ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына арналған «30 игі шара» жобасы аясында Шымкент қаласы, Абай ауданы «Торлан» мешіті жаңадан салынып, пайдалануға берілді.
Мешіттің ашылу шарасына Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жамалбек Шәріпбек, «Ерсұлтан -Агро» ЖШС-нің бас директоры Ерболат Мырзабеков, мешіт имамдары мен елді мекен тұрғындары т,б, азаматтар қатысты.
Игі шараның ашылуы Құран оқумен басталды. Және Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің «Торлан» мешітінің қауымына жолдаған арнайы құттықтау сәлемін жеткізіп, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
ҚМДБ-ның «30 игі шара» жобасын естіп, өз үлесін қосуды ниет еткен жаңа мешіттің демеушісі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шақпақ елді мекенінің тумасы «Ерсұлтан-Агро» ЖШС-нің бас директоры Ерболат Қалдарұлына және «Торлан» мешітінің жамағатына Алла Тағала разы болсын!
Осы тұста, «Торлан» мешіті қаланың ең шеткі аймағында орналасқан, осы мешітке Бас мүфти бұйрығымен тәжірибелі, білімді һәм білікті имам ретінде Ғалымжан Назаров тағайындалып, аз уақыттың ішінде онлайн оқытып 200-ге жуық шәкірттерге тәлім берді. Және үй пішімінде салынған ескі мешіт жанына жаңадан мешіт салуға кірісіп, бүгін пайдалануға берілді. Ал ескі мешіт (ДСАК) діни сауат ашу курсы ғимаратына айналып отыр. Жалпы, жаңа мешіттің көлік тұрағы, асханасы, неке және қабылдау, дәрісхана, имам, найб имам бөлмесі мен қабылдау бөлмелері орналасқан. Жаңа мешітке 250 жамағат бір мезгілде намаз оқи алады. Ал мешіттің құрылысына 17 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Жаңа мешіттің ашылуы елді мекен тұрғындарына қуаныш пен шаттық сыйлады. Игі шараның бастамашысы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі