Қазақ – сонау көнеден бастау алатын тарихы бай халық. Көнеден күні бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, тарихы, тілі, әдебиеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалыптасқан-ды. Осындай қасиеттерге қоса еліктегіш қасиеттеріміз де жоқ емес. Бірақ достыққа берік, жауға сес көрсете алатынымыз тағы бар. Міне, осы қасиеттеріміз кейде өзімізге таяқ болып та тиетін кездері болады. Сенгіштігіміз бен сыйлы-құрметімізді пайдаланып жүрген, арам пиғылдағы жандар көбіне осыны пайдаланады. Бүгінде ғасырлар бойы ұстанып келген дініміздің жан-жаққа бөлініп кеткенін қалайтындар бұл халімізді өз мүдделеріне тиімді пайдаланғысы келеді. 

Әсілі Ислам дінінде бөліну жоқ, бірін-бірі сынға алып, жақ-жақ болып айтысып-тартысу да жоқ. Онда бағыт бар, басты ұстаным бар, ғұлама-ғалымдардың салып кеткен сара жолдары бар. Бұл жолдар бірін-бірі жоққа шығармайды, керісінше бірін-бірі толықтырып отырады. Сол себепті дінді терең түсінбей, сараптама жасамай пәтуа бере салу үлкен қателік.

Қазақ халқы ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ислам діні қоғамда, мемлекетте тыныштықты, адамгершілікті, парасаттылықты насихат етеді. Алла Тағала адам баласын Құран Кәрімде: «Ол – жаратылғандардың ішіндегі ең абыройлысы», – деп дәріптейді. Сондықтан ата-бабаларымыз осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, ұрпағын ізеттілікке, ізгілікке тәрбиелеген.

Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.

Дін дегеніміз – тек сенім жүйесі емес, өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар жүйесін қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған халықтың болашағы зор болмақ.

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткен тарихымыз, болашағымыздың кепілі.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіләлемдік қоғамдастық, соның ішінде тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.

Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгертуге тырысады. Өйткені кез-келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өз ықпалын жүргізуге ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған адамгершілік құндылықтарын қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау.

Халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы дәстүрлі дінмен үндесіп жатыр. Шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп бұйырса, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің – тақуа болғандарың», – деген. Осы ұстанымды басшылыққа алған мұсылмандар ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді.

Ислам дінаралық келісімді насихаттайтыны рас. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін де ешкімді Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Керісінше адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және Ислам бойынша ақысы», – дейді. Осылайша, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ ол адам қай дінді ұстанса да онымен жақсы қарым-қатынаста болу – біздің міндетіміз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сонымен қатар басқа дін өкілдерінің құқығын сақтау және олармен жақсы қатынаста болу әрбір мұсылманның міндеті екенін шегелеп айтып кеткен еді.

Орта Азияда етек жайған Әбу Ханифа мәзһабының құндылықтарына тоқталар болсақ, Исламның қазақ даласына енген алғашқы әрі одан кейінгі кезеңдерінде оның дүниетанымдық көпқырлылығы, әсіресе адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, даланың дана ойшылдарының философиялық тұжырымдарында да көрініс тапты. Исламның ерекше мәдени жетістігін және оның өзара диалог пен түсіністікке негізделген әлем мәдениетінің айнасы екенін атақты бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, одан кейін оның ізбасары, энциклопедиялық білімдар және ғылым қақпасын ашқан Ибн Сина, өзінің тауил теориясы арқылы Қазақстанға Матуридилік мектептің кең таралуына жол ашқан-ды.

Бұл тізбекті одан әрі қарай, қазақ даласының данагөйі, барша түркі елінің тәлімгері әрі ұстазы Қожа Ахмет Иасауи, ойшыл және әлем мәдениетінің данышпаны Абай мен оның ізбасары, ойшыл Шәкәрім шығармаларына жүгіну арқылы ашуға болады. Бұл – адамгершілік құндылықтарына негізделген дәстүрлі Исламды жеткізудегі ұрпақтар арасындағы сабақтастық.

Осылайша қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке негізделген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Орта ғасырлардағы Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи, Қауам ад-Дин әл-Итқани, Кердері, женттік Жендилер сынды ғұламаларымыз араб елдеріне барып, әлемдік оқу орындарында өзге ұлт өкілдеріне дәріс оқып, ханафи және матуридилік тәлім-тәрбие берген.

Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани құндылықтарын сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра етіп қалдырған халықтың ғана өркениетті ел ретінде жарқын болашағы бар. Бүгінгі аға буынның міндеті – әртүрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі Ислами құндылықтарды қаз-қалпында келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру.

Әбу Ханифа мәзһабы біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, үндесіп жатыр. Бұл діни мектептің біздің болмысымызда тамыры тереңге кетіп, ұлттық мәдениетімізбен сабақтасып кеткен. Бір сөзбен айтқанда Әбу Ханифа мәзһабы – қазақ мұсылмандығының алтын діңгегі. Қазіргі таңда дінге бет бұру артып келе жатқан, кептелісі көп өмір жолында қазақ жастары үшін Әбу Ханифа мәзһабы – «жол бағытын реттеуші бағдаршам іспетті» десем, артық айтқандық емес.

Камалжан ТҰРДЫБАЕВ,

ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері

бөлімінің меңгерушісі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38