Айналамызды қоршаған болмыс жайлы ойланбаған адам кем де кем шығар. Қоятын сұрақтары да өте көп. Бұл болмыс қалай пайда болды? Қалай дамыды? Қайда бара жатыр? Мақсаты не? Өзімен-өзі пайда болды ма әлде жаратушысы бар ма? Кенеттен пайда болды ма әлде бір құдіреті күштінің көмегімен бе? Ол құдіреті күшті болған кім? Сипаттары қандай? Оның осы әлеммен қандай байланысы бар.

Адам. Ол дене мен рухтан тұра ма? Солай болса, рух дегеніміз не? Ол мәңгілік пе әлде уақытша ма? Егер мәңгі болса, адам қайта қалай жаратылмақ? Қалай есеп береді? Баратын жері қай жер? Ол қашан болады? 

Дүние. Оның тоқтар соңы бар ма әлде шексіз бе? 

Тіршілік. Оның мәні неде? Жақсылық пен жамандықтың, ақиқат пен жалғанның өлшемдері қандай? 

Құдай. Ол адам баласымен байланысқа шығып, араларынан біреуді елші және пайғамбар болуы үшін таңдай ала ма? Ол қалай іске асады? Оны біз қайдан білеміз?  Бұл сұрақтарға адамның ақылы жауап бермесі анық.

Адамның есту, көру, дәм сезу, ұстау, иіс сезу сияқты әр сезім мүшелерінің өз қызметі мен бағыты барын білеміз. Бір сезім басқа бір сезімнің орнын баса алмайды. Әрқайсысының асып өтпейтін шекарасы бар. Әйтпесе, оның жұмысы, әсері бұзылады. Сол сияқты ақылдың да өз шеңбері бар. Әйтпесе ол да ауытқиды. 

Ақылдың қызметі – сезім мүшелерін бір-бірімен байланыстыру, құрастыру, шешімін табу, ойлап табу, саралау т.б.

Ғайып нәрселерге келсек, ақыл оның анық-қанығына, ақиқатына жете алмайды. Себебі ақылдың жұмысы шектеулі һәм деңгейі де әртүрлі. Нәтижесі де шектеулі және әртүрлі болады. Ақыл дамиды бірақ оны дұрыс бағыттау үшін бір нәрсеге мұқтаж.

Адамның ақылы өзін тануға да қауқарлы емес. Қазіргі уақытқа дейін оның қалай жұмыс істейтініне де, қалай қиялдайтынына, қалай ерекшелейтінін де толыққанды біле алмауда. Әзірге дейін көп нәрсенің ақиқатын білмейді, білетіні өте аз.

Адамзат әліде «рух» ақиқатын біле алмай келе жатыр. «Ол қай жерде орналасқан?», «Рухтың барына не дәлел?» деген сұрақтарға жауап бере алар емес. Демек, онымен иман және ғайып нәрселерді өлшей алмайсың. Мысалы, бір адам алтын өлшейтін таразыны көрді делік. Онымен таудың салмағын өлшегісі келеді. Бұл, таразының дұрыс емес екенін көрсетпейді. Ақылдың да осындай тоқтайтын шегі бар. Міне, ақыл тоқтаған жерде дін келеді. Бірақ ол дін жоғарыда қойылған барлық сұрақтарға жауап бере алатын ақиқат дін болуы тиіс.

Дін адамға әртүрлі тараптағы Жаратқан иесіне жақындататын құлшылық, қоғамдағы өміріне қажетті саяси, қоғамдық, экономикалық заңдар мен мінез-құлық сияқты тіршілікке қажетті керемет жүйесін құрып береді. Себебі, адам өзі сияқтылардан ада өмір сүре алмайды. Олай болған жағдайда ол ақылы, қабілеті мен мүшелерінің дамуы мен кемелденуіне жол таба алмайды. Сондықтан ол қоғаммен бірге ғұмыр кешуге, бір-біріне жәрдемдесіп өмір сүруге мұқтаж. Өйткені, ол ешқашан тамағы, киімі, тұрағы болуында тек өзіне сүйене алмайды, ол олармен қарым-қатынаста болуы тиіс. Осы қарым-қатынас әділдік орнап, зұлымдық жойылуы үшін оны бекіте түсетін жүйе және қағидалар мен заңдарды қажет етеді. Әйтпесе, үлкен кішіге зұлымдық көрсетеді, қуатты әлсізін қанап, тіршілік анархия мен нигилизмге айналады.

Сол әділдік пен зұлымдықтың эталоны болуы тиіс. Ақыл эталон бола алмайтынын біз түсіндік. Кейде ақыл жақсыны жаман, жаманды жақсы деп қабылдауы мүмкін. Осының ара-жігін айырып беретін, яғни эталон болатын нәрсе – дін. Қоғамда әділдікті орнататын жүйені дін бере алады.

Егер адам зер салып қараса, өзін болмыс түрлеріне мырза екенін аңғарады. Мырзалық – қызметкер мен мырза дегенді білдірсе, болмыс түрлерінің барлығы оның қызметшісі. Ол болса, мырзасы. Болмыс түрлері даналыққа сай реттелген. Төмен болған жоғары болғанға қызмет қылады. Күн, ай, таулар, жер, су элементтері, барлығы өзінен жоғары болғанға – өсімдіктерге қызмет қылады. Өсіп-өнуіне жәрдемдеседі. Өсімдіктер болса жануарлардың қызметіне, өсіп-өнуіне жәрдемдеседі. Ол да болса, адамға қызмет қылады.

Өсімдіктерге назар салсақ, өзінен төменге емес, өзінен жоғары болғанға – жануарларға, адамға қызмет қылып жатқанын көреміз.

Жануарларға назар салсақ, өзінен төменге емес, өзінен жоғары болған – адамға қызмет етуде екенін аңғарамыз.

Одан кейін қызмет бабы тоқтайды. Адамның біреуге қызмет қылып жатқанын көрмейміз. Демек, болмыстық қызметі адамға келіп тоқтайды. Енді адамға өзінің бұл болмыстағы орнын іздеу ғана қалды.

Тірі емес заттар өз қызметін өсімдіктермен, жануарлармен және адаммен  орындайды. Жануар өз міндетін адаммен орындайды. Кейін қызмет тоқтайды. Олай болса, сенің міндетін не, ей адамзат? Сен кімнің қызметіндесің?

Ақыл-есі бар адам осы болмыстағы міндетін анықтауы тиіс. Әйтпесе, жансыз нәрседен, өсімдіктерден, жануарлардан да төмен болып кетеді. Қызметші өзінің мырзасынан қалайша жоғары болмақ? Олай болса, мырзаның оның барша болмыс элементтеріне деген мырзалығына сәйкес міндеті болуы керек.

Бұл заттар қашан адамға қызмет ете бастады? Оған қызмет қылу үшін ойлай алатын ақылы пайда болған кезде қызмет ете бастады ма? Әлде оған құдірет пайда болған кезде ме? Әлде ақыл мен құдірет пайда болмастан бұрын қызмет етті ме?

Мысалы, адам үйінде жалғыз болған шақта, ұйқыдан оянған кезде дастархан басында жайылған неше түрлі тағамдарды көреді делік. Ойына мұны кім әкелді деген сұрақ келуі орынды емес пе? Әлде жыртқыш аңша оны жей бере ме?

Адам осы болмыста құдіреті жетпейтін нәрселерді көреді. Ол нәрселер қайдан пайда болды, құдіреті пайда болмастан бұрын, құдіреті жетпейтін оған оларды кім қызмет еттіріп қойды деген сұрақтар туындауы тиіс.

Демек, Алла адамдарға деген мейірімінен оларды ғапылдықтан құтқару үшін, оларға құдіреті жетпейтін нәрселерді кім бағындырды, құдірет пайда болмай тұрып кім оларға жәрдем берді деген жұмбақты шешіп беру үшін елшілер жібереді.

Адамның міндеті – келген елшіні қабылдау, надандықпен құлағын бітеп алмай, тыңдау. Бір бейқамдық – осы болмыстағы міндеті туралы ойланбау. Екінші бейқамдық – өмірдің жұмбағын шешіп беру үшін келгенге қарсы шығу. Хадис қудсиде: «Ей, адам баласы, Мен барлық нәрсені сен үшін, сені Өзім үшін жараттым» делінген.  

«Сені Өзім үшін жараттым», міне, бұл – талап етілген міндет «Зәрият» сүресіндегі: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым. (56) Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын. (57) Шүбәсіз Ол Алла, ризықтандырушы және мықты күшке ие (58)» аяттардағы мағынаны ашып береді.Діннің адам өміріндегі орнын түсіндіру үшін басқа тұстан келіп көрелік.

Кез келген нәрсені ойлап тапқан адам сол туындысы туралы бүге-шүгесіне дейін білері анық. Оған ненің пайдалы, ненің зиянды екенін біледі. Сол затты саудаға қоймастан бұрын, дұрыс пайдалану мақсатында, оған нұсқалық (инструкция) жазады. Онда сол туындысын қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсетеді.

Бұл әлемдерді, оның ішінде адамды да жаратқан оған ненің пайдалы, ненің зиянды екенін анық біледі. Адам мұның бәрін өзі біле алмайды. Сол себепті, Ол «инструкция» жазып, оны елшілері арқылы жібереді. Елшілері инструкцияны оқып, түсіндіреді. Ақыл иелері оларды қабылдап, қасарысқандар бас тартады. Бұл инструкция – дін.

Былайша айтқанда, Алла Тағала дұрыс өмір сүру қағидаларын ұсынады. Адамға пайдалысын парыз етіп, зияндысын арам етеді. Тіршіліктегі міндетін айқындайды. Сол міндетін, қызметін атқаруы үшін барлық жағдайды да жасайды.

Тағы бір тұстан қарасақ, адам тән мен рухтан (жан) тұрады. Тәнді уақтылы азықтандырмаса, әлсірейтіні анық. Сол сияқты жан да азыққа зәру. Тән – материя екенін білеміз, ал жан материя емес, рухани бір тылсым дүние. Негізі материя болған тәннің азығы материалды болмақ. Ал, жан рухани дүние болғандықтан, оның азығы да рухани болуы тиіс.

Уақытылы қоректенбеген тән әлсіреп, жаулары алдында қауқарсызға айналады, азық алмаған жан да солай әлсірейді. Жанның әлсіреуі рухани құлдырауға (моральды деградация), өзінің жаулары алдында әлсіреуге әкеп соғады. Сөйтіп, оған (жанға) жақсы нәрсе жаман, жаман жақсы болып көріне бастайды. Міне, дін – сол рухани құлдырауға жол бермейтін азық.

Алайда, ол дін Жаратқан ие тарапынан, пайғамбар арқылы келген, ақиқаттығында күмән жоқ дін болуы тиіс. Әйтпесе, иә пайғамбары жоқ, не қасиетті кітабы жоқ, сол қасиетті кітаптары негізінде шығарылған ғибадаты жоқ, адамдар ойлап тапқан «діндер», наным-сенімдер адамды о дүние тұрмақ, осы дүниеде де бақытты қыла алмайтыны анық. Одан қалды адамды толғандырған сұрақтарына жауап та бере алмайды.

Қорыта айтқанда, дін – еріккеннің ермегі емес және діннің талаптары молданың ғана міндеті емес. Дін – барша болмысты кемшіліксіз жаратқан Алланың адамзатқа берген нығметі, Дүние мен ақыретте бақытқа қол жеткізудің жолы. 

Қанат АЛШЫНБАЕВ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38