Бақдәулет қажы Абдрахманов, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша бас имамы
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі жерлестер!
Исі мұсылман қауымын мүбәрак Рамазанның, оның ішінде қасиетті Қадір кешімен шын жүректен құттықтаймын!
Жалпы, араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын білдіреді.
Мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбәрак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар). Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деген.
Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн және оған мың айдың сауабын нәсіп етеді.
Биылғы жылы төтенше жағдайға байланысты елімізді Қадір түнін үйлерінде өткізуге шақырамыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Аталмыш талаптарға түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз.
Бұл рухани кеш – адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын рухани кеші болып саналады.
Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!