Жуырда, елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде қабылданған жеті бағытқа арналған құжатқа орай ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінде кеңейтілген діни семинары ұйымдастырылды.
Айтулы шара Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахмановтың төрағалығымен жүргізілді.
Игі шара барысында орталықтың сала бойынша жауапты мамандарының баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, найб имамдар Мұсабек Ақтамберді «2021 жылғы атқарылатын жұмыс жоспары», Мұхамеджан Естеміров «Жеті бағыт жұмыстары», қала имам кеңесшісі Бекайдар Әміре «Мешіт имамдарының қызметтік әдебі», Қазыбек Сарыбаев «Имамдар форумында қабылданған 10 құжат», қалалық іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы «Мешіт һәм діни кадр мәселелері» және Қаратау аудандық мешіттің бас имамы Дастан Желеуов «Діни ағымдардың алдын алу шаралары» тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Мұнымен қатар, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынып отырған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, имамдарға нақты тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған түрлі деңгейдегі жұмыстарды және қабылданған жеті құжатқа жауапты жетекші ретінде жеті білікті һәм тәжірибелі маманды бекітті.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі