Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі. Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкіршілік білдіреді, бай мен кедейге кеңшілік жасалады.Оны кеңінен таратып айтқанда:
- Қиямет күні шалған құрбандығы пенденің пайдасына куәлік етеді. Бауыздалатын малдың тамағына пышақ тартқанда шыққан қан жерге түспей тұрып, оның сауабы Алла Тағаланың құзырына жетіп барады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»[1] – деген. Тағы бір хадисте құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған[2].
- Алланың берген нығметіне шүкір етуді (рахмет айтуды) білдіреді. Алланың берген нығметі өте көп, оны санап санына жете алмаймыз.
Алла Тағала Құранда: «Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»[3] – деген.
Иманға келу, құлшылық ету, есту, көру, мал-дүние, бала-шаға – бұның барлығы Алланың берген нығметі. Бұл нығметтер жалғасымды болу үшін шүкір ету қажет. Алланың берген нығметіне шүкір етудің бір жолы – мал-дүниесін Алла разы болатын іске жұмсау. Құрбан шалу – Аллаға шүкір етудің бір көрінісі. Айт күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.
- Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим (а.с.) пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады. Осылайша пенде Алланың әміріне бойсұнуды, әр істе сабырлылық сақтауды үйренеді.
- Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар, өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық, маңғаздылық сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады.
Хасан АМАНҚҰЛОВ,
Бауыржан АБДУАЛИЕВ
[1] Тирмизи риуаят еткен.
[2] Ибн Мажә риуаят еткен.
[3] «Ибраһим» сүресі, 34-аят.