«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Хәкім Абайдың өзі жырлағандай, қазақтың бас ақынының бақилық болғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, артында исі қазаққа ғұмырлық рухани азық болар өшпес мұрасы, тайға салған таңбадай ізі қалды.
Өмірі мен шығармашылығын зерттеп, Абайдың жанына толық үңіле алмаса да, көпшіліктің ешқандай мерейтойсыз, атаулы күндерсіз-ақ іздейтін екі ақыны болса, соның бірі осы – данышпан Абай.
50-ден астам шығарманы қазақша сөйлеткен даңқты ақынның өлеңдері де және оны дүниежүзіне танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы да әлемнің көптеген тіліне аударылды. Содан болар жыл сайын интернеттен шамамен 12,5 млн рет Абай туралы мәлімет ізделеді екен. Ал ЮНЕСКО 1995 жылды – Абай жылы деп белгілеген болатын.
Данышпан ақынның:
«Әуелі хаят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы?» – дегеніндей, бүгінгі таңда уағыз айтар имамдар Құран аяттары Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерімен сөздерін қуаттай келе, халық даналығымен, әсіресе осы Абайдың қара сөздері немесе өлеңдерімен насихаттарын көркемдеп отыратынын жақсы білеміз.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өйткені ұлт руханиятының темірқазығы саналатын Хәкім Абай – әрқашан жүрегімізде. Өлеңдері мен қара сөздерін күнде оқып жүрмесек те, үйден шығып көшеге аяқ басқаннан-ақ оның атымен аталатын не көшеге, не даңғылға, болмаса мектеп пен оның құрметіне қойылған үлкенді-кішілі ескерткіштерге жолығасыз. Биыл ақынның 175 жылдығына орай оның мұралары бұрынғыдан да артық насихатталып жатқаны тағы белгілі.
Елімізден бөлек алыс-жақын шетелдерде Абайдың ескерткіштері және оның атындағы 30 көше мен даңғыл бар. Ал еліміздің қай аймағын алып қарасаңыз да, Абай атындағы мектептің де, көшелердің де және ескерткіштердің де барына көз жеткізесіз. Тіпті, бірнеше облыста Абай атындағы 30-ға таяу аудан орталықтары, ауылдар да бар екен.
Біреу білер, біреу білмес, «Абай әлемі» /www.abaialemi.kz/ cайтында Абай ескерткіштерінің картасы жарияланған. Осы картада еліміздегі Абайдың 17 ескерткіші белгіленген болса, біз соның кейбірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Алматы қаласының Абай даңғылы басталатын тұста орнатылған хәкімге арналған ескерткішті білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Мүсіннің жасалу тарихы өз алдына бір әңгіме. Өйткені мүсінші Хәкімжан Наурызбаетың туындысы жазушы Мұхтар Әуезовке бірден ұнай қоймайды. Тіпті бірнеше рет өзгертілген. Абайға арналған тұңғыш ескерткіштің тұғырын сәулетші И.Белоцерковский қызыл граниттен қаласа, мүсінін Х.Наурызбаев қоладан құйған. Ескерткіштің тұтас биіктігі – 13,7 метр.
Абайға арналған ескі ескерткіштердің бірі Семей қаласындағы Абай алаңына орнатылған. Тастұғырда данышпанның «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең шумағы жазылған. 1972 жылы ашылған бұл ескерткіштің авторлары – мүсінші Д.Элбакидзе, сәулетші Шингарев.
Ойшыл ақынның Орал қаласындағы ескерткіші 2002 жылы 27 тамызда ашылған. Қаланың орталық алаңынан орын тепкен ескерткіш, граниттен жасалып, классикалық үлгідегі тұғырда бой көтерген. Авторы – мүсінші Нұрлан Далбай.
2006 жыл елімізде «Пушкин жылы», Ресейде «Абай жылы» деп жарияланған еді. Осыған орай Тәуелсіздік күні Петропавл қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы мен орыс ақыны Александр Пушкинге арналып ескерткіш ашылды. Абай-Пушкин композициясы екі халықтың достығын паш етеді. Символикалық тіршілік ағашымен жалғасқан Абай мен Пушкин композициясының биіктігі – 5,2 метр, осы тұлғалардың өмір сүрген дәуірлерін бөліп, сонымен бірге мәңгілік символы ретінде біріктіріп тұр. Ескерткіш авторлары – мүсінші К.Сатыбалдин, сәулетші С.Баймағамбетов және В.Затай.
Қарағандыдағы Абай ескерткішіне қола мен гранит қолданылған. Биіктігі 9,9 метр болатын бұл ескерткіш Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімінің көркем-өндіріс комбинатында құйылған. 2008 жылы ашылған туынды авторлары – мүсінші А.Нартов пен суретші Е.Шахиев.
Өскемен қаласының Республика алаңына орнатылған Абай ескерткіші 2009 жылдың 29 тамызында ашылды. Ескерткіш авторлары – мүсіншілер Ескен Сергебаев және Бақытжан Әбішев. Абай ескерткішін Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды қаласындағы облыстық бөлімі әзірледі. Ескеркіштің биіктігі – 5 метр 40 см. Басқыштары мен тұғыры – 7 метр 80 см. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 13 метр 20 см. Қола мүсіннің салмағы – 5 тонна.
Хәкімнің елордадағы еңселі ескерткіші Есілдің оң жақ жағалауындағы Орталық алаңға таяу орнатылған. Осыдан аттай он жыл бұрын, яғни 2010 жылдың 19 маусым күні салтанатты ашылу рәсімі өтті. 7 метрлік тұғырда бой көтерген Абай мүсінінің биіктігі – 7,5 метр. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. Оның туындысы ескерткіш ашылардан алты ай бұрын мүсін эскиздерінің байқауында жеңіске жеткен.
…Ел аман болса, Хәкім Абайдың әлі талай ескерткіші елімізде де, шетелдерде де ашылатыны анық. Данышпанның өлеңдерімен сусындап өскен ақиық ақын Мұқағали Мақатай «Абай – Гималай» деп жас шағында-ақ бір ауыз сөзбен Абай тұлғасын биікке көтерсе, біртуар талант иесі, әйгілі актер, режисеер Шәкен Айманов қазақтың бас ақыны туралы толықметражды фильм түсіруді армандап кеткен екен.
Әрине Абай бейнесі, есімі кездесетін ескерткіш, көше мен мектеп атауы, кино, спектакль, сурет, графика, мұның бәрі данышпан ақынды есімізге салып тұратын атрибуттар ғана. Ал онымен рухани үндес болу – басқа әңгіме…
Дайындаған Ермұрат Назарұлы