Жәннат – Мұсылмандардың мәңгілік мекені.
Жәннат – Хақ Тағаланың сүйген құлдарын қуанышқа бөлейтін мекені.
Шындығында да ақырет күні сауап пен жазалау орнының болатындығын Исламнан бұрынғы шариғат иелері де мақұлдаған. Осы себептен жұмақ пен тамұқтың барына және ақыретте болатынына иман келтіру – уәжіп. Ал бұларды мойындамағандар кәпір болады.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі жәннаттың биіктігі мен ұзақтығын білдіреді: «Жәннаттың жүз дәрежесі бар, бүкіл ғаламдар олардың біріне ғана сыйып кетеді», – деген. Сонымен қатар, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген еді: «Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фирдаус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында тұрғаны. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар» (Бұхари, Тирмизи, Жәннат, 4 (2531).
Мұсылман баласы үшін жәннатқа кірудің көптеген күш-қайратты, үлкен сенімді, үкілі үмітті қажет ететіндігі белгілі. Осы бағытта Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылып отырғандай, Алла тағалаға дұға етіп, соған сай амал-әрекет жасап барып қана жәннатты сұрауымыз керек. Ал Фирдаус жәннатын сұрауға кеңес берілуін Алла тағаланың кең рақымына байланысты ұғамыз. Алла тағаладан бір нәрсе сұрағанда, ең үлкенін, ең ұлысын, ең артығын сұрау керек.
Бір бәдәуи Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), мен атты жақсы көремін, жәннатта ат бар ма?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз («оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатқа кіретін болсаң, жақұттан (жаратылған) қос қанатты ат саған әкелінеді. Сен соған мінгізілесің, ол ат сені қалаған жеріңе ұшырып апарады», – деді (Тирмизи, Жәннат, 11). Бұдан ұғатынымыз, жәннатта адам көңілі қалаған нәрсенің барлығы да артығымен бар. Хадисте айтылып тұрғандай, жәннаттағы аттар бұл дүниедегі аттардан бөлек, ерекше. Тіпті оның қос қанатты әрі жақұттан екендігі білдірілген, бірақ біздің сонда да ақылымыз бен көңіл көкжиегіміз ол аттың сыр-сипатын толық қамти алмайды.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Жәннатқа алғаш кірушілер толған айдай жарқырап кіреді. Олардан кейін кіруші топ жарық сәулесі жағынан ең үлкен жұлдыздай болып кіреді. Жәннат иелері кіші дәрет те, үлкен дәрет те сындырмайды, түкірмейді, мұрнын босатпайды. Тарақтары алтыннан болады. Денесінен шыққан терлері миск жұпары болады. Жұбайлары қара көзді хор қыздарынан болады. Олар аталары Адамның жаратылысындай алпыс құлаш (зиръа) бойлы және бәрі бір адамдай бірдей бейнеде болады», – деп айтылған (Бұхари, Бәдиүл халқ, 8, Әнбия; Мүслім, Жәннат 15, (2834;); Тирмизи, Жәннат, 7 (2540).
Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың мына хадисін жеткізген: «Жәннат иелері денесі түксіз, жүздері сақалсыз, көздері сүрмелі болады. Олардың жастық шақтары қайтпайды, киімдері ескірмейді» (Тирмизи, Жәннат 8 (2542).
Жұмаққа кімдердің кіретінін Құран Кәрім көптеген аяттарынан көруге болады: «Ал бейіш тақуалардан алыс болмайды, таяу жерде тұрады. Оларға: «Бүкіл тәубеге келгендер мен сақтанушылар үшін уәде етілген (жәннат) міне, осы. Олар Рахманды көрмей-ақ иман етіп, тәубелі жүрекпен келеді. Жәннатқа сау-саламат кіріңдер, мәңгілік күні осы», – делінеді («Қаф» сүресі, 31-34 аяттар). Бұл аяттарда тақуалық, өзін күнәлі істерден сақтаушы, ғайыпқа иман етуші, тәубелі жүрек туралы сөз болған.
Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде тақуалардың сипаттары деп мыналар аталған:
1. Ғайыпқа иман келтіру;
2. Намазды толық орындау;
3. Алланың рызық-несібесінен жұртқа тарату;
4. Құран Кәрім мен одан бұрын түскен кітаптарға сену;
5. Ақыретке анық илану («Бақара» сүресі, 2-4 аяттар). Байқап отырғанымыздай, бұл амалдар адам жанын пейішке жетелейді.
Кейбір аяттарда жәннатқа Алланың үкімдері мен Пайғамбардың әмірлеріне бойұсыну арқылы кіруге болатыны айтылған: «Кім Аллаға және елшісіне бой ұсынса, астынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы» («Ниса» сүресі, 13-аят). Олай болса, Жаратушы Иеміздің бұйырған істерін орындап, тыйым салғандарынан іргемізді аулақ салуымыз керек.
Жәннатқа апаратын ізгі амалдардың үлгісін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) достары, саңлақ сахабалардың өмірінен де көреміз. Меккеден көшіп келген муһажирлар мен оларды Мәдинада туған бауырындай күтіп алған ансарлардың өмірлері ізгілікке толы.
Жәннатқа кірушілер туралы Құран Кәрімнің «Зүмәр» сүресінде: «Ал Раббыларына қарсы келуден сақтанып жүргендер топ-тобымен жәннатқа жеткізіледі. Жәннатқа жетіп, есіктері ашылғанда, оның сақшы періштелері: «Сәлем сендерге. Сендер жақсы болдыңдар, жақсы өмір сүрдіңдер, енді мәңгі қалу үшін мұнда кіріңдер», – дейді. Шындығында да, мәңгілік бақыт сарайының қызметші періштелерінен осы сөздерді есту де зор ғанибет. Ұмтылсақ, осыған ұмтылуға тұратындай емес пе?! Ал жәннаттағы ғұмырдың мәңгі болуы өз алдына бөлек қуаныш. Бұл дүниеде түсі оңбайтын, қызығы таусылмайтын, адамға бітпес шаттық сыйлап тұратын ешбір қызық жоқ екені бізге мәлім. Бәрі де тозады, қурайды, түсі оңады, таусылады. Олар адамды бір жалықтырмай қоймайды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінде біраз нәрселер айтылған: «Алла тағала жәннат иелеріне: «Ей, жәннат иелері», – деп тіл қатады. Сонда олар: «Уа, Раббымыз, айтыңыз! Әміріңе құлдық, жақсылық Сенің қолыңда», – дейді. Құдай тағала: «Разы болдыңдар ма?» – деп сұрайды. Олар: «Уа, Раббымыз! Разы болмай не болыпты, Сен бізге басқа ешқандай мақлұқатқа бермеген нығметтеріңді нәсіп еттің ғой», – деп жауап береді. Алла тағала: «Одан да көбірек берейін бе?» – деп сұрайды. Жәннат иелері: «Мынау бергендеріңнен артық не бар?» – деп жауап қайырады. Жаппар иеміз: «Мен сендерге енді разылығымды беремін. Бұдан соң сендерге мәңгі-бақи ашуланбаймын», – дейді» (Бухари, Риқақ 51, Таухид 38; Мүслим Жәннат 9, (2829;); Тирмизи Жәннат 18 (2558).
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сахабаларына ертелі-кеш намаздарында: «Уа, Алла тағалам, бізді оттан сақта және жақсылармен бірге жәннатқа кіргізе гөр», – деп бірнеше рет дұға жасап отыруды кеңес бергені мәлім. Сондықтан бәріміз де осы дұғаны намаздарымыздан кейін бірнеше рет қайталап отырғанымыз жөн.
ҚМДБ Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, «Ислам жолы» мешітінің имамы: Өмірзақ Мамырхан Батуханұлы.