Arak ishetin agimnanbiz

Arak ishetin agimnanbizОсындай сұмдық сөзді естідік. Ол кісінің сөзі сүйектен өтіп кетті. Әңгіме неден шықты? Кішкене кідірістен кейін…
Қазір екі адамның басы қосыла қалса дін туралы, ағымдар жайлы әңгіме-дүкен құратын болды. Жақсы ойлай білгенге бір жағынан қуанатын жағдай… Дін жамандық атаулыға жақындамауға, ағымның құрбаны болмауға үндейді.

Бір өнер өкілінің: «Бұрын осы көшеде бір ғана тәуіп болатын. Қазір жұрттың бәрі шетінен тәуіп боп кетті…» деп әзілге қосып айтқан сөзі бар еді. Сол секілді, бұрын діни салада сарапшылар саусақпен санарлықтай болатын. Ал қазір бәрі діни мәселеге талдау жасап, «пәтуа» беретін жағдайға жетті. Әрине, пікір білдіруге әркім құқылы. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ бізді алаңдатқан нәрсе – екіұдай, ақиқаттан алыс, негізсіз теріс пікірдің таралуы. Діни білімі жоқ, діннің астарлы мәселелерінен толыққанды хабарсыз адамның аузынан тұрпайы тұжырымның, өрескел сөздің шығуы өкінішті. Исламды «үрейдің» діні ретінде таныту – үлкен қиянат!
Көрген-түйгенді ойға түйіп, қағазға түртіп жүретін Жаратушыдан тілеп алған тілші дейтін «жұмысымыз» бар емес пе. Біздің қазірше қолдан келер шаруа осы боп тұр – айту немесе жазу.
Өткен жолы бір ғалыммен кездесіп қалдық. Аты мәлім, атағы да белгілі. Біздің Діни басқармада қызмет ететінімізді жақсы біледі. Аман-саулық сұрасқаннан кейінгі әңгіме әдеттегідей дінге ойысты. Елдегі діни мәселе «шешіліп», қазіргі ахуал ауызбен «реттеліп» болған соң халықаралық деңгейде сөз қозғалды. «Анау «ондай» ағымнан екен, мынау «мынадай» жамағаттан боп шықты, анау «ананы» қолдайтын көрінеді, мынау «мынаған» бүйрегі бұратын сияқты» деген діни «диагноз» қойылып жатыр. Әйтеуір бәрінің артына бір-бір «қоңыраудан» ілінді. Өкініштісі сол, «дені дұрыс» діндарды таппай дал болғанымызды несіне жасырайық?!
Сонымен әлгі ғалым ағамыз бірнеше сағатқа созылған сұхбаттың соңында сөзін былай түйіндеді: «Қазір адамдардың көбісі ағымда жүр. Ал біз арақ ішетін «ағымнан» боламыз. Бірақ бізде терроризм жоқ…»
Күлгенге «керемет» сөз, жыласақ та жарасады. Сірә, әр нәрсенің шетіне шығып кету деген осы болса керек…
Ол кісі сөзін ары қарай жалғап: «Құрысын, бұл да жаман «ағым». Жақсы нәрсе емес», – деп мырс етті.
Дінді ұстанғандар шектен шықпай, өзгеге титімдей болсын зарарын тигізбей, қоғамда оғаш қылық көрсетпей жүруіне, ал діннен алыстау адамдар араққа салынбай, салауатты, салмақты өмір сүрсе деген тілегімізді іштей айтумен шектелдік.
Көзбен көргенімізді айтар болсақ, кейбір адамдар ұстанымдары үшін бір-бірін түсінбей, тіпті түсінгісі келмей, келісу былай тұрсын, өзара сөйлесуден қалып барады. Бұл үрдіс әке мен бала арасындағы отбасылық трагедияға айналуда. Бала араққа тым әуес әкесін айыптайды, ал әке баласын «сен ағымда жүрсің» деп кінәлайды. Оның түсінігінде намаз оқыған бала – «ағымда». Ал баланың ойынша, арақ ішкендер мұсылман емес екен. Екеуі бір жолдың екі шетінде кетіп бара жатқан жолаушыға ұқсайды…
Араққұмардың: «Адам қанын төгіп, «діндар» боп жүргеннен гөрі ішетінімді ішіп, «тыныш» жүргенім жақсы», – деген уәжі де жоқ емес. Ал әсіредіншілдің байламы болса: «Арақты ауызға алатындармен араласуға болмайды». Екеуінікі де радикалды ұстаным. Ақтап алуға келмейтін іс.
Осыларды табыстырып, татуластырып, төрелігін айтатын данагөй ақсақалдар, ел ағалары болса, шіркін?!
Әйгілі ғалым Хасан Басри: «Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ», – деген екен. Қазір біздің қоғамға сөзі мен ісі түзу салмақты әкелер мен сөзұғар сабырлы ұл мен қыздар, жастардың санасын оятар салиқалы ғалымдар, зиялылар көбірек керек.
Бала қашанда әкенің мейірімі мен тәрбиесіне мұқтаж. Өкінішке қарай, кейбір әкелер өзінің қаршадай баласының ақыл-кеңесіне мұқтаж боп тұр…
Ғалым ғалымдығын көрсетсе, әке әкелігін танытса деген тілек қой, біздікі!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38