сатып аздап қаражат жинайды. Қолына ақша түскен соң, ары қарай тынымсыз еңбектеніп, қатарға қосылып кеткен. Бұл асыл Пайғамбарымыздың с.а.с. адам баласын сұғанақтықтан аулақ болуға шақырған алтынға бергісіз сабағы болатын.

 «Маңдай теріңмен табыс табуың ақырет  күні пешенеңдегі қайыршылық табынан әлдеқайда қайырлы. Тіленшілік тек шарасыз қалған жағдайда, қарызға белшесінен батқан немесе адамды құрдымға кетіретін кісі өлтірудің бодауын төлейтін жағдайларда ғана болады»  деген екен Пайғамбарымыз с.а.с. әлгі сахабаға.

Алла Тағала Құран-Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُواْ لِلّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар.» деп нәпақаңды адал кәсіппен табуға бұйырады. Алла Елшісінен сахабалары: Уа, Алланың Елшісі! Қандай табыс адал (таза)?» деп сұрағанда, Хақ Елшісі: Адамның маңдай тері төгілген заңды сауда – ең таза табыс», деп жауап берген.

«Кей жігіт арсыздықпен, ұятсынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.

Орынды іске жүріп, ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.

Қасиеті болмайды ондай жігіт

 Әншейін құр бекерге бұлғақтаған» дейді қазақтың ұлы ақыны Абай. Ұлтының келешегі үшін жанын ауыртқан ақын сонау заманда ақ «Еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» деп ескертеді.

Дәуіт пайғамбар ел танымастай киіммен көпшіліктің арасына кіріп, «Дәуіт деген қандай адам?» деп сұру салып жүреді екен. Бірде оған Жәбірейіл періште жас жігіттің кейпінде келіп, «Дәуіт жақсы адам. Бірақ ол ішіп-жемін үкімет қазынасынан алады» деп жауап береді. Алланың адал құлы сол арада «Уа Жаратушы Ием! Мені үкіметке масыл етпей, несібемді табатын кәсіп үйретші» деп жалбарынады. Алла Тағала сүйген құлының тілегін қабыл етіп, Дәуітке сауыт жасауды үйреткен. Асыл пайғамбар Дәуіт сол кезден бастап темірші ұстаға айналады.

Бұл мысал адалдықты бағытына шамшырақ еткен әрбір момынның жебеушісі, де, тура жолға салып, адал ризық берушісі де Алла Тағала екеніне айқын мысал. Көрінгенге жайған қолыңды Аллаға жайып, шын ниет, пәк жүрекпен тілесең, Алла тағала тілегіңді жерде қалдырмасы анық. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп тапқан кәсіптің берекесі болмайтыны белгілі. Қайнаған ыстықта мал бағып, бау-бақша өсірген, қыстың суығына тоңып қара жұмыс істеген жандардың маңдайынан тамған әр тамшы тері бұл дүниеде рақатқа, ақыретте сауапқа кенелтетіні ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

 وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَىٰ  وَأَنَّ سَعْيَهُ سَوْفَ يُرَىٰ  ثُمَّ يُجْزَاهُ الْجَزَاءَ الْأَوْفَىٰ  وَأَنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الْمُنتَهَىٰ 

«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» дейді.

«Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» дегендей, нарық заманы босағадан аттаған алғашқы жылдары ала сөмке арқалаған аналарымыз, ауыр бейнетте жүріп, арба сүйреген, қаншама қиналса да ардан аттамаған ағаларымыз болды. Адалдығын ары мен намысына ту еткен сол бір асыл жандар бүгінгі кейбір қол жайғыштарға үлгі болса игі. Алла Елшісі с.а.с. үмметін қанағатқа, адалдыққа үйретті.  Көзі жұмылғанша тірі жаннан садақа алмады. Мұсылман баласын масыл болудан сақтандырып, әркімнің өз еңбегімен өмір сүруін қадағалап өтті. Қайыр сұрау – азаматтыққа сын екенін ескертті. Демек әрбір мұсылман Аллаға сйынып, тәуекелін серік етіп өзіне лайықты кәсіпті игергені абзал.

«Ей, иман келтірушілер! Екі жақтың ризашылығына сүйенген саудадан басқа, мал-мүліктеріңізді харам жолдармен, араларыңда (алып-сатып) жемеңдер және өздеріңді өлтір-меңдер! Алла сендерге өте мейірімді» дейді Алла Тағала.

Пайғамбарымыз с.а.с. бір хадисінде «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» десе, тағы бір хадисінде «Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күн көріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады» деген. Тағы бір хадисінде «Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады» деп еңбегі адал үмметін суаппен қуантады.

Сағыд ибн Муаз р.а. отбасын адал еңбегімен асырау үшін, қара жұмыс істеп, қолы тілімденіп кеткен сахаба еді. Пайғамбарымыз с.а.с. бірде Сағыдтың қолын қысып тұрып: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді. Лұқпан хәкім өз баласына: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады. Біріншіден, дінін әлсіретеді, яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», – деп өсиет қалдырған екен. «Еңбек шыққан жерден — төзім де шығады» дейді заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов. Адам адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленіп, келешекке өмірін  ғибрат етіп қалдырады. Әр мұсылман ғұмырында тағдыр маңдайына жазған қиындыққа да, бейнетке де сабыр ете білсе, төзімділік пен қайсарлықты жолдас етеді. Еңбек қиындықсыз орындалмайды. Сондықтан да қазақ халқы «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» дедеген. Еңбектің арқасында әр адам бақытын тауып, даналықтың, даралықтың негізін қалайды. «Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады» дейді халық даналығы.

«Ақ жүрек пен Таза ақыл,

Қылсаң Адал еңбек.

Бәрінен де сол мақұл –

Артқыға жол бермек.

Арсыздардың түкке тұрмай

Арам ойы жойылып,

Аяғында хақиқатты 

Бұл үшеуі жеңбек» дейді Шәкәрім бабамыз. Хадис шәрифтерде: «Жұмыс істемей, өзін садақа сұрайтындай жағдайға түсірген адам 70 нәрсеге мұқтаж болады», «Мұқтаж болмаса да тіленген адам оттың жалынын жұтқан адам сияқты», «Мал-мүлік жинау үшін тіленген адам оттың жалынын тілеген болады» деп еңбексіз келген нәпақаның ақыретте қаншалықты ауыр болатынын айшықтап көрсетеді.

Дүние мен ақиреттің қос шылбырын тең ұстаған асыл дінімізде  құлшылық, ғибадат істермен бірге адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпауға шақырады. Алла Тағала Құранда: «وَقُلِ اعْمَلُواْ فَسَيَرَى اللّهُ عَمَلَكُمْ وَرَسُولُهُ وَالْمُؤْمِنُونَ وَسَتُرَدُّونَ إِلَى عَالِمِ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ فَيُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ  »  «(Уа, Пайғамбар) Еңбектеніңдер, істеген істеріңді Алла мен Елшісі және мүміндер көретін болады. Содан соң көмескі мен әшкерені де Білуші Аллаға қайтасыңдар да, Ол сендерге не істегендерің жайлы мәлімдейді деп айт» деп бұйырады. Бірде Пайғамбардың с.а.с. қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің с.а.с. сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі с.а.с. «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол — Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, рияшылдықпен, мақтану мақсатында шықса, ол —  шайтанның жолында», − деп жауап береді. Абдулла ибн Масғұдтан р.а. жеткен риуаятта Алланың Елшісінің с.а.с. «Адал пайда табуға талпыну — парыздан кейінгі парыз», – дегені айтылады. Демек әрбір мұсылман баласы жарық дүниеде Алланың тегін ауасын жұтуға мүмкіндігі болып тұрған кезде бар күш жігерін адал кәсіпке жұмсауы ләзім. Оңай жолмен нан табудан арылып, өзіне, отбасына, қоғамға, ақыретіне сауап жинаудың жолына түссе ғанибет. Маңдай теріңді көлдей орамалмен сүртіп қойып, ешкімге жалтақтамай, жалбарынбай, аппақ арыңмен, адал жолыңмен келген несібеңді кертіп жеп отырғаннан артық рақат болмас, сірә.

Сабыров Сайдрасул,
Шымкент қ, «Абу Райхан Беруни» мешітінің имамы

  • Пайдаланған әдебиеттер:
  • Фатырс сүресі, 3 аят
  • Әнес б. Малик
  • Бақара, 172
  • Рафи Бин Хадиж
  • Абай Төртінші қара сөзі
  • «Нәжім» сүресі, 39-42 аяттар.
  • «Ниса» сүресі, 29-аят.
  • www.muftyat.kz
  • Таборани, әл-Муғжам әл-Аусат 1/38.
  • Байһақи, Иджара 15.
  • Әбу Дәуд, Бұюғ 1.
  • Тирмизи
  • Бәйһақи
  • Мүслим
  • Тәубе сүресі, 105-аят.  
  • Табарани риуаят еткен.

от Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий