Жуырда бір ғұламаның ғибратты сөзін оқып қалдым. Мағынасы мынадай: адамдардың разылығы үшін бір ізгі амалды орындамай қою – рия, ал адамдардың разылығын көздеп бір ізгі амалды жасау – Аллаға ортақ қосу. Егер бізді Алла Тағала осы екі нәрседен сақтаса, амалын шынайы ықыласпен жасайтын құлдардан боламыз. Бұл өте маңызды мәселе. Жаратқан Жаббар Иеміз баршамызға осы нығметті нәсіп етсін!

Кейде адамдар мен туралы жақсы пікірде болсын деген оймен кейбір амалдарға немқұрайлы қарап қоямыз. Кей жағдайда адамдар мен туралы жақсы ойда болсын деген ниетпен жақсы амалдар жасап жатамыз. Түптеп келгенде, осындай қадамдар мұсылман пендесінің ықыласы мен шынайы ниетіне нұқсан келтіреді екен. Ал күнделікті орындайтын құлшылық кезінде түрлі кедергілерге кездесеміз немесе әртүрлі себептер болып қалады. Осы кедергілер мен себептерді жеңіп шығатын бір-ақ нәрсе бар. Ол – ықылас.

Имам Жүнәйд (Алла оны мейіріміне бөлесін) былай деген екен: «Ықылас – Алла мен пендесі арасындағы сыр. Оны жазып алатын періште де біле алмайды, ниетін бұзатын шайтан да біле алмайды, алған бетінен қайтаратын нәпсі де біле алмайды».

Расында ықылас пенденің ізгі амалын Алладан өзгенің назарынан сақтайды. Өйткені қасиетті кітабымыз Құранда былай делінген: «Расында, мен дінді тек Аллаға арнап, Оған құлшылық жасауға бұйырылдым» деп айт».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін Аллаға жасырын серік қосудан сақ болуға шақырған. Бірде Ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қауымының алдына шығып былай деген: «Уа халайық! Жасырын серік қосудан абай болыңыздар!» Сол кезде қасында тұрған сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Жасырын серік қосу дегеніміз не?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір кісі намазын оқи бастайды. Өзіне адамдардың қарап тұрғанын байқап қалып, намазын көркем түрде оқуға тырысады. Жасырын серік қосу дегеніміз осы» деп жауап берді.

Мұсылман баласы бұл нәрсені саналы түрде әдейі жасамауы мүмкін. Алайда білместікпен, өзгелер мен туралы жақсы ойда болсын деген пікірмен осындай амалдар орындайды. Қарапайым мысал келтірер болсақ, кейде жеке қалғанда оқылатын намазда қысқа сүрелер оқып, тез бітіруге асығатын кезіміз болады. Ал достарымызбен немесе басқа да адамдармен намаз оқығанда ұзақ сүрелер оқып, барымызды салып, көркем түрде орындауға тырысамыз. Осының өзі жасырын серік қосу болып саналады. Жеке қалғанда басқамыз, ал кісінің көз алдында жақсы болуға тырысамыз. Әрине бұл көп адамда кездесетін құбылыс. Алайда біз мұндай жүрек дертін емдеуге тырысуымыз керек.

Ол үшін қандай ізгі амал жасасақ та, ең әуелі ниетіміз Алланың разылығы болуы шарт. Жақыныңызға жасаған бір жақсылықтың қарымтасын сол кісілерден күтсек, бұл амал Алла разылығы үшін орындалмағандықтан, сауабы жазылмауы мүмкін.

Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келді де: «Сауаптан бөлек өзін адамдардың мақтағанын қалап, Алла жолында соғысқан адам туралы не айтасыз?» деп сұрады. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған Алланың алдында ешқандай сауап берілмейді» деп үш рет қайталап айтты да былай деді: «Алла Тағала Өзіне ғана арналған және Өзінің ризалығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді».

Құлшылықтың қабыл болуында шынайы ықыластың орны айрықша. Ғұламалар қырық күн шынайы ықыласпен құлшылық еткен адамға даналық нығметі берілетінін айтқан. Шынайы ықылас риядан сақтайды. Ғұлама Ибн Ужайба былай деген екен: «Бүкіл амалымыз денеге ұқсайды. Дененің рухы – шынайы ықылас. Ешбір дене рухсыз жер басып жүре алмайды. Сол секілді шынайы ықылассыз амалымыз да аяғын нық басып тұра алмайды. Шынайы ықылассыз орындалған амал кеудесінде жаны жоқ дене секілді».Ендеше, ықыласты арттыратын бірнеше ізгі амалды атап өтелік.

Ниетті түзеу. Адамның амалы ниетке байланысты. Ниеті қандай болса, амалы да соған сай орындалады. Халқымыз «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады» деген.

Расында нені ниет етсек, соны аламыз. Халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген нақыл сөз бар. Тағы бір хадисте айтылғандай, мүміннің ниеті амалынан жақсы. Алла Тағала құлдарына оның амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді.

Жеке құлшылықтар. Жеке құлшылықтар пендені риядан сақтап, ықыласын арттырады. Өйткені түннің бір бөлігінде намазға тұрған пенде адамдардың назарынан тыс қалады. Сөйтіп ол Раббысымен жеке қалып, құлшылық жасап, иманның ләззатын сезінеді.

Кітап оқу. Ықылас туралы жазылған кітаптарды оқысақ, оның мәні мен маңызын терең түсіне бастаймыз. Кітап – білім бұлағы. Кітап оқыған адамның зейіні ашылады. Құранда баяндалғандай, Алладан шынайы қорқатындар – ғұламалар.

Ғұламалармен бірге болу. Дін ғалымдарымен сұхбаттасу, олармен бірге көбірек уақыт өткізу адамның көңіл сарайын ашады, иманын күшейтеді, ықыласын арттырады. Ғұламалардың ғибратты сұхбаты пенденің білімін арттырып, құлшылыққа деген құлшынысы мен ықыласын оятады.

Жақсылықтың қарымтасын тек Алладан күту. Біз кейде біреуге жақсылық жасасақ, ол кісінің тарапынан да сол жақсылықты күтеміз. Асылында Алла разылығы үшін жасалған амалдың қарымтасын тек Раббымыздан күтуіміз керек. «Кезінде мен оған көмектесіп едім, ал ол маған қарайласуды қойды» деген сөздер жасаған жақсылықты міндетсінуге әкеп соғады. Ал жақсылықты міндетсіну – жиіркенішті амалдың бірі.

Хақ Тағала Құранда: «Ендеше, уақыт оздырмай, Аллаға жанұшыра жүгіріңдер» («Зәрият» сүресі, 50-аят) деп әмір еткен. Біз бұл аяттан тек Алланың разылығын алуға асығу, жақсылықта жарысу, әр сәтімізді сауапқа айналдыру қажеттігін түсінеміз.

Алла Тағала баршамызға әр амалымызды шынайы ықыласпен жасауды, риядан аман болуды нәсіп еткей. Әмин! 

Қуат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

 «Жәми» мешітінің бас имамы,

Жамбыл облысы, Шу қаласы

«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38