Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Сол себепті басқаларға сөздің де, істің де ең жақсысын ұсынуы тиіс. Адам үнемі істің ең жақсысын жасауға ниет ете білуі керек. Өйткені, хадисте: «Мұсылманның ниеті амалынан игі» деген. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам. Өмірдің мәнін түсініп, жол азығын дайындайтындар қандай аз. Өміріңнің өткен кезеңдеріне көңіл бөл! Мүмкіндіктерді жіберіп алмай тұрып, қарманып қал! Уақыт мәселесінде жарысыңдар!». Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, оның уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген өмірінің бір сәтін де бекерге өткізбеген. Ғылымның біраз саласында еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340-тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің бір кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен.
Яхия ибну Хубайра: «Барынша сақтауың тиіс ең бағалы нәрсе – ол уақыт. Бірақ байқаймын қолыңнан тез сусып кетіп жатқан нәрсе де сол».
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті