Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

         Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!

         Қазақта «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген қанатты сөздер бар.  Халқымыздың дәстүрі бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем береді. Оны естіген жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатады. Яғни мағынасы «Сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деп тыныштық пен бейбітшілік тілеп, дұға етеді.

         Сондай-ақ,  «Сәләм» – Ұлы Алланың 99 есімінің бірі. «Әс-Сәләм» – бұл амандық беруші, есен сақтаушы деген мағынадағы сөздерге жақын.           Осы тұста сәлем беруде кім бірінші сәлем беретінін біліп алса жөн болады деп ойлаймын.      Кім бірінші сәлем береді:

  • Кіші- үлкенге;
  • Өтіп бара жатқан – тұрған адамға;
  • Аттылы адам – жаяуға;
  • Көліктегі кісі жаяуға;
  • Азшылық – көпшілікке;
  • Арада бір үзіліс болса;
  • Мола, қабірстанға барғанда;
  • Ешкім жоқ үйге кіргенде;
  • Аурудың алдына көңіл сұрап барғанда;
  • Мешітке кіргенде сәлем беріледі;
  • Ұл-қызы ата-анасына бірінші болып сәлім береді.

         Ал енді,  асыл дініміздің сәлем беру туралы ардақты  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  айтып, үлгі етіп қалдырған хадистеріне тоқталып, назар аудару қажет деп санаймын.

         Әбу Аййуб әл-Ансариден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ешбір мұсылманға бауырымен үш күннен артық араздасуына, екеуі кездескенде бір-бірінен бет бұруларына болмайды. Олардың ең ізгісі − алғаш сәлем бергені».

         Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанмен ант етейін, жәннатқа қашан иман келтіргендеріңше кірмейсіңдер, ал қашан бір-бірлеріңді жақсы көрмегендеріңше толық иман келтірмейсіңдер. Сендерге соны нығайтатын нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді таратыңдар (яғни, бір-бірлеріңе сәлем беріңдер)», – деген.

         Әбу Һурайрадан (р.а.) бірде сахабаларымен бірге мәжіліс құрып отырған Алланың Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум!» – деп сәлем береді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он жақсылық», – дейді. Сосын басқа бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ!» – дейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жиырма жақсылық», – дейді. Сосын тағы бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ уа бәрәкәтуһ!» – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Отыз жақсылық», – дейді.

         Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аттылы жаяуға, жаяу отырғанға, азшылық көпшілікке сәлем береді», – деген..

         Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кіші үлкенге, жүргінші отырған адамға, азшылық көпшілікке сәлем береді», – деген.

Түйін

         Қорыта айтқанда,  Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)  сүннет жолын берік ұстанып, әрдайын сәлем беріп, бір-бірімізге амандық пен тыныштық тілеп жүру үлкен сауапты амал болып саналады.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

Шымкент қаласы  бас имам орынбасары, магистр

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38