ХАЛАЛ АСПЕН АЗЫҚТАНУДЫҢ ПАЙДАСЫ

Қазыбек Сарыбаев, Шымкент қалалық орталық мешіттің найб имамы

      Қазақ қашанда адалдықты ерекше бағалаған. Сондықтан да жарының, досының, еңбегінің тіпті ішер асының, адалдығы ұлтымыз үшін қасиетті құндылықтар. Халқымыз, әділдік пен даналықтың ұрпағына ана сүтімен, ана омырауына сіңген адал асымен даритынын дөп баса білген. Құнанбайды дәретсіз емізбеген асыл әже ұлы Абайдың өмірге келуіне себепші болды емес пе. Адалдығына көлеңке түсірмеген анадан туылған Кенесары  тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізей өтті.

      Дастарқанын ерекше қастерлейтін қазақ «бисмилләсіз» ас алмайды. Тіпті дала заңында қонаққа тартылған еттен без шықса, үй иесіне ат-шапан айып салынған. Осыдан-ақ біздің ас адалдығына, тазалығына қаншалықты мән бергеніміз айқын аңғарылады.

      Ғылымы жетілмегендей көрінетін ықылым заманда-ақ ұлтымыз ненің адал ненің харам екенін тап басып тани білген. Бүгінгі ғылым мал денесіндегі жоғарыда аталған бездерді жеуге болмайтындығын да дәлелдеп отыр. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деген-ді. Сондықтан да мұсылман баласы ішіп-жеміне, асының адалдығына аса мән беруі керек.

      Қазақ халқының түнде беті ашық қалған тағамды пайдаланбайтыны да шариғатымыздан бастау алған таным болса керек. Себебі «Ыдыстарыңның бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауыруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауыруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі» деген Пайғамбарымыз с.а.с.

Алла Тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігі үшін жаратқан, солардың адалын теріп жеу адамзат үшін парыз. Раббымыз арамынан аулақ болуды Құранда қатаң ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168)

«Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы хадис адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін білдіреді.

Әбу Абдулла Бажи: «Бес қасиетпен іс кемеліне жетеді: Аллаға иман ету, ақиқатты тану, ықыласпен еңбек (ғибадат) ету, құлшылық сүннетке сай болуы және адал ас. Осы бес қасиеттің бірі табылмаса, құлшылық Алла құзырында қабыл болмайды», – деген екен.

      Ислам ғалымдары әрбір астың рух пен мінез-құлыққа ерекше әсерін тигізетінін дәлелдеген. Адамның күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, тәрбиеге жеген асының тікелей қатысы бар. Хараммен қоректенген адам жағымсыз қылықтарға үйірсек келеді. Имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізген баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін айтқан. Сондықтан баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен. Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зеренің тектілігіне тәнті боласың осындайда.

Дінімізде мынандай бір ғибратты әңгіме бар:

      «Баяғыда үлкен ғұлама адамға бір сүт сататын әйел  келіп: «Сіздің балаңыз күнде шелегімді бізбен тесіп тастайды. Бала-шағамды бағатын күнделікті күнкөрісімнен қағылып жүрмін», — деп баласының үстінен шағым айтады. Әйел кеткен соң ғалым бала тәрбиесінде қай жерден қателік жібердім деп қатты ойланады. Кешке үйге келген соң әлгі оқиғаны әйеліне айтып, мүмкін бала тәрбиесіндегі жіберген қателігімізді сен байқаған шығарсың? – дейді. Әйелі ұзақ ойланып отырып: «Енді есіме түсті. Осы балаға ауыраяқ кезімде лимонға жерік болдым. Бірде көршінің үйіне кірсем, үйінде ешкім жоқ екен. Дастарханда бір табақ лимон тұр. Қызығып кетіп, біреуін инемен тесіп, шырынын сорған едім», — дейді. Сонда ғалым қателіктің қай жерден кеткенін түсініп, сүт сатушыдан кешірім сұрап, сүттің ақысын қайтарып берген екен.

      Сондықтан халал ас жеудің пайдасы, оның қоғамға тигізер әсері, түрлі аты жаман аурулардың алдын алу үшін харам етілген нәрселерді пайдаланбаудың маңызы зор.

      Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.)  таңға дейін ұйықтай алмай, түні бойы уһіліп шықты. Таңертең жары: «Пайғамбарым, түнде бір жеріңіз ауырды ма? Қатты қиналып шықтыңыз ғой», – деп сұрайды. Хақ пайғамбар: «Жатар алдында бір құрманы жеген едім. Кейін үйде садақа мен зекет құрмалары да болып жататыны есіме түсті. Осы құрма солардың бірі болса қайтемін деген ойдан таң атқанша көз ілмедім» дейді.

      Халалдың қоғам үшін атқаратын қызметтері көп. Тіпті денсаулық саласында да адал астың орасан пайдасы бары ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен сараптама жүргiзген. Сараптама қорытындысы әлем бойынша түрлi аурудың 60 пайызының өлiмi дұрыс тамақтанбаудан, екенін көрсеткен. Мұсылманға харам етілген шошқаның етінен қаншама аруру тарайтыны ғылымнан белгілі. Арам өлген малдың тамырында қатқан қанның зияны да дәлелденіп отыр.  Демек, халық денсаулығының деңгейiн анықтайтын негiзгi фактор — тағам проблемаларымен астасып жатыр. Дәл қазiргi кезде белең алып отырған жүрек-қан тамырлары аурулары да осы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан өсуде.

  • Тәжiрибе бойынша, әрбiр екi өлiмнiң бiреуiнiң өмiрiн дұрыс тамақтануға байланысты сақтап қалуға болады,- дейді академик-ғалым Төрегелдi Шарманов.

      Яғни, қазақ «тәні саудың жаны сау» деп бекер айтпаған. Адам денсаулығына әсер ететін әлеуметтік факторлардың 50 пайызы тағамға байланысты екенін ескерсек,  әр адамның денсаулығы оның адал тамақтануына тікелей ықпал етпек. Осы орайда «ауру астан» дейтін қазақ философиясының тереңдігіне еріксіз бас шайқайсың.  Тіпті қымыз бен шұбаттың бабында сақталуы үшін оның ыдысын ойлап табуы, мал бауыздағанда жаны шықпай жұлындатпайтыны, құбылаға қаратып бисмилланы айтуының өзі көрегендік емес пе. Сириялық дәрігерлер үш жыл бойы «бисмилла» айтып бауыздалған және жай бауыздалған жануарларды зертеген. Сонда «Бисмилла Аллаһу Акбар» айтылмай сойылған ет жасушалары бактерияға толып кеткенін анықтаған. Ал «бисмилла» айтылған мал етінде бактериядан таза болған. Демек, астың адалдығы имандылықтың көрінісімен бірге, салауатты өмір салтының алғашқы баспалдағы болмақ.

      Шаддад ибн Аус (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында, Алла Тағала әр істі жақсы деңгейде атқаруға бұйырған. Егер өлтіру (керек болса) жақсы (оңтайлы, дұрыс) тәсілмен өлтіріңдер. Ал, мал соятын болсаңдар жақсылап бауыздаңдар. Пышақ жүзін өткірлеп, сойылатын малды азаптан құтқарыңдар», – деп (Муслим) көрсетілген. Демек бабалар тәжірибесі Пайғамбар өсиетінің жалғасы іспеттес.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Halaldamu.kz

2.Abai.kz

3.Adyrna.kz

4.Lenta.inform.kz

5.«Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабынан

6.old.baq.kz

7.e-islam.tarmpu.kz

 8.(Ихияу улумуд дин, 3-т., 165-б.).  9.(Сахих Муслим).

Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий