Ислам бойынша үйленудің мұсылман қоғамы үшін де, жалпы үмбет үшін де көп пайдасы бар. Солардың біразы төмендегідей:
а) Адамзат ұрпағын сақтау. Үйлену – жалпы адамзаттың сақталуының бірден-бір кепілі. Үйлену арқылы адамзат тегі көбейіп, тұқымы жойылмай, толқын-толқын болып ұрпақ соңынан ұрпақ ауысып, көбейе береді. Құран Кәрімде де үйленудің осы бір хикметі назардан тыс қалмаған. Алла Тағала былай дейді:
«Алла сендерге өздеріңнен жұбайлар жасады, сол жұбайларыңнан балалар, немерелер берді» (Нахыл, 72).
ә) Текті сақтау. Үйленудің арқасында ұрпақтар ауысып, олар өз тектерін білетін болады. Егер де үйлену болмағанда адамдар әкесі кім, тегі кім екендігін біле алмай, шежірелерін тарқата алмай дал болар еді. Бұл тұрғыдан алғанда үйлену азғындыққа, зинақорлық пен жезөкшелікке айқын тосқауыл.
б) Қоғамдық ахлақты сақтау. Үйлену қоғам мүшелерін ахлақтық, адамгершілік ұстанымдар мен қағидаттардан шығып кетуден сақтайды. Яғни, адал жолмен бас қосып, отбасы болу арқылы Құдай Тағаланың қалауын іске асырып, ізгі мінез-құлыққа, мұсылмандық әдепке қалыптастырады.
в) Аурулардың алдын алу. Үйлену некесіз, харам қарым-қатынас пен зинақорлық салдарынан тарайтын сифилис, СПИД сияқты адамзаттың болашағына қатер төндіретін ауру түрлерінің алдын алады.
г) Рухани әрі психологиялық жай табу. Үйлену арқылы жұбайлардың арасында сүйіспеншілік пен мейірімділік қатынас орнайды. Күні бойы жұмыста болып, кешке үйіне оралған ер кісі жанұясымен жолығып, көңілі жай табады, жанұясының нәпақасын табу жолындағы күні бойғы шаршауы лезде басылады. Сол сияқты жұбайы да шаршап келген жарын қуана қарсы алып, көңілдері қуанышқа бөленеді. Осылайша үйлену арқылы жұбайлар арасында сүйіспеншілік, махаббат берік орнығады. Бұл – Алла Тағаланың адамды әу баста жаратқандағы қағидасы. Құран Кәрімде былай делінген:
«Оның (Алла Тағаланың) белгілерінің бірі – сендердің өздеріңнен, олардан тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратуы әрі араларыңда махаббат пен мейірім орнатуы. Шындығында мұнда ойланған адамдар үшін белгілер бар» (Рум, 21).
Сондай-ақ, бұған дана ақынымыз Абайдың Құдай Тағаланың адамзат баласын махаббатпен жаратқандығы жайында айтқан мына пікірі де дәлел.
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
ғ) Жұбайлар арасындағы ынтымақ. Үйлену арқылы жұбайлар арасында үлгілі отбасын құру, ұрпақ өрбітіп, тәрбиелеуге байланысты ынтымақтастық туады. Әйел өз табиғатына сай үй ішіндегі істерді, тәрбиені қолына алса, ер кісі жаратылысына сай отбасының ауыртпалығын өз мойнымен көтереді. Осылайша жұбайлардың әрбірі өз жауапкершілігін сезініп, ынтымақтаса тіршілік етеді. Өмірдің қандай жағдайларда да бір-бірлеріне сүйеніш болады.
д) Ата-аналық сезімнің қалыптасуы. Үйлену, балалы болу арқылы жұбайларда аталық, аналық ұлы сезім пайда болады. Бойларын аталық, аналық мейірім-шапағат кернейді. Балаларының жай-күйін, болашағын ойлап, солардың қамын жейді. Қай ата-ана да ұрпағының жақсы болуын қалайды. Балаға деген махаббат жөнінен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде үлкен үлгі бар. Ол (с.а.с.) өзінің немерелері Хасан мен Хүсейінді құшақтап, әрдайым емірене сүйіп отырған.
Шымкент орталық мешіті