Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «підия» деп аталады. Алла Тағала:«Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек»[1] деді.

Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. Підия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның мөлшері қазіргі таңда ең азы 2500 (мың) теңге деп белгіленді[2].

Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Егер підия беруге жағдайы болмаса, төлемнен азат етіледі, Алла Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген підиясы жойылады[3].

Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді. Өйткені, підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт[4].

Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан підия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады[5].

Рамазан айының күн сайынғы оразасы үшін підия беріледі. Підияны өлі адамды жерлегеннен кейін беруге болады, бірақ жерлемей бұрын берген абзал. Егер ораза ұстаған адамның ауру, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін рамазан айынан кейін толтырып береді. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға шейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны рамазан айынан кейін өтейді.


[1] «Бақара» сүресі, 184-аят.

[2] Підия пітір садақаның мөлшерімен де есептеледі.

[3] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/227.

[4] «Радд әл-мұхтар», 2/427.

[5] «Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 286. 

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38