Ибраһим пайғамбардың әйелі Ажарды ұлы Исмаилмен бірге Мекке маңына апарып тастағаннан бері біраз жылдар өтеді. Исмаил көшпелі араб тайпаларының ортасында ер жетеді. Жігіттік шаққа жеткенде үйленеді.
Бірде Исмаил үйде жоқта алыстан әкесі Ибраһим келеді. Келінінен ұлын сұрайды. Ол: «Ризық іздеп кеткен», – дейді. Сосын Ибраһим одан тұрмыс жағдайлары, тіршіліктері туралы сұрайды. Исмаилдың әйелі: «Несін сұрайсыз? Жағдайымыз қиын, тұрмыстың тауқыметін тартудай-ақ тартып жатырмыз», – деп шағымданады. Сонда Ибраһим келінімен қош айтысып: «Исмаилға сәлем айт! Мына есігінің босағасын ауыстырсын», – деп жүріп кетеді. Кешке қарай Исмаил үйіне келеді. «Үйге біреу келді ме?» – деп сұрайды ол әйелінен. Әйелі: «Иә. Бір шал келді. Тұрмысымыз туралы сұрады. Мен жағдайымыздың мәз емес екендігін айттым», – деп баяндайды. «Ал ол маған сәлем айтпады ма?» – деп сұрайды Исмаил. «Иә, айтпақшы, саған мына есігінің босағасын өзгертсін деп сәлем айтты», – дейді әйелі. Сонда Исмаил: «Е, ол менің әкем еді ғой. Ол маған сенен ажырассын деп тапсырыпты. Сен оған ұнамапсың. Бар, еліңе жетіп ал!» – деп әйелімен ажырасады.
Арада біраз уақыт өтеді. Исмаил басқа бір әйелге үйленеді. Бірде тағы да ұлы үйде жоқта әкесі Ибраһим келеді. Келсе үйде келіні ғана отыр екен. Ибраһим одан баласының қайда екендігін сұрайды. Әйелі: «Ол ризық іздеп кеткен», – дейді. Сосын атасы келінінен хал-жағдайларын сұрайды. Сонда келіні: «Әлхамдулилләһ – Құдайға шүкір, жақсымыз», – дейді. Ибраһим: «Жейтін тамақтарың бар ма?» – деп сұрайды. Келіні: «Бар тамағымыз – ет», – дейді. «Ішетін сусындарың не?» – деп сұрайды атасы. Келіні: «Сусынымыз – қара су», – деп жауап береді. Сонда Ибраһим: «Алла сол ет мен судың берекесін берсін!» – деп бата береді. Сосын: «Исмаилға сәлем айт! Мына босағасын берік ұстасын», – дейді де жүріп кетеді. Кешке қарай түзден Исмаил оралады. Ол әйелінен: «Үйге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, жылы жүзді бір қария келді. Ол сен туралы, тұрмысымыз туралы сұрады. Мен Құдайға шүкір деп жауап бердім», – дейді. «Маған ешқандай сәлем айтпады ма?» – деп сұрайды Исмаил әйелінен. «Иә, мына есігінің босағасын берік ұстасын деп сәлем айтты», – дейді әйелі. Сонда Исмаил: «Ол – менің әкем. Оның айтқан босағасы – сен. Сені жақсы ұста дегені. Яғни, сен оның көңілінен шығыпсың», – деген екен.
Шымкент қаласы орталық мешіті