Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер. «Жетім» сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық» дегенді білдіреді. Шариғатымызда әкесінен айрылған балиғат жасына толмаған баланы жетім деп айтады. Жалпы біздің қоғамда жетімді екі түрге бөледі: бірі – әлеуметтік жетім, бұл ата-анасы бар болуым мүмкін, бірақ белгілі бір себептермен ата-ана құқығынан айырылған топ, екіншісі тұл жетім, бұл ата-анасынан айрылған балалар.

Өмірде адамдардың тағдыры түрлі болып келеді. Кейде балалар ата-анасы өмірден ерте озып жетімдік көреді,  кейде өз баласынан өзі безген безбүйрек әке-шешесінің тас жүректігінен осы күйге ұшырап жатады.  Сондай түрлі жағдайлар мен панасынан айырылған жетімдерге пана болу сауабы мол қайырлы іс екендігі даусыз. Алла Тағала Құранда баян етеді:

وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلَاحٌ لَهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ     

«Олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың» – десе , ардақты пайғамбарымыздың айтуынша:

أحب بيوتكم إلى الله بيت فيه يتيم مكرم

«Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй, ішінде жетімі болып, оған жақсылық жасалатын үй». Олай болса, кімнің үйінде жетім болса, оған жақсылығын аямай үйіп-төккені абзал. Пайғамбарымыз «ең қайырлы үй» деп бағалап отыр. Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй болу – үлкен жетістік екендігін ұмытпауға тиіспіз.

Бірде Пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді.  Оған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  

 أتحب ان يلين قلبك و تدرك حاجتك: ارحم اليتيم وامسح رأسه وأطعمه من طعامك يلن قلبك و تدرك حاجتك

«Жүрегіңнің жұмсауын,  сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер.  Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің» – деді. Сондай-ақ хадистердің білдіруінше, Тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап,  түндер де ғибадат еткен адаммен тең болады.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз өмірінде жетімдерге көп қарайласып, барынша қамқор болған. Біле білсек Алла елшісі туылмастан бұрын әкесінен, алты жасқа жеткенде анасынан айрылып, жетімдік қиыншылықтарын тартып өскен. Сондықтан да жетімдердің жай-күйін  Алла елшісінен артық түсінетін жан жоқ десек де қателеспейміз. Жетім балаларға әке орнына әке бола білген Пайғамбарымыз  жетімге қарайласудың қаншалықты сауап іс екендігін мына бір хадисініде айтып өтеді: «Кімде кім бір мұсылман жетімнің қамқорлығын өз мойнына алса, кешірілмейтін бір күнә жасамағанша, Алла оны жәннатқа кіргізеді» (Тирмизи риуаяты).

Пайғамбар тәлімін алған сахабалар өз кезегінде жетімге қарайласу мәселесінде өзараларында қалыс қалмай, қадағалып, қанат жайып, былайша айтқанда, барынша қарекет етіп, қам қылғанын байқаймыз. Омардың ұлы Абдуллаһ есімді сахаба күнделікті өмірінде дастархан басына отырғанда алдымен жетім баланы тойдырмайынша, астан ауыз тимейтін болған. Тіпті сапарға шыққанда бір өзі отырып тамақтанғанын ешкім көрмепті. Түскілікке жетім баланы шақыртып алатын әдетін замандастары тілге тиек етіп айтып жүрген. Бірде асқа отырғанда қызметшісі жетім баланы таба алмайды. Сонда Абдуллаһ сол жетім баланы тауып әкелгенше алдындағы асқа қол созбай күтіп отырған екен.

Жетімнің малын жеу неткен үлкен күнә! Хазіреті Пайғамбарымыз кісі өлтіру, жала жабу тәрізді жеті үлкен күнәларды айтқанда арасында осы үлкен күнәні да айтқан. Ендеше бұл кім жасаса да біздер үшін кешірілмес қылық. Есесіне ата-анасынан айырылып, Алладан аманат болып қалған жетімдерге қарау жұмаққа ашылған қақпа болмақ.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар,  өйткені түнде адамдар ұйықтап жатқанда, олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де, жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла Тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар» деген екен.

Қазақ халқы ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Себебі, халқымыз Ислам дінінен нәр алып, ондағы Алланың және Оның елшісінің бұйрықтарын орындап, оның қағидаларынан ауытқымай, иман беріктігі мен кемелдігін танытып келген. «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген нақыл сөздерді өздерінің өмірлік ұстанымдарының қатарына қосудың арқасында жетімдер қамқорлықсыз, тәрбиесіз, бұзақы болып өсуден аман қалып, керісінше халықтың ортақ баласына айналып, елін, жерін сүйетін азаматтарға айналды.

Әрбір отбасында ата-ана өз ұл-қыздарын дұрыс тәрбиелеп, иманды бабалардың ұрпағы ретінде  жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді,  ризашылығын алуды қалаған,  жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Алла тағаланың ризалығына лайық болуды қаласақ, жетім-жесірлерді қорғап, оларға қолдан келгенше  ие болып, оларды ауыр тұрмыс соққысынан, қиын жағдайдан құтқаруға тырысуымыз қажет. Яғни, жетімдердің көбеймеуіне әрқайсымыз үлес қосуымыз керек. Ол дегеніміз, үлкеніміз-кішімізді адасушылықтан сақтандырып, имандылыққа баулуымыз қажет. Барлық жақсылықтар тек имандылықтың, адамгершілік пен мейірбандықтың арқасында болады.

Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Қайырымдылық қанат жайып, сүйіспеншілік салтанат құрған елдің ғана болашағы баянды.Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын. Әмин!

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы

Ислам Нұры мешітінің бас имамы:Омаров Ынтымақ Тыныштыханұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38