С:Күмістен зекет берудің парызы болған мөлшері қандай?
Ж: Егер қосынды салмаға екі жүз дирхем (595г.) болатындай күміске ие болып, осы иелігіне ай күнтізбесімен есептегенде бір жыл өткен болса оннан бірінің ширегін (2,5%), яғни әрбір екі жүз дирхемнің бес дирхемін (14,875г.) зекетке беру тиіс.
С: Күміс мөлшері екі жүз дирхемнен асып кетсе зекетін қалай шығарады?
Ж: Әбу Ханифаның айтуынша екі жүздің үстіндегісі қырық дирхемге жетпейінше ештеңе берілмейді. Қырыққа жетсе тағы бір дирхем береді. Әрі қарай да осылай есептеледі, яғни әрбір қырық дирхемнен бір дирхем. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірінше үстіндегі қосымшасы қырық дирхемге жетсе де, жетпесе де зекетін есептеп шығару керек.
С: Алтыннан берілетін зекеттің мөлшері қанша?
Ж: Жиырма мысқал (85г.) алтынға ие болғанына бір жыл өтсе жарты мысқалын зекетке береді. Жарты мысқал жиырма мысқалдың оннан бірінің ширегіне (2,5%-ке) тең. Сонан соң әрбір төрт мысқалынан екі қират (өлшем бірлігі). Ал, үстіндегі төрт мысқалға жетпесе Әбу Ханифаның пікірі бойынша берілмейді, ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша есептелініп берілуі тиіс.
С: Алтыннан жасалынған әйелдер тағатын әшекейлі бұйымдардан, ыдыс-аяқтардан зекет беріле ме?
Ж: Алтын мен күмістің қандай түрі болсын, қолданса да, қолданбаса да зекет мөлшеріне жетсе зекеті шығарылуы тиіс.
С: Алтын не күмістен жасалынған бұйымдарда қоспалар болса не істеу керек?
Ж: Егер қоспаның басым көпшілігі күміс болса оның барлығын күміс деп есептейді. Ал, егер, керісінше, көбі басқа зат болса күміс деп есептелмейді. Қоспалы алтынның үкімі де осындай.
С: Бір кісінің қолында не алтын, не күміс болмаса, бірақ, үкіметтік банкте өзіне тиесілі құнды қағаздары болса солардың зекетін бере ме?
Ж: Иә, егер зекет мөлшеріне жетсе береді. Өйткені мұндай құнды қағаздар ақша сияқты сату-сатып алынуда пайдаланылады. Сондай-ақ, банкке өткізсе бағасы шығарылып, сатып алынады.