Ислам дінінде Алла тыйым салғаны үшін кейбір жануардың етін жеуге болмайды. Ондай тыйымдарда көптеген хикмет бар. Дүниесін және ақыретін ойлайтын адам дініміздің халал деген нәрсеін жеп, харам деген нәрсесінен тыйылуы керек.

Алдымен шатағы көп шошқаның неге харам болғаны туралы аят-хадистерге назар аударсақ. Қасиетті Құран Кәрімде: «(Уа, Пайғамбар): «Маған уахи етілгеннің ішінде азықтанған жанға өлік, аққан қан, шошқаның еті – өйткені ол лас нәрсе немесе Алладан өзге үшін шалынған пасықтықтан (малдан) басқа нәрсенің харам етілгенін таппадым» деп айт. Ал кім тыйымға қарсы шықпай әрі шектен аспай (харамды жеуге) мәжбүр болса, онда Раббың – Аса Кешірімді һәм Мейірбан!» («Әнғам» сүресі, 145-аят). Және «Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды) қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам етті», – деген («Бақара» сүресі, 173-аят).

Кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе, оның мерейі тасып, ырысы асады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят). Және мына аятта «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 88-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді», «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол – берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер», «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпті, диқаншылық пен мал бағуды үндеді. Себебі Қиямет күнінде адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қайда жұмсағаны сұралады.

Осы орайда Лұқпан хакімнің мына өсиетіне ұдайы назар аударған жөн. «Ұлым, адал кәсіп етіп, өзіңді жоқшылықтан сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады. Біріншісі, дінін әлсіретеді. Яғни сеніміне кір келтіреді. Өйткені кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді. Екіншісі, ақылын азайтады. Өйткені мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншісі, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады» деген екен.

Ислам дінінде жеуге тыйым салған доңыз еті – нәжіс, жиіркенішті. Оның харам болуының бірнеше себебі бар:

* Доңыз етін, сол секілді арам етілген нәрселерді жеп-ішкеннің дұғасы қабыл болмайды.

* Медициналық тұрғыдан доңыз етінде адамға зиянды вирус өте көп.

* Доңыз кез-келген нәрсені жей береді. Тіпті тышқан және тышқан сияқты нәжіс нәрселерді жейді. Нәжіс жеген кез келген хайуанның еті арам саналады.

* Доңыз табиғатынан қасиетсіз хайуан. Доңызда мейірім деген болмайды.

* Доңыздың еркек торайы енесіне шабады. Ұрғашысы өзінің торайын жейді. Кім доңыз етін жесе, ол адамның мінез-құлқына әсер етеді.

* Доңыз еті құрамында хистамин және имидазол делінетін заттар бар. Олар адамның терісін қышытып, есекжем, бөртпе, дерматит сияқты тері ауруларына ұшыратады.

* Доңыздан пайда болатын тағы бір қатерлі ауру – трихина ауруы. Трихина құрттары асқазан арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды.

* Доңыз тұмау таратады. Вирусолог Ричард Шоптың айтуынша, шошқа шұжықтарында тұмау вирустары болады.

* Доңыз етінің көп бөлігі майдан тұрады. Сондықтан доңыз етін жеу семіздікке соқтырады.

Атақты ғұлама Ибн Кәсир былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді» («Тәфсиру әл-қурани әл-Азим», 2/264). Демек шариғат тұрғысынан да, медициналық тұрғыдан да шошқа еті лас әрі адамға зиян. Ислам ғалымдары доңыз етінің жетпіске жуық түрлі сырқат тудыратынын айтқан. Сондықтан күнделікті жеп жүрген ас-судың адалдығына һәм тазалығына мән беру қажет! 

Бақдәулет АБДРАХМАНОВ,

Шымкент қаласының бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38