Эпидемиялық жағдай кезіндегі сақтық шаралары дініміздің пайда болу заманынан бастау алады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде сахабаларына өмірді ең маңызды құндылық ретінде бағалап, індет тараған жерлерден алшақ жүруге шақырады.
«Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендердің тұрып жатқан жерлеріңде оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» деу арқылы біздің пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманауи карантин шаралары жайлы он төрт ғасыр бұрын айтып кеткені ақиқат.
Еліміздегі карантин шаралары аяқталғанымен, COVID-19 індеті әлі күнге дейін көптеген адамдардың өмірден озуына себеп болуда. Осы тұста, пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пандемияға қарсы кеңестері, мыңдаған адамдардың мүмкіндігінше үйлерінде болып, қауіпті вирустан сақтану шараларын қолдануға үндейді.
Пандемияның маңызды аспектілерінің бірі – адамдардың бір-бірімен қатынас жасауы. Вирустың қауіпті әсерін төмендету үшін, бір жерде бір уақытта адамдардың шоғырлануын мейлінше азайтуымыз керек.
Осы бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан көптеген жұмыстар жүзеге асуда. Соның негізгілерінің бірі – «Жақыныңа жанашыр бол» республикалық деңгейдегі сақтық шаралары аясында дүниеден өткен марқұмдарымыздың жетісі, қырқы, жылдық асы сынды салт-дәстүрімізге сай жоралғылардың орнына мүмкіндігінше мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасау.
Сүйікті пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалының барлығы үзіледі (тоқтайды), тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі немесе оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы» делінген.
Бұдан бөлек, «Сахих Бұхариде» Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген: «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә» деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».
«Мүслімнің Сахихында» да Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілді. «Бір кісі Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Атам қайтыс болды. Артында мал-дүниесі қалды. Алайда малы туралы ешқандай өсиет қалдырмады. Енді мен ол кісінің атынан садақа берсем, сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ия», – деп жауап берді».
Осы және өзге де хадистерге сәйкес, салихалы ұрпақтарының қайтыс болған әке-шешелері, ата-бабалары немесе өзге жақындарының атынан жасаған ізгі амалдарының сауабы, Алланың қалауымен марқұмдардың дәрежесінің өсуіне септігін тигізеді. Ғалымдардың пікірінше, аталмыш ізгі амалдардың ішінде ең абзалы деп садақа саналады.
Бұл жерде садақа дегеніміз міндетті түрде қаржылай көмек беру емес. Бір тұрмысы төмен отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетудің өзі – садақа. Сондай-ақ, адам өзінің шама-шарқына қарай қайырымдылық жасаса да болады. Егер біреудің жағдайы жетіп жатса, марқұм болған жақындарының атынан халықтың игілігі үшін жол салып, құдық қазып немесе кітап шығарса және адамдар бұл игіліктерді қаншалықты көп пайдаланса, Алланың қалауымен марқұм болған адам да соншалықты көп сауап алары анық. Атақты мұсылман ғұламасы аш-Шаукәни өзге ғалымдардың пікірін келтіре отырып, келесі қорытындыға келеді: «Ақиқатында, егерде кез-келген адам (ниет етіп) өзге бір адамның атынан игі іс жасауға, намаз (нәпіл намаз) болсын, ораза немесе қажылық болсын, садақа немесе Құран оқудың сауабы болсын, болмаса өзге бір жақсы іс болсын, сондай-ақ ол марқұмның туысы болса да, болмаса да құқылы. Бұл істердің сауабы марқұмға жетеді (Алланың қалауымен) және оған септігін тигізеді, – бұл сүнниттік төрт мазһаб ғұламаларының пікірі».
Алла жазса, барша адамзаттың басына қара бұлт болып үйірілген індетті де жеңерміз. Сол кезде марқұмдарымызды еске алып, дініміз бен салтымызға сәйкес барша жоралғыларды орындармыз. Дегенмен, қай кезде болсын Алла разылығы үшін берілген садақаның орны бөлек екенін ұмытпағанымыз абзал. Алла елімізге тыныштық нәсіп етіп, береке-бірлігінен айырмасын.
Әнуар Ізімбайұлы,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы