Біздерді иманның қуанышына бөлеген Жаратушы Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын!
Адамзаттың қараңғылықтан, жарыққа шығуына себепші болған бүкіл әлемнің мақтанышы-Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)
Мәуліт дегеніміз – Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) дүниеге келген күн. Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді.
Ұлы жаратушы өз құлдарын тура жолға бастау үшін, жөн сілтеуші етіп, Пайғамбарларын бірінен кейін бірін жіберіп отырды. Әр Пайғамбар өз міндетін қалтықсыз орындаумен қатар ақырғы Пайғамбардың келетінін алдын-ала хабарлап кетті. Көптен күткен мақтаулы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) дүние есігін айқара ашуы адамзат тарихындағы негізгі жаңалықтардың бірі болды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Миләди 571 жылы сәуір айының 20- дүйсенбі күні, Хижри жыл санағы бойынша (Раббиғул әууәл айының 12-күні) дүниеге келген.
Осы уақытта Суәйба деген күң, қожайыны әрі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) әкесінің бауыры, яғни көкесі Әбу Ләһәбтан сүйінші сұраған болатын. Әбу Ләһәб осы хабарды естіген кезде Суәйбаны күңдіктен босатып, азат етті. Осы уақиғаға байланысты Имам Бухари риуаят еткен хадисте, осы бір жақсы ісі үшін әр бір дүйсенбі күні Әбу Ләһабтың азабы сәлде болса жеңілдетілгені айтылған. Қалай олай болмасын?! Әлемдердің Раббысы өте Мейрімді, Рахымды әрі Жомарт.
Адамзат баласы дінді ғана емес, ғылым мен мәдениетті үйрену тұрғысынан да оған көптен көп қарыздар. Қасиетті Құранда Алла тағала «(Уа Мұхаммед!) Біз сені бүкіл Әлемге Рақым етіп жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят)- деген, яғни Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кешірімді, қайырымды, өз үмбеттеріне қатты алаңдайтындығын аңғарамыз. Алланы және оның Пайғамбарын тану десек, тек жақсы таныған адамның ғана шынайы сүйе алатындығы шындық. Алла Тағала Құранда: «Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған бағыныңдар. Аллада сендерді жақсы көріп, күнәләріңді кешсін. Алла тағала тым кешірімді әрі аса Рақымды»- деген («Али Имран» сүресі, 31-аят).
Шындығына келгенде, оны үлгі тұтып, артынан еру тек сүйіспеншіліктен ғана жүзеге аспақ. Сол себептен де осы айларда мейілінше Аллаға шүкір етіп, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) салауат, Мәуліт дұғаларын көптеп айтқанымыз абзал. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мына бір хадисінде былай деген: «Кім Маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет рахмет жолдайды, оның он күнәсі кешіріліп, он дәрежесі көтеріледі». (Хадисті имам Насай риуаят етеді).
Ал Жүнайд Бағди: «Кімде кім Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», – деген.
Хасан әл-Басри (Алла разы болсын): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім»,- десе, Жалалуддин ас-Суюти (р.а.): «Бір үйде немесе мешітте Пағамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», – дейді.
Яғни, Раббиғул әууәл айларында мұсылман өкілдерінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) тұлғалық бейнесін үйренуге, салауат айтуға, құран оқуға, қайырымдылық жасауға, адамдарды кешіруге, Мәуліт дұғаларын оқуға, жаман істерден арылуға көбірек мән беріліп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өмірі туралы халыққа кеңінен насихат етіледі.
Салауат айтудың артықшылығы:
1)Алланың сүйгенін сүйіп, көңілін
табасың,оның әмірін орындайсың.
«Расында
Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер!
Оган салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» (Ахзаб сүресі, 56-аят).
2) Қияметтің қиын күнінде әркім өз
басымен әлек болады. Сол күні Алланың мейірімі Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ерекше
ауады. Оның дұғасымен есеп бастайды. Оның шапағатымен кейбір қалаған құлдарының
күнәсін кешіреді. Міне осы күні Алланың мейіріміне жету үшін
қайсымыз Алланың Елшісіне жақын тұрғысы келмейді. Әлбетте адам мен жынның
бәрі де ол кісінің жанында тұруды аңсайды. Кім тірі кезінде неғұрлым
көбірек салауат айтса, ол қиямет күні соғұрлым Алланың Елшісі (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жақын
тұрады.
«Қиямет
күні Маған ең жақын адам-Маған ең көп салауат айтқаны». (Хадисті Имам Тирмизи риуаят етті.)
3) Алла өзі сүйген пендесіне игілік
тілегенді жақсы көреді. Сол үшін Алланың Елшісі (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір рет
жасалған дұға, Алладан он есе мейірім болып қайтады. «Кім маған бір рет салауат айтса, оған
Алланың рахметі он есе жауады». (Хадисті Имам Муслим риуаят
етті).
4) Сенің уайымыңды кетіріп, ісіңді оңайластыруға Алланың өзі жеткілікті болады. Алланың Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір сахаба: «Мен бүкіл дұғамды сізге ғана арнасам қалай болады?- деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!).: – Егер солай істесен, әлбетте Алла сенің дүниедегі де ахиреттегі де қажеттілігіңді өтеген болар еді», – деп жауап берді. (Хадисті имам Ахмад риуаят етеді.)
5) Омар ибн Хаттаб (Алла разы болсын) айтады: «Пайғамбарыңа салауат айтпайынша, дұғаң аспан мен жердің арасында бөгеліп, көтерілмей тұрады». (Хадисті Омар ибн Хаттабтан (Алла разы болсын) Имам Тирмизи риуаят етті.)
6) Ол дұға қылудың негізгі тәртібі. Расулуллаһ (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) намазда Алла Тағалаға мақтау, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) салауат айтпай дұға еткен кісіні естіп: «Бұл асығыстық жасады» , – деді. Кейін оны біреуге шақыртып алып: «Егер біреулеріңіз намаз оқыса, алдымен Раббысын ұлықтап, Оған мадақ айтсын, кейін Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) салауат айтсын. Одан кейін қалағанынша дұға ете берсін», – деп бұйырды». (Хадисті Фадала ибн Абидтен (Алла разы болсын) Имам Тирмизи және Имам Әбу Дауд риуаят етті.)
Аллаға деген махаббат- оның Елшісі Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жолымен жүру. Алланың разылығы мен оның жақсы көруіне апаратын жол. Адам баласы Құран мен сүннетті мойындамай Алланың разылығына жете алмайды. Пайғамбарымызды танымай пайғамбарымыздан алыстаған уақытта, басқа адамдар бізге ақылшы- данышпан боп корініп, қоғамда қалай жүруді, кәсіпті қалай жасауды үйретіп жатады. Ақиқатында барлық адамзаттың өнеге алатыны – Алланың Елшісі Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!).
Хазірет Омар Фатима анамызға (Алла оларға разы болсын) келіп: «Әй, Фатима! Аллаға ант етемін, Пайғамбардың біреуді сенен артық жақсы көргенін көрген емеспін. Әкең қайтыс болғаннан бері, сенен артық құрмет көрсетіп, сенен қатты жақсы көрген адамым жоқ»,- деді.
Алла Тағала ол кісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мінез құлқы жайында: «Әлбетте, сен ұлы мінез иесісің!»- деген. («Қалам» сүресі, 4-аят)
Әбу Умамә (оған Алла разы болсын!) риуаят еткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Мен бүкіл әлемге рақым, тақуалы жандарға һидаят етіп жіберілгенмін»,- деген. (Әбу Нуғайм).
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жанұясымен қарым-қатынастағы мінез-құлқы.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жанұясына ең көркем мәмле жасаушы еді. Жанұясын құрметтейтін, олар үшін әр уақытта жомарт әрі қолы ашық еді. Оған мына хадис дәлел, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) былай деген: «Сіздердің жақсыларыңыз жанұяларыңызға жақсылық жасаушыларыңыз. Мен Сіздердің араларыңыздағы жанұясына ең жақсы жақсылық жасаушымын» (Тирмизи).
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кешірімділігі.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын!) риуаят еткен хадисте, бір күні: «Уа, Расулалла! Мүшриктерді қарғап дұға етіңіз!»- деп сұрады. Сонда ол Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Мен лағынет айтушы етіп емес, рақым етіп жіберілгенмін»- деді. (Мүслим). Бабаларымыздан қалған өситте : «Таспен ұрғанды аспен ұр. Білгенің қайда білмегенді кешірмесең»- деген осының айғағы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) басшыға бағыну жайлы айтқан хадистері.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын!) жеткен мына хадис шәріпте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) былай деген: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны». (Мүслим)
Бағынушылық қасиеті адамның дұрыс пен бұрысты, өзін-өзі бақылау, адамгершілік қарым-қатынастарына шек қоя білу, жақсы-жаманды айыра алатын сана-сезімдерін қуаттандырады. Ұлтымыздың тәртіпке бағынаған ұрпақтың санын арттырып, санасын түзеуге әрқайсымыз тұлға болып, халық болып, ел болып, қоғам болып үлес қосуға борыштармыз.
Ешкімді жарақаттамай, ғайбат-қиянатсыз таза өмір сүрген адам қандай бақытты.
Сөз соңында Пайғамбармыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)
Үнемі айтып жүретін дұғасымен аяқтауды жөн көрдік. «Уа Раббым! Менің қателіктерімді, білместікпен жасаған іс-әрекеттерімді кешіргейсің» Әумин!
Шымкент қаласы, Абай ауданы «Темірші ата» мешітінің имамы Қалшабеков Ербол Тастанбекұлы.