Шымкент қаласы, Абай ауданындағы «Торлан» мешітінің ұйытқы болуымен «Ел үлесі – пәтерге» акциясының 340-шы баспана кілті табысталды.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, наиб имам Мұхамеджан Естеміров пен қалалық «Зекет» қоры өкілдігінің жетекшісі Айбек Азимбае арнайы қатысты.
Сауапты шара барысында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов құттықтау сөз арнап, насихат айтып, «Ел үлесі – пәтерге» акциясы туралы да тілге тиек етті. Баспана тауқыметін тартып жүрген Абай ауданы, Ынтымақ шағын ауданының тұрғындары ата-анасынан ерте айырылған үш бірдей жасөспірімнің үлкені Асел Аулановаға пәтер кілтін табыс етті. Сондай-ақ осындай игі шараларға ұйытқы болып жүрген Абай ауданы «Торлан» мешітінің бас имамы Ғалымжан Назаровқа, қалалық «Зекет» қоры өкілдігінің ерікті топ мүшелеріне және қаржылай қолдау көрсеткен марқұм Роза Құдайбергенқызының ұрпақтарына батасын беріп, ризалық білдірді.
Баспананың барлық жағдайы қарастырылған, асхана, жатын бөлме, дәретханасы бар. Мұнымен қатар, мешіт тарапынан үйге қажетті төсеніш кілемдер мен тұрмыстық техникалар табыс етілді.