Қазақ халқы ержүрек, батыр халық. Ата-бабалары кең жазиралы салқар даланы кейінгі ұрпаққа мұра етіп, аманат етіп қалдырды. Отан мен жер үшін, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» талай заманды аттың жалында, түйенің қомында өткізді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен атамекенді анталаған дұшпандардан қорғап қалды. Сол үшін Алла Тағала оларға кең даласына лайықты кең пейіл берді, сол жерді қорғап қалу үшін ержүректілік, батырлық қасиет берді.

Қым-қуыт замандарда туған жерін, атамекенін қорғаудан аянбаған қазақ жұрты батырлықты, ержүректікті ер жігіттің ең басты қасиеті деп бағалаған. «Бағы тайған елдің батыры болмас» деген нақыл сөз қалдырған. Ерлікті бағалап, ездікті сынаған. «Ер бір өледі, қорқақ күнде өледі», «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген сықылды нақыл сөздермен жас ұрпақты батыл болып өсуге, Отан қорғауға дайын болуға баулыған.

Ұлтымыздағы осындай игі дәстүрлер дініміздегі игі өсиеттермен астасып жатыр. Оған төмендегі риуаяттар дәлел.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «شَرُّ مَا فِي الرَّجُلِ: شُحٌّ هَالِعٌ، وَجُبْنٌ طَالِعٌ». رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ер адамның бойында ең нашар қасиет: беймаза сараңдық және сужүрек қорқақтық».[1]

Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне қорқақтық, сараңдық сияқты нашар сипаттардан аулақ болуды өсиет етті. Сондай теріс мінездерден сақтанудың дұғасын үйретті.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْجُبْنِ وَالْبُخْلِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Алла Елшісі (с.а.с.) бір дұғасында: «Уа, Алла! Өзіңнің атыңмен қорқақтықтан және сараңдықтан сақтанамын», – деген[2].

Адамзаттың асылы (с.а.с.) күшті, батыл мүміннің жігерсіз, әлжуаз мүміннен анағұрлым артық болатындығын айтты. Рухани дәрменсіздікке салынудан сақтандырды.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُلْ قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ، فَإِنَّ «لَوْ» تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса, «егер былай істегенімде олай болмас еді» деп айтпа, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады»[3].

Пайғамбар (с.а.с.) қиын-қыстау шақтарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сахабалары кескілескен ұрыстарда қаһармандығына куә болды, оны өздеріне пана тұтты.

عَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: «كُنَّا إِذَا احْمَرَّ الْبَأْسُ، وَلَقِيَ الْقَوْمُ الْقَوْمَ، اتَّقَيْنَا بِرَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَمَا يَكُونُ مِنَّا أَحَدٌ أَدْنَى مِنَ الْقَوْمِ مِنْهُ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Майдан даласында ұрыс қызған кезде, екі топ бетпе-бет кездескенде біз Алланың Елшісін (с.а.с.) қалқалап жүретін едік. Арамызда дұшпанға ең жақын тұрған адам сол кісі болатын», – деген[4].


[1] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[2] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[3] Мүслім риуаят еткен.

[4] Ахмет риуаят еткен.

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті. «Дін мен дәстүр» кітабы.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38