Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар. Патшаларымыз бен батырларымыз, билеріміз бен көсемдеріміз ұлан ғайыр жерді ақылымен, күшімен, адалдығымен ұрпағына аманаттап кетті. Бұл біздің – Отанымыз.
«Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды” – деп жырлаған Мұқағали.
Отанды құрметтеу, сүю, көздің қарашығындай сақтап қорғау әрбір азаматтың борышы. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Және бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) айтады: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» Құстың қанатын талдыратын ұлан байтақ жеріміз, осы жерді мекендеген он сегіз миллион отандасымыз әрбіріміз үшін баға жетпес байлық. Әлемді сан жағынан қазақтан әлдеқайда көп ұлттар бар. Дегенмен кейбірінің тұрақты жері, шекарасы болмағандықтан кірменің күйін кешіп жүр. Осы тұрғыдан алғанда біз мол бақыттың иесіміз. Ал бақытты бағалай білу міндетіміз. «Қазақстандықтардың туып-өскен жері бар, бұл біздің Отанымыз» дейді Н. Назарбаев. Азаматтардың бойында халқына,туған жеріне деген патриоттық сезім болуы керек. Бұл еліміздің өсіп өркендеуіне ықпал ететін басты фактор. «Отаны бірдің жүрегі бір, Жүрегі бірдің тілегі бір» дейді халық даналығы. Отанға деген құрмет отбасына, өскен ортаға, өлкенің табиғатына деген құрметтен басталады. «Әй мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» – деп ескертеді Алла Тағала Қасиетті Құранда.
«Бала берсе тезінен, пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, артылып туса өзімнен!» – деп Ақтамберді бабамыз армандаған бүгінгі ұрпақ біз боламыз. Бабалар үмітін ақтау, адалдық таныту бүгінгі қрпақтың ұлттық борышы. Жауына сүйікті әйелін, желден жүйрік тұлпарын берген Мөденің тоқымдай жер үшін соғысуы тарихтың бізге қалдырған ғибраты. Қаз дауысты Қазыбек би небәрі он төрт жасында қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға қасқайып тұрып: «Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» деп елінің намысын қорғап, азулы қалмақтан тұтқынға түскен отандастары мен мал-мүлкін алып қайтқан еді. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Отан – оттанда ыстық», «Отан үшін отқа түс күймейсің» деп, дана халқымыз баланы жасынан-ақ отансүйгіштікке тәрбиеледі. Отанды қорғау – мұсылман баласы үшін сауап болары анық. Себебі хадисте: «Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» делінген. Заманында «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» ойлаған Бейбарыс Мысырдағы бүкіл байлығы мен билігін тастап туған жеріне оралды. Бұл Отанға деген сағыныштың бүйірді тепкілеп тыныш жатқызбайтынын көрсете керек. «Жауда қалған бұлбұлдан Отанға кайтқан ит артық» дейді қазақта. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға кетіп бара жатып, туған өлкесіне қимай ұзақ қарағыны ислам тарихынан белгілі. «Алланың атымен ант етейін, егер қауымым мені қуып шығармағанда сені тастап басқа өлкеге бір адымда жүрмес едім», – деді жүрегін қимастық билеп тұрып. Хазіреті Әли р.а. «Адамгершілігіңе жамандық жасаса, оны кешір. Ал егер ол Отанына және халқына жаманшылық етсе, әсте кешірмеңдер» деген екен. Пайғамбар с.а.с.дұғамен емдегенде: «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады» дейді екен. Демек туған жердің топырағы жанға қуат тәнге шипа екені сөзсіз.
Сан алуан ұлт өкілі мекендеген тәуелсіз елдің азаматы болу зор ғанибет. Өз еліміз, жеріміз, Туы мен Әнұраны, Елтаңбасы бар, әлемге танылған мемлекетпіз. Талайлар қызыға қарайтын, еркіндігі салтанат құрған Қазақ елі гүлдене түсері сөзсіз. Тәңігі тарту еткен тәуелсіздікті баянды ету үшін татулық пен ауызбіршіліктің маңызы зор. Береке мен бірлік салтанат құрған жерде ырыс пен бақтың тұғыры биік болмақ. Ендігі бағытымыз осы жолда аянбай еңбек ету. Бойымыздағы ұлтқа деген сүйіспеншілік ұлғая түссе, жылылық, мейірім, қанағат күшейе түсері сөзсіз.

Нұржан Қасымбеков.
Шымкент қалалық орталық
«Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti» мешітінің азаншысы.

Пайдаланған әдебиеттер:
Бұхари
Semey-mehet.kz
Azan. kz
Muftyat. Kz
Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12.
Муслим, Имара 163. II, 1520.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38