Телепатия дегенде адамның өз ойы мен сезімдерін басқа адамға сезім мүшелері мен физикалық ортаның қатысынсыз жеткізу қабілеті түсініледі. Мысалы, алдағы уақытта болуы мүмкін оқиғаларды алдын-ала сезіп-білу, бір адамның басқа біреумен немесе егіздердің телепатикалық байланысы және басқа да метафизикалық тәжірибелер.
Арада байланыс жоқ бола тұра әрі бір-бірінен алыста бола тұра бұл істер қалайша жүзеге асады? Бұл адамды өз-өзімен іштей табыстыратын, сөйлестіретін рухтың болғанын көрсетеді. Телепатия – рухқа қатысты ілім. Алайда Құран Кәрімде: «Олар сенен рух жайлы сұрайды. Оларға: «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», – деп айт», – делінген («Исра» сүресі, 85-аят).
Яһудилер рух жайында Алладан басқа ешкім жауап бере алмайтынын бұрыннан білген. Өйткені Тәурат кітабында бұл туралы мәлімет келген болатын. Олар құрайыш мүшріктеріне «Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рух жайында сұрап, жауап берсе, оның пайғамбар болмағаны, ал жауап бермесе, оның шын пайғамбар екені дәлелденеді» деп үйретіп жібереді. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шын пайғамбар болғандықтан, рух және оның мәні туралы ештеңе білмейтінін, ол тек Аллаға мәлім екенін айтты.
Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын) халифалық кезінде мынадай оқиға болған. Халифа Омар Мәдина қаласында жұма күні құтпа оқып тұрғанда, дәл сол кезде Шам өлкесінде жаумен алысып жатқан қолбасшы Сария ибн Заним (Алла оған разы болсын) арасында рухани байланыс орын алады. Шайқаста жау басым келіп, мұсылман әскеріне қауіп төніп тұрған кез болатын. Сонда Омар: «Уа, Сария, тауға бекініңдер!» – деді. Сария Омардың даусын естиді және солай істейді. Нәтижесінде мұсылмандар жеңіске жетеді. Бұл жағдайға жұма намазына жиналған мешіттегі сахабалар да, шайқасқа қатысқан сахабалар да куә болған.
Бірақ ғалымдар бұл жағдайды телепатия емес, Алла Тағаланың құдіретімен іске асқан кереметі деп түсіндіреді. Өйткені біз, мұсылмандар, «пайғамбарларға мұғжиза, әулиелерге керемет берілуі – хақ» деп иман келтіреміз. Демек керемет пен телепатия екі бөлек нәрсе.
Сондай-ақ мұндай жағдай шайтан тарапынан да жүзеге асуы мүмкін. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы шыққан, сосын Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) дәуірінде өлтірілген Мүсәйләмәт әл-Кәззаб есімді кәпірге шайтан сыбырлап, адамдар туралы керекті мәліметтерді жеткізіп отырған.
Қорыта айтқанда, мұсылман адам телепатияны үйренуге, ізденуге және қолдануға қызықпау керек. Тіпті біреу осы арқылы ғажап нәрсе көрсетіп жатса да, оған таңғалмау қажет. Ғалымдар телепатия үйренудің, тәжірибеде қолданудың дұрыс еместігін мына себептерге байланыстырады: оны ілім деңгейіне көтерудің ешбір пайдасы жоқ; адам денсаулығына және психикалық жағдайына зиян; оның кейбір пайдалы тұстары болғанымен жаман әрі пайдасыз, қажетсіз жақтары өте көп; әруақтармен байланыс құрамын деген сылтаумен, алдауға және алаяқтыққа жол ашуы мүмкін.
Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №4, 2021 жыл