Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болғай! Біз Оны мақтап–мадақтаймыз, одан жәрдем және кешірім сұраймыз, сондай–ақ өз жанымыздың жамандығы мен қате іс–амалдарымыздан Алладан пана тілейміз. Ешқандай серігі болмаған Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед ﷺ Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік береміз.
Раббымыз Алла құлдарына ерекше мейірімді. Біз пенделер осы мейрімді иман ләззатын сезгеннен кейін біле бастаймыз. Егер адам бойында иман негіздері орныққан болса,ол кейін тамыры тереңге бекіп, бұтақтарын биікке самғатып, бүршік жарып, жапырақ жайып, жеміс беріп, зәулім бәйтерекке айналады. Бұл жеміс ол үшін дүниелік және ақыреттік азық болады.
Иман- ақылдың нұры,сана-сезімнің және жүректің өзара үйлесім табуы. Иман жолын көрсетушілер олар- пайғамбарлар иләһи кітаптар және солар көрсеткен бағытта өмір сүрген Алланың уәлі (дос) құлдары. Иман- иләһи сый. Ал бұл өмірдің сынағы- иманның дұрыстық дәрежесін өлшейтін таразы.
Құран кәрімде Алла Тағала:
مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Иман келтіріп, ізгі іс істеген ер мен әйелдерге баянды ғұмыр береміз. Әрі оларға істеген істерінің қарымына керемет сый арнаймыз», деген. (Нахл сүресі 97-аят)
Сонымен, иман деген не? Араб тілінде бұл сөз «әмәнә» етістігінен шығып илану, сену, бой ұсыну дегенді білдіреді. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздан ﷺ: «Иман деген не?» – деп сұрағанда: «Иман дегеніміз-Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,-деп жауап қайтарған. Яғни соңғы Елшінің ﷺ әкелген барлық нәрсесін (Құран, хадистер, құлшылықтар, әмірлер мен тыйымдар) мойындап, қабылдау, жүзеге асыру дегенді білдіреді. Осы айтылғанды ескеріп Әбу Ханифа (р.а) «Уәсия» атты кітабында иманға қысқаша мынадай анықтама береді:
الإيمانُ إِقْرَارٌ بِالِّسَانِ وَ تَصْدِيقٌ بِالْجَنَانِ
«Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту.»
Иман- мүміннің ең құнды да асыл дүниесі. Иман бүткіл ғибадаттардан жоғары тұрады. Өйткені, ғибадаттар тек иман арқылы өз қалыпын сақтайды. Мүмин құлдың иманның ең биік шыңына қарай өрлеп, жемісін көруі салих амал, яғни Алла ризалығы үшін жасалатын шынайы ниет, ғибадат және ізгі амалдар арқылы ғана мүмкін болмақ. Иман дегеніміз құрғақ білімнен тұрмайды, яғни теория жүзінде ғана білу емес, керісінше оны жүрекпен бекітіп, оның талаптарын іс-әрекеттеріміз арқылы жүзеге асыру демек.
«Алла елшісі ﷺ қасында отырған сахабаларына: «Сендер мүмінсіңдер ме?», – деп сұрағанда, хазіреті Омар (Оған Алла разы болсын): «Иә, Алланың елшісі! Біз мүмінбіз», – деп жауап берді. Содан кейін, Пайғамбарымыз ﷺ: «Имандарыңыздың белгісі не?», – деп сұрады.
Хазіреті Омар (Оған Алла разы болсын): «Жақсылыққа шүкір, қиыншылыққа сабыр етеміз, тағдырға разымыз», – деді. Жауабын тыңдап болған Алла елшісі ﷺ: «Қағбаның Раббысымен ант етемін! Сендер мүмін екенсіңдер!», – деді». Бұл хадистегі иманның белгісі тек құр Аллаға сендім деп жүру емес, керісінше Алланың берген жақсылықтары мен қиыншылықтарына сабыр ету екенін аңғарсақ болады.
Иман жүрекке орныққан соң, ол жерде ғапылдық пен надандыққа орын қалмайды.
Демек иман жүрегімізге орнықса:
– Ықыласты боламыз
– Тақуалығымыз артады
– Тәубе және истиғфарда боламыз
– Алланың және Елшісінің әмірлеріне мойынсұнамыз
– Бес уақыт намазымызды қалдырмаймыз
– Түңгі құлшылықтарымыз артады
– Дұға мен мінәжатымыз артады
– Аллаға және Елшісіне деген махаббатымыз артады
– Дін бауырымызға және күллі жаратылысқа деген махаббатымыз артады
– Турашыл боламыз
– Жағдайымызға разы боламыз
– Қарапайым мутауазы боламыз
– Хусни зан, жақсы оймен жүреміз
– Ар намысты ұятты боламыз
– Өзгелерді қәдірлеп, опалы боламыз
– Жомарт және қанағатшыл боламыз
– Дана және парасатты боламыз
Қысқасы, иман – «иман келтірдім» деген жай құрғақ сөз емес. Иман – мүминнің жүрегінің деңгейі мен кәмілдігінің куәсі. Иман сүйіспеншілігімен өмір сүретін әрбір мүмин оның жемісін көреді және қоғамның хәл-жағдайы үшін өзін жауапты сезінеді.Осы пәни дүниеде иманымыздың кемелденуі үшін қанша ізгі амал жасасақ, ақыретте Алла тағаланың құзырындағы дәрежеміз де соншалық болмақ. Иншә Алла !
Жаратушы Жаббар иеміз баршамызды иманның кемел дәрежесіне қол жеткізген және өмір-ақыретінде осы иманының жемісін көретін құлдарынан болуды жазғай! Әмин!
Қонев мешітінің наиб имамы Абдезов Дилшод