Құран Кәрімде кейбір сүрелердің көптеген атаулары бар. Сол секілді «Фатиха» сүресінің де 20-дан аса «уммул китап», «негіз», «шипа», «мадақ», «шүкір», «дұға», «намаз» және т.б. осы секілді атаулары Құранның мазмұнында ескеріліп кеткен. Әсілінде, қандай да бір сүренің атауы көп болған сайын оның маңыздылығы да арта түседі. Ал, «Фатиха» сүресі – бүкіл Құранның негізгі мазмұнын қамтыған бірден бір сүре.
Ибн Зубайр ас-Сақафи былай дейді: «Ғалымдар бұл сүренің әр аятын, сөзін жеке-жеке талдап түсіндірген. Осының нәтижесінде «Фатиха» сүресі Құран Кәрімде ең алғашқы сүре болып келуінің сыры белгілі болған».
Имам Бақа’й «Фатиха» сүресіндегі байланыстарды анықтауға қатысты былай деген: «Мен ең алдымен сүренің мақсатын анықтаймын. Содан кейін сүренің атауы мен мақ сатын байланыстырамын және оларға түсініктеме беремін».
«Фатиханың» ерекше қасиеті ол әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазында бұл сүрені 32 рет қайталанғанымен адамды еш жалықтырмауында, керісінше бұл сүре оқыған сайын рухани күш беріп отырады. Сондай-ақ, «Фатиха»-ның барлық құндылықтың өзегі, барлық дерттің шипасы, барлық қайғыны жоятын, барлық мақсатқа жеткізетін, барлық жамандықты тосатын қасиеттері бар. Бұған қоса, «Фатиха» нығмет беруші Жаратқанға жүректегі шынайы шүкіршілік пен ризашылықты қамтиды, ол дұғаның қабыл болуына септігін тигізеді және намаз құлшылығының ажырамас бір бөлігі саналады. Егер, біз осылардың барлығын бір ғана «Фатиха» сүресінен таба алсақ, онда біздер сүренің мазмұнында айтылғандай, барлық сансыз нығметтер үшін мақтаулар тек Аллаға ғана тән екеніне, Оның жер мен көкті жаратушы жалғыз Тәңір екенін сондай-ақ, барлық құлшылық тек Аллаға ғана арналып барлық жәрдем тек Одан ғана сұралу керектігіне көз жеткіземіз.
Жәләл ад-Дин Асуютидің айтуы бойынша, «Фатиха» сүресінің «Уммул Китап» яғни, «Кітаптың анасы» деген атауы оның Құран Кәрімнің негізгі деген төрт ілімін (тақырыбын) қамтығандықтан айтылған. Бұл жерде Құранның негізгі төтр ілімі исламның төрт негізгі деген сөз. Себебі, ислам Құран Кәрімге негізделген әрі бұл ілімдер «Фатиха» сүресінің Құран Кәрімнің негізгі мазмұнымен байланысын көрсетеді
Бір тайпаның басшысын жылан шағып алады. Сахабалардан бірі Фатиха сүресін оқыған кезде, Аллаһу та’аланың рұқсатымен әлгі адамға шипа қонады. Тайпа басшысы оған 30 қойды сыйға тартады. Сахаба алуы жаиз не жаиз еместігін білмегені үшін сүйікті пайғамбарымыздан сұрайды. Расулуллаһ алейһиссалам: «Не оқыдың?» деп сұрайды. Ол Фатиха сүресін оқығанын айтқанда, оған былай дейді:
«Фатиханың шипа болатынын қалай білдің? Сол қойларды жаныңдағылармен бөліс және маған да бір бөлігін ажырат!» (Бұхари)
Ендеше, «Құранның анасы» болған ұлы сүрені жаттап, соған сай амал ете алсақ, еш ұтылмайтынымыз анық.
Сарсенбаев Мейірбек
ҚМДБ, Шымкент қаласы орталық
мешітінің найб имамы