«Адамзаттан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген сөз бар. Бұл – данышпан халқымыздың уақыт тәжірибесінен түйгені. Өкінішке қарай жануарларды жәбірлеу оқиғалары соңғы кездері жиі тіркеле бастады. Соның бірі Атырауда да болды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға байланысты жұртшылықтың пікірі анық аңғарылды. Анығында жан-жануар, жалпы осы қоршаған орта да – Алланың аманаты.
Күллі мұсылманның өмірлік бағдары болған қасиетті Құранда: «Жердегі жүрген жандық және қанатымен ұшқан құс (жаратылу, қоректену, өмір және өлімде) сендер құсаған топтықтар. Жазуда еш нәрседен кенде етпедік. Сонан соң олар Раббыларының алдына жиналады» («Әнғам» сүресі, 38-аят) делінген. Яғни Ислам дінінде жануарлардың да қамқорлыққа лайық екені, оларды жәбірлеген адамның жауапқа тартылатыны, тіпті тозақта азап тартатыны айтылады.
Ислам тарихынан жануарларға жақсы қарауды өсиет еткен көптеген оқиғалар бар. Соның бірінде мысыққа қастандық қылған әйел жайлы айтылады. «Бір əйел мысықты аштан өлгенше қамап ұстағаны үшін азапқа душар болды жəне сол себепті тозаққа кірді. Ол мысыққа ештеңе ішкізіп-жегізбеді, тіпті жердегі жəндіктерді жеуіне мұрша бермеді».
Ал мына оқиға күллі адамзатқа үлгі боларлық. Абдулла ибн Мəсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта жорық жағдайындағы оқиға былай баяндалады. «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басшылығымен жүргізілген бір жорықта едік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дəрет сындыру үшін əудем жерге кетті. Осы арада біз құс ұясына тап болдық та, əлі қанаттанбаған екі балапанды қызық көріп қолымызға алдық. Байғұс анасы балапандарын айнала ұшып шыр-пыр болып жатқанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үстімізден түсті де: «Мына безек қаққан құстың балапандарын алған кім? Ұясына қайта қойыңдар!» – деп бұйырды. Тағы бірде құмырсқаның илеуін бұзып отқа жаққанымызды көргенде: «Құмырсқаларды кім өртеді?» деп сұрады да: «Расында Жаратқаннан басқаның отпен азап бергені жөнсіз əрі дұрыс емес» деген-ді.
адам – ерекше интеллектпен жаратылған Алланың ең ерекше туындысы. Демек ерекше жаратылыс иесіне біздің тұтас планетамыз аманат ретінде беріліп отыр деуге негіз бар. Сондықтан адамгершілік мәселесін әр адам өз шаңырағында сәбиінің бойына сіңіріп өсіргені қайырлы болмақ. Бала жас шыбық секілді. Қалай исек, солай өсіп шығады. Өзіміз жануарды қинап отырып, баламызға «Ит – адамның досы» десек, сәби сана бұл сөзді қабылдай ма? Әрине, жоқ. Өйткені, сәби үйден көргенін санасына тоқып өседі. Демек біз қашан да ұрпағымызға өз ісімізбен үлгі бола білуіміз керек.
Қазақтың бай ауыз әдебиетінде құмай тазы, ауыздығымен алысқан аттың талай жорықтарда батырларға серік болғаны жөнінде керемет ертегілер, аңыздар жетерлік. Ауыз әдебиетінің осы бір керемет дүниелерін бала тәрбиесінде қайта жаңғырта пайдаланған артық етпейді. Ауыздығымен алысқан Тайбурыл, Ақан серіні қазасымен қайғыға салған Құлагер жайлы неге насихаттамасқа, мультфильмдер түсірмеске? Мұны айтып отырған себебіміз – адамгершілік те, ізгілік те отбасыдан басталады. Ата-ана, ата-әжесінің үлгісімен тәрбиесімен бірге, теледидардан жануарға, қоршаған ортаға, елге, жерге деген құрметті көріп өскен бала есейгенде естияр, мейірімді азаматқа айналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Құдайдың жаратылыстарына мейірімді болса, өзі үшін мейірімді» деген хадисі бар. Ендеше, мейірімділікті өзімізден бастайық…
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының бас имамы