С: Зекет кімге парыз болады?
Ж: Зекет – дүние-мүліктің зекет беретін мөлшеріне (нисабқа) толық ие әрі ие болғанына бір жыл өткен балиғат жасындағы ақыл-есі түзу, азат мұсылманға парыз.
С: Мал-мүліктің зекет беретін мөлшері қандай?
Ж: Күмістен екі жүз дирхем (595г.), алтыннан жиырма мысқал (85г.) немесе осы бағадағы айналымды ақша не тауарға ие болу.
С: Осы мөлшерде мүлікке ие, бірақ қарызы бар адам зекет бере ме?
Ж: Мұнда мына нәрселерге назар аударылады. Егер қарызы бүкіл мал-мүлкінің мөлшеріндей көп болса зекет бермейді. Ал, егер қарызы аз болып, сол қарызын шегеріп тастағанда қалған мал-мүлкі зекет беретін мөлшерге жетсе зекет шығарады.
С: Сауда-саттық тауарынан зекет бере ме?
Ж: Иә, егер сауда-саттық жасап жүрген мал-мүлкі екі жүз дирхем күміске немесе жиырма мысқал алтынға пара-пар болса зекет беру парыз.
С: Бір жыл өту керек дегеннің мағынасы не?
Ж: Оның мағынасы егер балиғатқа жеткен азат мұсылманның зекет беретіндей мөлшердегі дүние-мүлікке ие болғанына ай күнтізбесімен есептегенде бір жыл өткен болса, оған зекет шығару парыз.
С: Тұрғын үй, киім-кешек, үй жиһаздары туралы не айтасыз?
Ж: Тұрғын үй, киер киім, үй жиһаздары, мініс көліктер, құрал-жабдықтардан зекет берілмейді. Өйткені бұлар жеке адам тіршілігіне қажетті зәру дүниелерге жатады.
С: Ал, егер осы аталған нәрселермен сауда жасайтын болса зекет беріле ме?
Ж: Иә, егер зекет беретін санға жетсе зекетін шығару парыз.
С: Алтын-күміс немесе тауарлардың зекетін ақшамен шығарса бола ма?
Ж: Иә, зекетті ақшалай түрде шығаруға болады.
С: Егер бір кісі иелігіндегі бүкіл мал-мүлкін зекет беруді ниеттенбей, Алла жолында садақа ретінде таратқан болса үкімі қандай?
Ж: Оның мойнынан зекет беру түседі.
С: Зекет уәжіп болған соң банкротқа ұшырап кедейленсе не болады?
Ж: Егер бүкіл мүлкі жойылса зекет парыз болмайды. Ал, егер мүлкінің кейбір бөлігі жойылып, қалған бөлігі зекет беруге жетсе, зекет береді. Мал-мүлкін өзі пайдаланып азайтқан болса зекетін береді.