Әлемге көз салып қарасаңыз, әр жаратылыстың өзіндік міндеті мен мақсаты бар екенін көресіз. Барлығы да уәзипасын адал атқаруға тырысуда. Жер бетіндегі ұшқан құс, жүгірген аң, өскен жасыл желек атаулының бәрі күн ертең есеп беретіндей ынта-шынтамен қызмет етуде. Ал жер бетіндегі күллі адам баласы да дәл солардай жанталасып, өзінің төл уәзипасын атқару үстінде ме?! Күллі ғалам дамылсыз әрекет етіп жатқанда кейбір адамдардың өз міндетін қаперге алмай қылжақтап әңгіме айтып, ыржақтап күлгенін қалай түсінесіз? Шыбын екеш шыбынның міндеті бар да әлгінікі жоқ па? Өмірге сайран салу үшін келген бе әлде?! Бұл «неғылған батпай құйрық, айдалада жатқан құйрық?!». Сіз тауда сейіл құрып жүріп, көз ұшынан менмұндалаған алып сарай көріп, жанына барып, ашық есіктен ішіне кіріп, қалағаныңызша сайран салар ма едіңіз? Алып сарай тұрмақ, бөгде біреудің үйіне рұқсатсыз кіріп, қалаған затыңызды ала аласыз ба? Судың да сұрауы бар. Ендеше, адам баласы мына ғаламзат атты алып сарайға кіріп, сайран салып, қайта шығып кетемін деп ойлай ма? Қалаған кафесіне кіріп, кім тегін тамақ ішіп кете бермек? Ендеше, Алла Тағаланың мына шексіз нығметі мен ырысының да өтеуі бар. Ол – Жаратушыға деген құлшылық. 

     Бірде Мәуләна Жәми деген атақты тақуа кісіге бір адам келіп: «Ол маған былайша сұрақ қойды. Мен оған мынадай ұтқыр жауап бердім. Ал оның мына бір сауалына былайша жауап қайырып уәжге жықтым»,- деп тәкаппарлық танытады. Сонда әлгінің жадағайлығына жайсызданған рухани алып Мәуләна: «Сен оны емес күн ертең қабірде, Махшарда Хақ Тағалаға не деп жауап беретініңді ойлан!»,- деп ұмытылмас өмірлік сабақ ұқтырған екен.

ҚМДБ, Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38