Төрткүл дүниені тік тұрғызған жұқпалы індет қазіргі таңда барша адамзат баласы үшін ауыр сынақ болып тұр. Жер бетіне жылдам таралып жатқан жұқпалы дертке орай жарияланған төтенше жағдай режимі, карантин ережелері де тұрмыс-тіршілікті тоқыратып, әлеуметтік әрі экономикалық қиындықтар қабаттаса өсіп келеді.
Дегенмен дәл осынау дүрбелең кезең адамзат баласының тағдыр көшіндегі тағы бір кезекті сынағы екенін естен шығармауымыз қажет. Бір Аллаға үміт еткен мұсылман баласы мұндай сынақ сәттерде сабырлық танытып, үмітсіздікке бой алдырмауы қажет.
Ата-бабамыз қилы-қилы заманды бастан кешіп, қиындық көрсе де, небір зұлматтарға сабыр етіп, ауыртпалықтың арты жақсылық боларына үлкен үмітпен Хақ Тағалаға сыйынып, «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп өткен.
Жалпы қандай да бір қиындыққа тап болған жан, сабыр етіп, нәтижесін Жаратушыдан күтер болса, сабырлықтың арты жақсылық болып әрі сауабы артатыны белгілі. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сабырлық таныту – Алладан берілген сый және Алла алдында сабырлықтан артық сый жоқ», – деген. Қиындық-сынақты беретін де, одан сақтайтын да – бір Алла. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың бұйрығынсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» («Тағабун» сүресі, 11-аят) деген. Мұсылманның басына қандай да бір қиындық келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер құлдың басына қасірет түсіп және ол өз-өзін сабырға шақырып: «Расында, біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Я, Алла! Осы қасіретте маған нығмет бере гөр», – деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сияпатына бөлейді», – деген. «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді» дегендей күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытқан дұрыс. Себебі барлық істің нәтижелі болуы – тек бір Алланың құзырында. Сол үшін қандай да бір дерт кезінде барынша сақтық шараларын сақтап, Алладан артының қайырын сұрауымыз қажет. Құранда: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деп ескерткен. Мұсылман баласы осындай сәтте салғырттыққа да салынбай, жөнсіз үрейге де берілмей, қауіптің алдын алу амалдарын жүзеге асырып, аса мейірімді Жаратушыға тәуекел етуі тиіс.
Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді» (Тирмизи, Зуһд, 33) деу арқылы мұсылмандарға Алланың ерекше құдіретін мойындап, Оған тәуекел ету керектігін үйретеді. Алайда тәуекел еті – барлық істі Аллаға аманат етіп, шалқадан түсіп жату емес. Керісінше күшіміз бен қабілетіміздің жеткенінше қолымыздан келгенді істегеннен, қажетті шараларды жасағаннан кейін, осы жұмыстың нәтижесін біз үшін Алланың іске асырғанына иман ету. Өйткені Құранда айтылғандай: «(Мұхаммед (ғ.с)! Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» – дейді («Бақара» сүресі, 186-аят).
Алла – барлығын көріп-білуші, шексіз құдірет иесі, Рахман, Рахим, Мейірімді. Сондықтан да осындай сындарлы сәтте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал етіп, құлшылық-ғибадатты арттырып, дұға жасау арқылы бір Алладан пана сұрағанымыз абзал. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында Алла Тағала айтты: «Егер құлым Маған бір алақан жақындаса, Мен оған бір білек жақындаймын, егер ол Маған бір білек жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын, ал егер ол Маған ақырын жүрсе, онда Мен оған қарай жүгіремін» (Бұхари) деген. Расында біз истиғфар (Алладан кешірім сұрау) мен дұғаны көбейтсек, Алла Тағала түрлі апаттар мен сынақтарды, жұқпалы індеттерді ортамыздан алыс етері сөзсіз.
Құранда: «…Осы күнге дейін істеген күнәларың үшін Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, содан кейін күнәларыңа өкінген бойда Оған шын пейілмен бет бұрыңдар. Сонда Ол сендер үшін көктен құтты да берекелі мол жауын жаудырады. Күштеріңе күш қосып, қажыр-қайраттарыңды арттыра түседі», – деген («Һуд» сүресі, 52-аят).
Истиғфардың пайдасы мен оның алып келетін берекеті туралы имам Ахмад ибн Ханбалдың басынан өткен мына бір керемет оқиғадан білуге болады.
Имам Ахмад ибн Ханбал бір қаладан екінші бір қалаға сапарға шығады. Қалаға келген соң, мешітте құптан намазын оқып болып, мешіттің бір бұрышында жатса, мешіт күзетшісі жүгіріп келіп мешітте ұйықтауға болмайтынын ескертеді. Мен ұзақтан келдім, мешітте түнеп шығайын десе де, күзетші рұқсат етпей имамды мешіттен шығарып жібереді.
Имам Ахмад мешіттен шығады да, мешіттің сыртқы есігіне сүйеніп, мешіттің табалдырығында отырады. Мешіт күзетшісі тағы да жүгіріп келіп, мешіттің табалдырығында отыруға болмайды, бұл жерден кет деп тағы да қуып жібереді. «Мен мешіттің ішінде отырған жоқпын ғой, сыртында отырмын ғой, сонда да мені қуасың ба?» дейді. Ол заманда адамдар ғалымдардың атын білгенімен, көрмегеннен кейін түрін танымайтын еді. Әлгі қарауыл дөрекілік танытып, имам Ахмадты екі аяғынан ұстап, жолдың ортасына дейін сүйреп апарып тастайды. Сол кезде мешітке қарама-қарсы жолдың арғы бетінде бір наубайханашы нан пісіріп жатыр еді. Ол имам Ахмадқа барып: «Жататын орның болмаса, менің наубайханама кел, мұнда жататын бір кісілік орын бар», – дейді. Имам Ахмад наубайханаға кіріп, жайғасады. Ол наубайханашының қамыр илеп жатқанда, қамырды көмбеге жауып жатқанда, отын дайындағанда, тіпті әр істе «Астағфируллаһ» (Алла мені кешір) деп үнемі айтып жүретінін байқайды.
Имам Ахмад оған қарап тамсанып: «Бұлай зікір етуді қашан бастадың, қиын емес пе?» деп сұрайды. Сонда наубайханашы: «Осылай зікір етуді бастағаныма біраз жыл болып қалды. Маған қиын емес, үйрендім» дейді. Имам Ахмад сұрағын тағы жалғастырып: «Осы айтып жүрген зікіріңнің берекесін сезінесің бе?» деп сұрайды. «Иә, сезінемін, әрдайым истиғфар айтқан сайын әр ісіме береке кіреді. Алладан не сұрасам, маған соның бәрін береді» дейді наубайханашы.
«Барлық дұғаңды қабыл етіп, сұрағаныңның бәрін бере ме? деп сұрайды тағы да имам Ахмад. Сонда наубайханашы: «Осы уақытқа дейін барлық сұрағанымды беріп, дұғаларымды қабыл етіп жатыр. Бірақ бір ғана дұғам қабыл болмай келеді» дейді. Имам Ахмад: «Ол қандай дұға?» – деп сұрағанда, наубайханашы: «Имам Ахмад ибн Ханбал деген ғалым кісіні бір көрсем ғой деп дұға қыламын. Бірақ бұл дұғам қабыл болмай жатыр» дейді.
Сонда имам Ахмад ағыл-тегіл жылап: «Міне сен дұға еттің, үнемі истиғфар айтасың. Алла сенің бұл дұғаңды да қабыл етті. Сен көргің келген сол имам Ахмад ибн Ханбалды Алла Тағала сенің наубайханаңа екі аяғынан сүйреп тұрып алып келді, мені мешіттен қуып, екі аяғымнан сүйреп көшеге шығарып тастаған мешіт күзетшісі емес, Алла Тағала екен ғой. Сол имам Ахмад менмін» деген екен.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің мұсылмандарын Аллаға дұға етіп, көбірек истиғфар және Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырғаны да осындай дұға-тілектерінің шарапатын меңзегені деп білемін. Дұғаларымызды арттырып, бір Алладан пана тілелік! Алла жар болып, елімізді түрлі пәлекеттерден аман қылғай! Әмин!
Болатбек АБУОВ,
Қызылорда облысының бас имамы