Қазақ қызын қонақ деп төрден түсірмеген, аялап өсіріп, ізгілік тәрбиесін бойына сіңірген халық.  Өз босағасынан аттап өзге шаңырақтың түтінін түтететін аяулы жандарымыз бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың болашағын жалғайды. «Барған жерінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысатын, сол елдің ұрпағында көбейтіп, мәңгі қалатын қыз баласы батыр ғой» деген екен  Бауыржан Момышұлы. Әрбір шаңырақта қыз баланың күлкісі естіліп тұрса, ол үйдің берекесі артады. «Алғашқы баланың қыз болуы әйелдің берекетінен» дейді хадис шарифте.  «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдармен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті» дейді Алла Тағала Құранда. Осы аятқа пікір білдірген Ибн Атыйа р.а. «Алла Тағала аятты бекерге қыз баладан бастаған жоқ. Себебі құрметтеуге, аялауға, қамқорлық көрсетуге қыз баласы лайықтырақ» деген. Ал, Уасил ибн Аскаь р.а. «Шындығында әйел бақыты, ұлдан бұрын қыз босанғанында. Өйткені Алланың өзі аятында, ұлдан гөрі қызды ілгері қойып жатыр ғой» дейді. Исламда қыз баласына деген құрметтің шегі жоқ. Бірде Пайғамбарымыздың жанындада отырған бір кісіге баласы келіп, тізесіне отырады. Әлгі адам оның бетінен сүйіп, еркелетіп отырады. Аздан соң жанына қызы келгенде оның бетінен сүймейді. Сонда Пайғамбарымыз с.а.с. «сен неге оларға әділетсіздік жасайсың?», –деп қатаң ескертеу жасайды.

Байқағанымыздай қызы бар үйдің берекесі бар. Ал сол қыз баланы имандылық пен ізгілікке тәрбиелеу әрбір ата ананың қоғам алдындағы борышы. Қоғам алдындағы борышын адал атқарған әке-шешенің жәннаттық болуға мүмкіндігі орасан зор. Абу Сағид Құдриде р.а. Аллаһ Елшісінің: с.а.с. «Кімде-кімнің қамқорлығына алған үш қызы немесе үш қарындасы болса,ол жаннатқа кіреді» дегенін жеткізеді. Қыз баласы дүниеге келгенде сол үйге Алла періштелерін жібереді. Періштелер бөпені қаумалап отырып, «Қандай ол әлсіз, әлсіз денеден шыққан мұқтаж жаратылыс. Егер оны әкесі, өсіріп, тәрбилесе, қиямет күніне дейін Алланың оған жәрдемі болады» десіп, сол үйге береке тілейді.

Әлбетте қыз өмірге келген соң оның тәрбиесіне мұқият көңіл бөлген дұрыс. Бабаларымыз «қызға қырық үйден тиым» деп отырып, қашан бойжетіп, өз теңін тапқанша көзден таса қылмай, бақылап отырған. Қызды ешқашан кемсітпеген. Ренжітпей, көңілі қалатындай сөз айтпай-ақ, жұмсақ мінез, көркем өнегемен тура жолынан тайдырмаған. Инабатты да көргенді қыздар тұтас ұлттың абыройы мен беделіне, өсіп өнуіне бар болмысымен қызмет етті. Соның нәтижесінде қазақ тарихында қаншама аруларымыз бен аналарымыздың есімі қалды. «Қыз бала әкесіне жұлдыз, шешесіне күн» деп ұғынған қазақ, қызын сыйламаса қырсық шалады деп түсінген. Сондықтан да ұлтымызда әсем жандарды айрықша ардақтайды.

Бүгінгі қыз бала күні ертең ел анасы, болашақтың қазіргі есігі. Ана құрсағынан шыққан әрбір нәресте тәуелсіз елдің тірегіне айналуы тиіс. Сондықтан да біздер үшін  қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз маңызды. Ата дініне берік халқымыз қызды қымтап ұстаған ұялмайды деп бекерге айтпаған. Ер азамат бұзылса өзімен кетеді, қыз жолдан тайса ұлттың тамырына құрт түсер. Бойжеткеннің адасуы күллі қоғамның адасуына соқтырары сөзсіз. Сондықтан да халықтың арын абыройындай сақтайтын, намысшыл, білімді қыздар тәрбиелеу басты міндетіміз болмақ


Қасымбеков Н. «Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti»  мешітінің азаншысы

Пайдаланған әдебиеттер:

Шура;49-50.

asyldin.kz

Ибн Асакир

Имам Бухари Адабул Муфрад

Имам Табарани

taglym.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38