Деннің саулығы тіске байланысты. Себебі, тіс бала мен ересек адамның денсаулығына, бүкіл бет-әлпетіне, көңіл-күйіне және мінез-құлқына әсер етеді. Тіс біз үшін үлкен мәнге ие. Өйткені тіс азықты ұстау, тістеп үзу, шайнап, ұсақтау қызметін атқарады. Тісі жоқ адамның сөзі де дұрыс болмайды. Тіс адамның бет әлпетінің сұлулығын қамтамасыз етеді.
Бүгінгі медицина ауру тісті емдеу, тістегі қуысқа пломба қою, тіпті жасанды тіс орнату арқылы адамның 32 тісін орнында сақтап қалуға тырысуда. Соның бірі – имплантация. Ол протез секілді алынып-салынбалы зат емес. Имплантация – науқас үшін күрделі емес және қатты ауыртпайтын хирургиялық іс-шара. Яғни, тіс тамырының функциясын өзіне алу үшін, тіс имплантаты жақ сүйегінің үстіне қысқа ота жасау арқылы қондырылады. Содан кейін оған сенімді әрі ұзаққа шыдас беретін жасанды тіс (коронка) бекітіледі. Имплантация тісі жоқ науқастарды сауықтыру мәселесін шешуге, сау күлімсіреуді ұзақ жылдарға сақтауға мүмкіндік береді.
Ислам діні адамзаттың болмысын, денсаулығын сақтайтын және олардан зиянды нәрселерді кетіретін бүкіл себептерді ұстануға бұйырады. Сондықтан, шариғатта жұлынған тістің орнына жасанды тіс орнатуға рұқсат етіледі. Өйткені осы арқылы адам баласы өзіндегі айыпты, зарарды кетіреді.
Ислам діні келмей бұрын Кулаб оқиғасында сахаба Арфажә ибн Асғад (Алла оған разы болсын) мұрны жарақаттанып, күмістен мұрын жасап алған. Бірақ кейін одан жағымсыз иіс шығып кеткендіктен, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған мұрнын алтыннан жасап алуды бұйырған (Тирмизи). Дінімізде ер кісілерге алтынды қолдануға рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда ғана шариғатымыз оған рұқсат етеді. Бұған жоғарыдағы хадис дәлел болады.
Сонымен қатар, қайтыс болған адамның жасанды тісі алынып салынатын болса, оны алып қояды. Ал жасанды тісі қондырылған болса, оны сол күйде жерлейді. Өйткені қондырылған жасанды тісті мәйіттен жұлып алумен оған азап беріледі. Пайғамбарымыз бұл жайлы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мәйіттің сүйегін сындыру тірі адамның сүйегін сындырумен бірдей», – деген (Ахмад, Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).
Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №5, 2020 жыл