С:Адам немесе жануарлардан қалған судың үкімі қандай?
Ж:Кез келген адамның ішкеннен кейін қалдырған суы таза. Ер кісі не әйел, жүніп не етеккірлі, мұсылман не кәпір болсын, бәрібір. Сондай-ақ, еті желінетін жануарлардан қалған су таза. Иттің, шошқаның, жыртқыш аңдардың қалдықтары лас, нәжіс болып есептеледі. Мысықтың, тауықтың, сұңқар, тұйғын сияқты жыртқыш құстардың қалдықтары мәкруһ. Сондай-ақ, үйде болуы мүмкін жылан, тышқан сияқты жәндіктердің қалдық суы мәкруһ.
С:Ал, бұл мәкруһ судың үкімі қалай?
Ж: Егер басқа таза су бар болса мұндай суды пайдалану керек емес. Егер бір адамның алдында адам ішіп қалдырған және тышқан ішіп кеткен екі түрлі су тұрса, адамнан қалған сумен дәрет алғаны дұрыс.
С:Егер тышқан ішіп кеткен судан басқа су жоқ болса ше? Сол сумен дәрет ала ма, әлде тәйәммум жасай ма?
Ж:Сол сумен дәрет алады. Тәйәммум жасамайды. Өйткені ол басқа таза судың қасында мәкруһ болғанымен, негізі таза су.
С:Қалдық сулардың ішінде күмәнді түрі бар ма?
Ж:Иә. Есектен, қашырдан қалған су нақты дәлелдің болмағандығы үшін күмәнді.
С:Егер есек не қашыр ішкен судан басқа су болмаса дәрет ала ма, әлде тәйәммум жасай ма?
Ж: Бірінші дәрет алып, күмәнді жою үшін тәйәммум алады.
С:Қайсысын бірінші жасайды?
Ж: Қайсысынан бастаса да болады.
Ескерту:Адамнан қалған судың таза болуының шарттары: егер арақ ішпеген болса, тістерінің арасынан қан шықпаса, ауыз толтырып құспаса, онда одан қалған су таза. Ал, керісінше жағдайда мұндай адам су ішкенде аузы мен езуінде нәжіс қалмауы үшін аузын үш рет шайып сілекейімен жұту керек. Мысықтың қалдығы да сол сияқты. Егер мысық тышқан жесімен суға тисе, ол су таза емес. Ал, егер тышқан жеп болған соң беті-қолын жалап тазаланғаннан кейін барып ішсе, ол су таза, бірақ мәкруһ.