Бақдәулет қажы Абдрахманов, ҚМДБ-ның Шымкент қаласының
бас имамы
Әлемге дүрбелең салған COVID-19 жұқпалы індетінің өршуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы тікелей эфирде барша қазақстандықтарға Үндеу жасады. Үндеу аясында бірқатар өткір мәселелерді көтерді. Қазіргі таңда індеттің қайтадан ушығып бара жатқанын тілге тиек етіп, көптеген отбасылардың қара жамылып, қайғы жұтуына байланысты 13-шілдені ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.
Қалыптасқан жағдайға байланысты карантин ережелерін сақтап, әрдайым сақтану қажет екендігін қатаң ескертті. Осы тұста, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар» деген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде келесі өткір мәселені көтерді. Яғни, қиын-қыстау жағдай кезінде дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеріп, қымбатқа сатқан алыпсатарларға қатаң шара қолданылатынын ескертті. Осы жағдайға байланысты шариғатымызда қиын уақыттарда азақ-түлік пен дәрі-дәрмектердің бағасын өсіріп тапқан мал-дүние адал болмайтыны айтылады. Керісінше, мұндай кезде көмекке мұқтаж кісілерге қол ұшын беріп, қолдан келгенше көмек беру – үлкен сауап. Сынақ сәтінде жақындарымызға жанашыр болайық, ағайын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуіне үн қосып, айналамызға шуағымызды шашып, шапағатымызды тигізіп жүрейік. Ендеше, болашыққа үмітпен қарап, карантин кезінде барлық ережелерді сақтап, дәрігерлердің кеңесіне сүйеніп, сабырлы болып, төзімдік танытайық.
Алла Тағала осы сынақты сабырмен жеңіп, қалыпты өмір тіршілігімен қайта қауышатын күнді жақын еткей. Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, барша адамзатқа амандық бергей. Әмин.