Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Артына қалдыратын лайықты бірер өсиет нәрсесі болған мұсылман кісінің өсиетін жазбай екі кешті өткізуі дұрыс емес». Термези риуаяты.
Ибн Омар (р.а.): «Пайғамбардың (с.а.с.) бұл сөздерін естігеннен бері жанымда жазылған өсиетім болмай бір кешті де өткізгенім жоқ», –дейді.
Хадистен ғибрат
- Адам қашан ажалы жетіп, дүниеден өтетінін білмейді, сол үшін мойындағы қарыздарды, аманаттарды алдын ала жазып қоюы керек.
- Мүмін кісі әрқашан өлімге дайын болуы керек.
- Абдулла ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиет жайында айтқан сөздерін естігенінен кейін тез арада өз өсиеттерін жазып қойған. Сонысымен басқаға жақсы үлгі бола білді.
- Өлмей тұрып артындағы ұрпағына, ел-жұртына өсиет қалдыру пайғамбарлардың сүннеті, дегдарлардың дағдысы. Құран Кәрімде өсиет айтудың көріністері берілген.
«Ибраһим мен Жақып та осыны балаларына өсиет етті. Жақып: «Уа, балаларым! Алла сендер үшін дінді таңдады. Сондықтан да дүниеден мұсылман болмай өтпеңдер», – деді. Әлде сендер Жақыпқа өлім таяған сәтке куәгер болып па едіңдер? Сонда ол балаларына: «Менен кейін кімге құлшылық қыласыңдар?» – деді. Олар: «Біз сенің Құдайыңа және аталарың Ибраһим, Исмаил және Ысқақтардың Құдайына – бір Құдайға ғана табынамыз әрі біз соған ғана мойынсұнамыз», – десті» (Бақара, 132, 133).
Расында да барлық пайғамбарлардың артындағыларға қалдырған өсиеті – Алланың жолынан ауытқымай, Оған ғибадат етуде басқаны ортақ қоспау болатын. Лұқман Хакімнің де ұлына айтқан басты өсиеті осы болатын.
«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә», – деді» (Лұқман, 13).
Шымкент қаласы орталық мешіті