Қазіргі таңда ел ішінде «Пандемия жағдайында қасиетті Құрбан айт мейрамы қалай аталып өтілмек, қаупі асқынып, қыспаққа алған індетке қарсы күреске халықты жұмылдыруда, жұртты пандемиядан сақтануға шақыруда Діни басқарма, діни қайраткерлер нендей жұмыстар атқаруда, сондай-ақ кейбір діни рәсімдерді тоқтатуға немесе оларға қатысатын адамдардың санын шектеуге қатысты қабылданып жатқан шешімдер Ислам талаптарына сай келе ме?» деген мазмұндағы сұрақтар жиі қойылуда.
Осы орайда, яғни аталған және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен жүргізген әңгімемізді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
– Исі мұсылманның ең қадірлі мерекесінің бірі – қасиетті Құрбан айт таяп қалды. Қазіргідей жағдайда осы мерекені атап өтудің қандай жолын ұсынасыздар?– Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Биыл елімізде Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі Орталық Азия ғалымдарымен кеңесіп, осындай ортақ пәтуа қабылдады. Елдегі пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмайды.
Құрбан айт күні мұсылман баласы адал ниетпен құрбан шалып, қайырымдылық жасайды. Біз елдегі пандемияға байланысты тұңғыш рет онлайн құрбан шалу жобасын қолға алдық. Осы бағытта qurban2020.muftyat.kz сайтын іске қостық. Бұл – делдалдық қызмет емес, қайырымдылық бағыттағы шара. Індет тарауының алдын алып, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп тудырмау мақсатында биыл құрбандық етінің үштен бір бөлігі құрбандық шалушы адамға берілмейді, түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Бұл шешімге түсіністік танытып, дұрыс қарауға шақырамын.
Онлайн режімде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Осы тәжірибені енгізудегі мақсатымыз – жұртшылықты індеттен сақтау.
Ескеретін жайт, құрбандық шалу рәсімін ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдігі жергілікті әкімдікпен келісіп, айт күндері белгіленген орындарда санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырады.
Айт кезінде туысқандарға, дос-жарандарға барудан өзімізді шектейік. Бұл мәселеде жауапкершілікті әр адам өзінен бастауы керек. Жағдай тұрақталмайынша, Құрбан айттың үш күнінде үйге қонақ шақырмай, келетін кісіге індет жағдайын алдын ала ескертіп, мәселені өзіміз реттеп отыруымыз қажет. Осылайша әуелі өзімізді қорғайық, сол арқылы отбасымызға қорған болайық. Бұл жауапкершілік барлық адамға қатысты деп санаймыз.
Айтта туысқандарды телефон арқылы құттықтап, мүмкіндік болып жатса айттық сыйлығын жіберсе нұр үстіне нұр болады. Мейрамды тойлаудың, туған-туыстарды қуанышқа бөлеудің осы форматына ауысқанымыз абзал.
Қазір тойлаудың емес, денсаулық пен өз өмірімізді ойлаудың кезеңі. Кішкене сабыр етейік. Алла қаласа, 2 тамыздан кейін мешіттеріміз де ашылады деген үміттеміз. Мамандар қауіпті індеттің беті қайта бастағанын айтуда. Алла қаласа, бәрі жақсы болады. Жақсы күндер алдымызда. Пәтуаларымыз бен үндеулерімізге түсіністікпен қарап, соған бойсұнайық. Өзіміз бен өзгелердің өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарайық. Сонда ғана біз бұл сынақтан аман-есен өтеміз.
– Өкінішке қарай, жұқпалы індетті жұқтыру ошақтарының бірі қаралы жиындар болып отырғаны белгілі. Жаназаға қатысу мұсылман үшін қанша жерден сауапты іс десек те, қазіргі жағдайда оны мейілінше аз адаммен өткеру қажеттігі туындауда. Осыған байланысты қандай шешім қабылданды?
– Әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайдылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де теріс әсерін тигізері хақ. Еліміздегі карантин талаптарын сақтап, індет таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Осы мәлімдемеде мәйітті жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу кезінде санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтау міндеті айтылды. Сонымен қатар жаназа намазын 5 минут ішінде оқуға, мәйітті жерлеген соң халықты көп ұстамай лезде қайтаруға пәрмен бердік. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға үндедік. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. құдайы астарды елімізде эпидемиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтатуға шақырдық. Имамдар осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Алайда кейбір азаматтарымыз бұл ұсыныстарымыз бен кеңестерімізге немқұрайды қарап, өзімен қоса өзгелердің де өміріне қауіп төндіруде. Әрине бәріміз де топырақты өлімде төбе көрсеткіміз келеді. Бірақ қазір сезімге берілмей, ақылға салып шешім қабылдайтын сәт. Осыны жамағат түсінуі тиіс. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», деген. Жиындар мен құдайы астарға барудан бұрын өзіміздің, отбасымыздың, туған-туысымыздың өмірі мен болашағын бір сәт ойласақ. Мұсылман ғалымдары: «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген. Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет.
– «Абай жолы» эпопеясында хакім Абайдың Семейді жайлаған індетпен күрескені, Сармолла есімді молдаға халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін айтқаны баяндалады. Содан Сармолла жедел іске кірісіп, жаназаға халық аз жиналсын, мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын, ол үйде ас ішу, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқтатылсын деген мазмұнда пәтуа шығарады. Осыдан кейін тұрғындардың қаралы жиынға көптеп баруы барынша шектелген екен. Халық имамдардың сөзіне құлақ асып жатыр ма?
– Мүфтият діни бірлестік болғандықтан, біздің пәтуаларымыз бен шешімдеріміз ұсыныс, кеңес ретінде айтылады. Алайда, пәтуаға бойсұну – мұсылманның міндеті. Халықты тағы да пәтуаға бойсұнып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулыққа салғырттық таныту қауіп пен қатерге әкеп соғады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануды, жиын-тойлар мен құдайы астарға мүмкіндігінше бармауды сұраймыз.
Өзіңіз айтып кеткендей, Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Бірінші кезекте, Абай жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасау қажеттілігін халыққа түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді. Сармолла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді.
Бүгінде имамдарымыз осы мазмұнда өздерінің насихаты мен кеңестерін жеткізіп-ақ жатыр. Алайда сезіммен, намыспен қаралы жиынға барып қоятындар бар. Соның салдарынан төсек тартып, ауырып қалған жандарды да жақсы білеміз. Осы ретте үй иесіне артылатын жауапкершілік те үлкен. Қазалы үйдің иесі туысқандарына: «Елдегі жағдай тұрақталғанша көңіл айтып келмеңіздер. Жағдайды жақсы түсінемін. Санитарлық талапты бәріміз орындауымыз керек. Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп өтініш білдірсе, қаншама адамға сауап жасаған болады.
Басында бұл індеттің қауіптілігін сезінбедік. Таныс-біліс адамдардың қайтыс болып жатқаны туралы қаралы хабарлар толассыз келіп жатты. Осы жағдайлар сақтанбаудың салдарынан болғаны айтпаса да түсінікті. Бұл – ойланатын жайт. Сондықтан сақтанайық деген сөзді айтуды, оған амал етуді тоқтатпайық. Алла Тағала сақтанған пендесін сақтайды. Осыны ұмытпайық.
Асыл дінімізде керек уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатпай, жұртқа жақсылық жасап, халықтың алғысын алуға шақырамын. Жерлеу рәсімдеріне қатысты қызмет бағасын да қолдан шарықтатпайық. Әсіресе зират басындағы жердің құнын аспандатып жібермейік. Сындарлы сәтте халықтың жағдайын ескергеніміз абзал. Ар мен ұятты естен шығармайық, ағайын!
– Еліміздегі ахуалды жеңілдетудің ең тиімді шешімдерінің бірі, тіпті бірегейі – халықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, карантин талаптарын мүлтіксіз орындауы. Діни басқарма осы мәселені ел ішіне түсіндіру ісінде қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Денсаулық – Алланың берген аманаты. Оны сақтау – мұсылманның міндеті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді. Ол – бос уақыт пен денсаулық», деген. Расында, денсаулық пен уақыт – адам өміріндегі ең қажетті ұлы нығмет. Осы нығмет пен аманатқа қиянат жасаған адамның әрекеті – өзінің өміріне қиянат жасағанмен тең. Бұл мәселеде адам өз өзіне әділетті болуы тиіс.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, онлайн дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарының кестесі бекітілді. Имамдарымыз бен ғалымдарымыз интернеттің игілігімен күніне 3 рет тікелей эфирде уағыз айтып, халықтың сұрақтарына жауап беруде, түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.
Карантин кезінде уағыз-насихат жұмыстары жаңа жүйемен жүргізілді. Бүгінде таралымы 30 000 данадан асатын ҚМДБ-ның «Мұнара» діни-танымдық газеті, «HikmetTV» теле-радио студиясы, республикалық және аймақтық 22 сайт, тәулік бойы екі тілде қызмет көрсететін республикалық Call-орталық арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Арнайы «Qalam-tor» жобасын іске қостық. Осы жоба аясында www.muftyat.kz пен «HikmetTV» студиясының контент-өнімдерін әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-пул құрдық. Аталған ақпараттық-пул құрамындағы 1010 имам бір мезетте бір мақсатта жұмыс істеуде.
Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ қызметкерлері мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы тікелей эфирде «Ораза қабыл болсын» бағдарламасында 30 күнге 30 сұхбат берді. Елімізде карантин жарияланған сәттен бастап әр жұма күні «Сын сағатындағы сабыр», «Әр істің бір қайыры бар», «Жаңа күннен жақсылық күтейік», т.б. тақырыптарда «Асыл арна» телеарнасы арқылы 17 рет «Жұма насихатын» жүргіздім.
Пандемия кезінде тарихи діни шешімдер шығарып, жамағаттың саламаттылығы мен құлшылығына қажетті 12 маңызды құжат қабылдадық. Аталған құжаттар ішінен «ҚМДБ-ның Қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты пәтуасын» айтуға болады. ТМД елдері арасында біз бірінші болып осындай құжат әзірледік. Халықты қауіпті індет кезінде жаназа намазына қатыспауға үндеп, құдайы астарды кейінге шегеруге шақырдық.
Сонымен қатар мұсылман әлемінің белді діни тұлғалары мен ұстаздарын, барша жамағатты бір мезетте дұға етуге үндедік. Аллаға шүкір, бұл бастамамыз әлемдік дін лидерлері тарапынан қолдау тапты.
– Дін қызметкерлері науқас жандарға қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр екен. Қайырымдылық жасау қажеттіліктен туа ма, әлде жұмыс бағыттарыңыздың бірі ме?
– Біздің тарихымызда адамгершілік пен қайырымдылық істердің алғы шебінде де дін қайраткерлері жүрген. Аллаға шүкір, бүгінде осы дәстүр жалғасын тауып келеді. Өйткені біз ел басына күн туғанда асарлатып, жылу жинап, қайырымдылық ісінде шет қалмаған халықпыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қоры жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен 255 оттегі желдеткішін жер-жердегі емханаларға жеткізді. Имамдарымыз 2 тоннадан астам қымызды науқастарға тегін таратты. ҚМДБ ұжымы індетке қарсы күрес шараларына бір күндік жалақысын аударды. Сайып келгенде, бұл игі шаралар аз да болса халықты қолдау ниетімен жүзеге асуда.
– Бүгінде індетке қатысты сыртқы және ішкі ахуалды біліп отырған халқымыз күйзеліс үстінде. Осындайда мұсылман баласы өзін қалай ұстау керек, қандай жетелі ойдың жетегіне ілесуі тиіс?
– Біз сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағаттарда бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, иманымыз бен бауырмалдығымыздың арқасында аман қалған рухы биік жоралы жұртпыз.
Ел басына күн туған қазіргі сәтте де осы қалпымыздан танбай, қабырғамызды қайыстырмай, үмітсіздікке бой алдырмай, алға жылжуымыз керек. Бүгінде үрей құшағына еніп, елең-алаң күй кешкен адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болып тұр.
Дана халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме. Осы сәтте айналамызды үрейге емес, үмітке, қайғыға емес, қуанышқа бөлейтін сөзімізді арнасақ сауапқа кенелеріміз хақ. Біз бұдан да қиын-қыстау заманды көрген қарға тамырлы қазақпыз. Жаратқанның жар болуымен бұл сынақты да жеңеміз.
Біз өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмайық. Біз бір қайыры бар дүниенің ең көркем бейнеде, Абайша айтқанда, махаббатпен жаратылған адамбыз. Алла бәрін көріп тұр. Бұл сынақтың соңғы нәтижесі де Оның құдірет-құзырында. Өйткені, Ол – шексіз білім мен хикмет Иесі.
Біз қазір ымырасыздыққа емес – ынтымаққа ұйысатын сындарлы сәтте тұрмыз. Мұндайда халық даналығы: «Бетеге кетсе – бел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» демей ме? Алла Елшісі айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес, үмітке қанат бітірейік.
Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»