Әлі орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатындығы жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген.
Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт»[1].
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді»[2], – деп ескерткен.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аурудан қашу да, құстың ұшуына қарап бал ашу да болмайды. Маған фәәл ұнайды». Сахабалар: «Фәл деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – жақсы сөз», – деп жауап берген[3].
Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, аналардікі болмайды деген сияқты сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер.
Әбу
Һурайраның (р.а.) айтуынша Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Сендер
Раббыларыңның не дегенін естідіңдер ме? Ол былай дейді: «Мен құлдарыма қандай
да бір нығмет сыйламайын, олардың бір бөлігі оны теріске шығарады. Олар:
«Жұлдыздар, жұлдыздар арқылы ғана болды», – деседі»[4].
[1] Нәміл сүресі, 65-аят.
[2] Хаким риуаят еткен.
[3] Бұхари риуаят еткен.
[4] Мүслім риуаят еткен.
Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті