Мұсабек Ақтанберді, ҚМДБ Шымкент қаласы бас имамының бірінші орынбасары
Бала-адам баласы жүрегінің жемісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у. «Бала жүректің жемісінен, жаннаттың гүлдерінен» деген. Махаббат пен сүйіспеншіліктің гүлі. Дүниенің ең көркем әшекейі. Баланы әуелі аялап, көркем мінезбен тәрбиелеп өсіру, ата-ананың ұрпағына деген мейірімділігі мен шеберлігін көрсететін үлкен сынақ. Жалпы осы бір сынақты дұрыс өте алатын адамдармен қатар, одан жығылып жататындар да бар. Баланы тәрбиелеу үшін, бай-бағлан болудың қажеті жоқ екендігін өмір өзі делелдеп беріп жатыр. Керісінше әрбір жанда рухани байлық азығы болса, жақсы тәрбие алып өсетіні айдан анық. Балаға тәрбиешіні алыстан іздеу – бос әурешілік. Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың парызы. Онда да ол қандай тәрбие болуы керек? Рухани азықты адам баласы қайдан алу керек? Шариғат тұрғысынан айтар болсақ, рухани байлық ол – имани тәрбие. Қай кезеңдерді алмайық, адамзат баласы сенімсіз өмір сүрмеген. Сенім дегеніміз ол-дін. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан асыл дініміз Ислам. Сүнниттік бағыттағы Имам Ағзам Абу Ханифа шариғи мектебі. Ұрпақ тәрбиесін басты назарға қойған Алланың қасиетті кітабы, Құранның құндылықтары мен пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у. ның сүннеттері өзінің ғажайып тәрбие құралы екендігін өміршеңдігімен дәлелдеп келеді. Қазақ даласына оқу-ағартушылықты қолға алған, қазақ баласын: «Бір Аллаға сыйынып! Кел, балалар, оқылық» – деп Ыбырай Алтынсарин данамыз ілім-білім үйренуге шақырған. Ұлт зиялыларының бәрі де, төте жазуды біліп, молдадан сауат ашқан. Тәрбиенің ең жақсысы имандылықта екенін Абай Құнанбайұлы да «Адамды сүй, Алланың хикметін сез! Не керек адамзатқа онан басқа» деп өсиет етіп кеткен. «Адамның бір қызығы бала деген»-деп тебіренген Абай аса ыждықаттылықпен бала тәрбиесіне көңіл бөлу керектігіне ерекше мән береді. Бабалар ізімен дәстүрлі дініміздің тәрбие тетігін тарқатайық. Адам баласының өмірінде бала тәрбиесі күрделі де, жауапты іс екенін көпшілік аңғара бермейді. Дегенмен бала тәрбиесін ер мен әйел отбасын құрар алдында жауапкершілікті сезіне отырып, қолға алатын болса болашақ ұрпақтың жақсы тәрбие алып өсетіндігін байқаймыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды (имандылыққа, адамгершілікке, намазға баулу арқылы) отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар!» деп ескерткен. Әйеліне және ұл-қыздарына Алланың парыз қылған амалдарын үйрету, имандылыққа ұр да жықпен емес жылы-жылы сөзбен насихаттау арқылы тәрбиелеу – отағасының тікелей міндеті.
Бұл жөнінде хадис-шарифтерде: «Көп мұсылман балалар әкесінің кесірінен Уәйл атты жаһаннәм отына түседі. Өйткені бұлардың әкелері тек ақша табу және көңіл көтеру құмарлығына түсіп, тек дүние істерін қуып, балаларына мұсылмандықты және Құран-Кәрімді үйретпеді. Мен мұндай әкелерден ұзақпын. Олар да менен ұзақ»-деген. Ал бұл жағдай ойлантарлық жәйт.
Еліміз бойынша ҚМДБ-ның 9 медресе-колледж, бірнеше қарилыққа оқыту орталықтары мен орталық мешіттердің бәрінде діни сауат ашу курстары жыл он екі ай жұмыс істеп тұр. Онда үлкен-кішінің бәрі жасына қарамай оқи алады. Біздің кей мешіттер жанындағы курстарда 70 жастағы аталар мен 60 жастан асқан апалар да бар. Ал, кішкентай шәкірттердің ең жасы 5 жаста. Демек, имани тәлім аламын деушілерге қашан да жол ашық және ешқашан кеш болмайды.
Пайғамбарымыздан с.а.у келген тағы бір хадисте, екі жасар баласы бар әйел тәрбиені қай жастан беруге болатынын сұрап келеді. Сонда Пайғамбарымыз с.а.у оған екі жылға кешіккенін айтады. Себебі бала тәрбиесі ана құрсағында жатқан шағынан басталуы тиіс. Яки, аналар жүктілік кезінде де, босанғаннан кейін де бойы мен ойын арамдықтан таза ұстап, адал ішіп-жеп, намазы мен Құранын оқып жүрсе, баласын «Бисмилләһ» деп емізсе, перзенті иманды әрі салихалы болады. Өйткені барлық амал ниетке байланысты. Бұл тұста халқымыз да тектіліктің ана сүтімен даритынын айтқан. Ал, тектілікке адами жақсы қасиеттің бәрі кіреді емес пе? Дана Абайды да анасы дәретсіз емізбеген тектіден туған ғой.
Хакимнің Ибн Аббастан риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.а.у.): «Сәбилеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә илла Алламен» ашыңдар әрі өлер кезінде оларға «Ләә иләһә иллалланы» айтқызыңдар», – деген. Баяғыда әжелеріміз немерелерін:«Ләә иләһә да пайда бар, Білмеген құлға не айла бар? Жатар жерің қараңғы, Шамшырағың сайлап ал»- деп әлдилеуші еді. Хадисті естімесе, мұндай бесік жырын қайдан құрасын?!
Алланың елшісі (с.а.с.): «Балаларыңа жеті жастан намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да, олардың төсектерін бөлектеңдер», – деген. Бұл баланы балиғат жасына дейін иманға келтіріп қоюдың пайдасына бағытталған өсиет. Себебі, бала балиғат жасына толғанша періштедей саналады. Кемшілігі мен күнәсі ескерілмейді. Ал, қыз – 9, ұл – 12 жасқа жеткен соң, шариғи міндеттерді орындау парыз болып, бізге бала көрінгенімен бізбен бірдей дәрежеде Алланың алдында жауапты мұсылмандардың қатарына қосылады. Яғни, балиғат жасына толғаннан кейін адам нәпсісі еркіне жіберіледі. Осы жасқа дейін баланы тәрбиеге икемдеп қоймасақ, кейін игеру қиынға соғатынын байқап жүрміз. Сондықтан Жапондықтар «баланы беске дейін патшаңдай құрмет ет. Бестен он беске дейін, құлыңдай жұмса, он бестен кейін өзіңдей көр»- деген. Он беске келген кезде қоғам ондайды «өтпелі кезең» деп санайды. Шынтуайтында, жеткіншектер осы жасында нәпсіге еретін болады. Ата-анасын тыңдамай өзінікін дұрыс, өзгенікін бұрыс санауы осыдан шығады. Өйткені, кішкене күнінен имандылыққа тартылмаған бала балиғатқа жеткен соң, өз бетінше нәпсімен күресе алмайды. Қазіргі көптеген жасөсіпірім ұрпақтың бұзақылыққа бет бұрып жатқаны, сондықтан.
Алланың Елшісі (с.а.у.) бірде Әбу Бәкір қызы Әсмаға (р.а.): «Уа, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды», – деп, қолдары мен жүзіне ишарат еткен. Қыз баласының бар сұлулығы мен сымбаты келешек күйеуі үшін сақталғаны логикаға салып қарасақ та жақсы емес пе? Қазір педофилия не себепті көбейіп жатыр дегенге қарайтын болсақ, ашық-шашық жүрген нәзік жандылар базбіреулерге тартымды көрінеді. Сондықтан ойы бұзылған адамға әдемі көрінсе болды, жас ерекшелігіне қарай таңдамайтынын психологтар дәлелдеп жүр. Қыздарымыздың ар-намысын барын ашып көрсетпей де сақтауға кеңес берілген. «Анасына қарап қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп халқымыз әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсетінін, балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін мақалдатып-ақ баяндап берген. Перзентке ата-анасынан артық – тәрбиеші жоқ. Оларға дос-құрбыларымен сыйласуды, ағайын-туыспен араласуды, ұстаздарын құрметтеуді үйрететін де – ата-анасы.
Алланың елшісі (с.а.у.): «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық», – деген. Әдепті баланы – арлыға, әдепсізді – сорлыға теңеген қазақ нақылы да бар. Ұлттық тәрбиенің өзі баланы көркем мінезділікке, батырлыққа, батылдықа, ұлықтық пен кіші пейілдікке үйретеді. Қазіргі балалардың дені не мұсылманшылықта, не қазақи тәрбие көрмей келеді. Оларға әкесі мен шешесі де емес, әлеуметтік желі тәлімгер болып алған.
Алланың танымаған сенімнен адасады. Біз ішінара зерттей келе, мектеп жасындағы балалардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің себебін таптық. Оған сол әлеуметтік желі ықпал етеді екен. Мешітке барып, имамдардан сабақ алмаған бала кімнің тура жолда, кімнің адасқан екенін қайдан білсін? Міне, осылайша қазақ жастарының арасында радикалды топтарға оп-оңай кірігіп кетіп жатқандары бар. Діни Басқарма адасушылықтың алдын алу мақсатында мешіттер жанынан арнайы діни сауат ашу курстарын ашты. Ата-аналар балаларын содырлықтан сақтандырғысы келсе, имани білімді ғаламтордан емес, мешітте арнайы бектілген маманнан білім алса, қиындыққа тап болмайды.
Алланың елшісі (с.а.с.): «Кімнің баласы туылса оның есімін жақсы қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне», – деген. Ата-ананың перзенті алдындағы ең басты үш міндеті осы.
«Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу» және «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер» , – деген. Данышпандарымыз өнер-білім бар жұрттардың өрісі кең болатынын айтып, жеті жұрттың тілін, жеті түрлі ғылым үйренуге де үгіттеген. Дәстүрлі дінді ұстанған ата-бабаларымыздың ғибартты ғұмыры тағылымды тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмытпау керек.
Алланың елшісінің (с.а.у.) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер». Рас! Перзенттеріміз бізге қарап өседі. «Балаңды тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле» демей ме?
Баласын медресеге біл деп берген текті халықтың тұяғымыз. Үйде өзіңізді, мектепте ұстаздарын, түзде замандастарын, бөтен де болса үлкендерді құрметтеуді үйрету міндет. Перзентіңізге имани тәрбие береміз десеңіз, есігіміз әрдайым ашық.
Алла Тағала ата-анасына мейірімді, елге жанашыр ұрпақты көбейтсін!