Қазақ халқында әдептілік, сыпайылық тәрбиедегі басты ұстанымдардың бірі. Адамның қандай жағдайда да әдептілік сақтауы ұнамды қасиет. Халқымыздағы әдептіліктің, кішіпейілділіктің бір көрінісі үлкенді сыйлау, құрметтеу, «сіз» деп сөйлеу, атын атамай, есімінің соңына еке деген сыпайылықты білдіретін жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек − Қазеке, Дәулет − Дәуке, Бауыржан − Бауке деген сияқты. Мұндай жұрнақ басқа тілдерде кездеспейді. Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л.Баллюзек те байқап былай деп жазған: «Қазақтардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы».
Үлкен кісіге «сіз» деп сөйлеу де әдептіліктің белгісі еді. Ежелден қалыптасқан осы әдептіліктің ептеп жойылып бара жатқаны жанға батады.
Дәстүрімізде әйелдер де күйеулерінің атын атамай «отағасы», «әкесі» деп сыпайы сөйлеген. Сондай-ақ, ата-енесінің, қайын інілері мен сіңлілерінің есімдерін атамаған. Үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) бір сөзінде сыпайылықтың сынын суреттейді:
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тоның түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Сонымен қатар, халқымызда шәкірттер де ұстаздарының алдын кесіп өтпей, көрген жерде құрмет көрсеткен. Сондай-ақ, үй иесі жоқ кезде, отауда ер адам болмағанда басқа ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген. Қазақ даласының мызғымас заңы осындай болатын.
Осы айтылған қағидалардың барлығы қазақ қоғамындағы шынайы сыпайылықтың, әдептіліктің айғағы. «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше, шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше» деп сәлеміне қарай әдебін жасаған дала халқы кішіпейілдікті кісіліктің төресі деп санаған. Қазақтың діліне сіңісті болған осы тақылеттес салиқалылық сипаттары нағыз мұсылмандық ахлақтың аясына кіреді. Айғақ ретінде талай аят пен хадисті мысалға келтіруге болар. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مَاْ كَانَ الرِّفْقَ فِي شَيْءٍ إِلا زَانَهُ، وَلا يُنْزَعُ مِنْ شَيْءٍ إِلا شَانَهُ». رَواهُ مُسلِم وأبُو داودَ.
Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Қандай істе жұмсақтық болса, ол (сол істі) көркейте түседі, ал қай істе ол болмаса, оның дәрежесін түсіреді»[1].
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أُعْطِيَ حَظُّهُ مِنَ الرِّفْقِ أُعْطِيَ حَظُّهُ مِنْ خَيْرِ الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَمَنْ حُرِمَ حَظُّهُ مِنَ الرِّفْقِ حُرِمَ حَظُّهُ مِنْ خَيْرِ الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім жұмсақтықтан бір үлес алса, ол дүние мен ақыреттің қайырлығына ие болады. Кімде-кім жұмсақтықтан мақұрым қалса, ол дүние мен ақыреттің қайырлығынан мақұрым қалады», – деген[2].
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَرَادَ اللهُ بِأَهْلِ بَيْتٍ خَيْراً أَدْخَلَ عَلَيْهِمُ الرِّفْقَ». رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالْبَيْهَقِيُّ.
Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла егерде бір үйге қайырлылық қаласа,
олардың арасына жұмсақтық кіргізеді»[3].
[1] Мүслім, Әбу Дәуіт риуаят еткен.
[2] Мүслім риуаят еткен.
[3] Ахмет, Бәйһақи риуаят еткен.
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті. «Дін мен дәстүр» кітабы.