С: Ғұсылдың парыздары қандай?
Ж: Ғұсыл алғанда мыеа істердің орындалуы парыз:
1. Ауызды өңешке дейін сумен шаю (мадмада).
2. Мұрынның ішіне су алып,сіңбіріп тазалау.
3. Бүкіл денені бір мәрте жуу.
С:Сүннет бойынша ғұсыл қалай алынады?
Ж: Ғұсылдың сүннеттері: әуелі қолдарын жуу, сосын дәрет шығатын жерлерді жақсылап жуып, іш дәрет алу, денесін нәжістерден тазалау, намазға дәрет алғандай алу, сонан соң бүкіл денесіне үш рет су құю. Сондай-ақ, құлақ, қолтық, кіндік сияқты қалтарыстарға судың жетуін мұқият қадағалау керек.
Ескерту: Ғұсыл алған жер тақтай,тас секілді су тұрмайтын жер болса, шығарда дәрет алғанда аяқтарын әдеттегідей дәреттің соңынан алады. Ал, егер су жиналатын ванна, үлкен ыдыс сияқты орын болса, аяқтарын бұл жерден шыққан соң жуып алады.
С:Жоғарыдағы айтылған ғұсыл алу үлгісі тек парыз ғұсыл алушыға қатысты ма, әлде барлық ғұсыл алушыларға байланысты ма?
Ж:Бұл бүкіл ғұсыл алушыларға қатысты. Барлығы осы үлгіде алулары керек.
С: Шашы ұзын әрі өрілген әйелдердің ғұсыл алуларында бір жеңілдік бар ма? Бұрымдарын тарқату керек пе?
Ж: Егер де шаштардың түптеріне су тисе бұрымдарды тарқатып, бүкіл шаштарын сулауы міндетті емес. Бұл рұқсат шашы өрілген, бұрымды әйелдерге ғана беріледі. Олай болмаған жағдайда бүкіл шаштарын жууға міндетті. Ер кісінің шашы қанша көп болса да шашын түгелдей жууы парыз.