Мақтаншақтық – адам мінезіндегі жағымсыз қасиет. Негізінен өзімшіл, менмен адамдардың бойында кездеседі. Мақтаншақ адамдар тәкаппар келеді, өз-өзін дәріптеуді ұнатады. Халық даналығы «өз-өзін мақтаған, өліммен тең» дей отырып, бос мақтаннан аулақ болуға шақырады.
Мақтаншақтық адамның кісілік қасиеттерінің, адамгершілік қалыптарының қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Ислам дінінің тәлім-тәрбиесі мақтаншақтыққа жол бермеу үшін адам бойына адамгершілік, имандылық, инабаттылық және адалдық секілді асыл қасиеттерді дарытуға зор көңіл бөледі.
Алла Тағаланың кітәбі мен Пайғамбарымыздың (ﷺ.) сүннетінде мақтаншақтық қасиетке қатысты, сөгіс білдірілгендігін білген жөн.
Осыған қатысты Алла Тағала Құранда былай деді:
(لَقَدْ نَصَرَكُمُ اللَّهُ فِي مَوَاطِنَ كَثِيرَةٍ ۙ وَيَوْمَ حُنَيْنٍ ۙ إِذْ أَعْجَبَتْكُمْ كَثْرَتُكُمْ فَلَمْ تُغْنِ عَنكُمْ شَيْئًا وَضَاقَتْ عَلَيْكُمُ الْأَرْضُ بِمَا رَحُبَتْ ثُمَّ وَلَّيْتُم مُّدْبِرِينَ)
«Алла сендерді көптеген жерлерде және Хунайн күні де жеңіске жеткізді. Сол кезде сендер сандарыңның көптігімен масаттанған едіңдер. Бірақ ол /сендерге/ еш пайда бермеді де жер кеңдігіне қарамастан өздеріңе тар келді. Одан кейін сендер теріс бұрылдыңдар /қаштыңдар/» (Тәуба, 25). Байқағанымыздай, бұл аятта мақтанқұмарлыққа сөгіс білдірілген. Бұған қоса Алла Тағала басқа бір аятта былай деді:
(وَظَنُّوا أَنَّهُم مَّانِعَتُهُمْ حُصُونُهُم مِّنَ اللَّهِ فَأَتَاهُمُ اللَّهُ مِنْ حَيْثُ لَمْ يَحْتَسِبُوا ۖ)
«Ал олар қамалдары өздерін Алланың қаһарынан қорғайды деп ойлаған еді. Алайда, Алла оларға күтпеген жерден келді» (Хашр, 2). Осылайша Алла Тағала өздерінің күш-қуаттары мен қамалдарына даңдайсып сенім артқан кәпірлерге жауап қатты. Ал мына бір аятта Алла Тағала тағы былай деді:
(قُلْ هَلْ نُنَبِّئُكُم بِالْأَخْسَرِينَ أَعْمَالًا (103) الَّذِينَ ضَلَّ سَعْيُهُمْ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَهُمْ يَحْسَبُونَ أَنَّهُمْ يُحْسِنُونَ صُنْعًا(104) )
«/Ей Мұхаммад!/: «Сендерге кімдердің еңбегі ең көп зая болатынын айтып берейік пе?»,-деген. «Олар /дүниедегі тіршіліктен басқа тіршілік жоқ, деп, ойлайтын және/ дүниедегі еңбегінің /игі істерінің/ бәрі /ақирет тұрғысынан/ зая болған һәм соған қарамастан өздерін керемет істер тындырып жүрміз деп ойлайтындар» (Кәһф, 103-104). Бұл аятта да өз амалдарын мақтан тұтқан адамдар жайлы айтылған. Себебі адам баласы бір істі дұрыс не теріс орындаса да анық-қанығына көз жүгіртпестен мақтаншақтықпен масаттануы әбден мүмкін. Сол үшін бұған қатысты Алла Елшісі (ﷺ.) былай деген:
(ثَلَاثٌ مُهْلِكَاتٌ : شُحٌّ مُطَاعٌ ، وَهَوًى مُتَّبَعٌ ، وَإِعْجَابُ الْمَرْءِ بِنَفْسِهِ)
«Адамды құрдымға ұшырататын үш нәрсе бар. Олар: өзіне бағындыра білген сараңдық, өзіне ерте білген құмарлық және адамның өз-өзін мақтан тұтуы» (ат-Табарани).
Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтқа: «Екі нәрсе адамды құрдымға алып барады: үміттің үзілуі және мақтаншақтық». Оның (р.а.) бұл екі ұғымды бірге қосып айтуының себебі, адам бақытқа тек жігерлік пен тырысудың, және табанды еңбектің арқасында ғана қол жеткізе алады, алайда, үміті үзілген адамның қол қусырудан басқа бітірер шарасы, қауқары қалмай қалады. Ал мақтаншақтыққа мастанған адам, бақытқа әрі мақсат, муратқа бірден қол жеткіздім деп ойлап, бұдан былай ешнәрсеге тырыспайтын болады. Бірақ Алла Тағала былай деген:
(فَلَا تُزَكُّوا أَنفُسَكُمْ)
«Ендеше, /күнә атаулыдан мүлде адамыз деп ойлап/ өздеріңді ақтамаңдар » (Нәджм, 32). Бұл аяттан түсінетініміз, адамдар өздерінің жақсы амалдарын басқалардың алдында міндетсініп, мақтан тұтпауы қажет әрі адамдардың алдында өздерін бейкүнә, кемшіліктен пәк адам іспетті көрсетіп, мақтанбау керек және өз-өздерін тақуа адаммын деп есептемегені ләзім. Себебі Алла Тағала былай деген:
(لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَىٰ)
«/Қайырымдылық мақсатта/ берген садақаларыңды міндетсіну немесе /садақа алған жандарды/ ренжітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар» (Бақара, 264). Адам өзінің қайырымдылық ретінде біреуге берген нәрселерін ауқымды әрі керемет бір мол көруі, сөгіске, айыпталуға лайық болады. Себебі бұлай жасау дандайсыну мен мақтаншақтықтың көрінісі болып табылады.
Мақтаншақтықтың нендей апаттарға жетелейтіндігі жайлы
Өз-өзін мақтай бастаған адамның, қадірі кететіндігін ұмытпаған игі. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ.): «Мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Кейін ол өз айыптарын, кемшіліктерін көрмей, өзіне қатысты айтылған дұрыс сөздерді, насихаттарды естімейтін болады»,-деген.
Мақтаншақтық адам баласын сан түрлі апаттарға итермелейтіні анық. Мақтаншақтық менмендік себептерінің бірі болғандықтан, адамды бірте-бірте тәкәппар етеді. Ал тәкәппарлық – адамның басқалармен болатын қарым-қатынастарына қатысты туындайтын көптеген айқын апаттарға душар етеді. Егер де пенде мен Жаратушының арасындағы қарым-қатынасқа келер болсақ, онда мақтаншақтық адамның Раббысы алдында жасаған күнәләарын ұмыттырады да бейқамдық танытуға жетелейді. Осылайша пенде, кінәсі жайлы уайымдамайды да, жасаған кейбір күнәларын есіне де алмайтын болады. Тіпті ол, жасаған күнәләрын есіне түсірсе де, Алла Тағаланың мейірімділігі барлық нәрсені қамтиды деген сеніммен, күнәләрының кешірілетіндігіне алданып, жеңілдік танытады да, кемшіліктерінен құтылу үшін ешбір әрекет жасамайтын болады. Тіпті ол күнделікті жасап жүрген құлшылықтары мен хайыр-ихсан амалдарын Раббысының берген нығметтерінің арқасында жүзеге асырып жатқандығын ұмытып, ешкімнің көмегінсіз, өзі жүзеге асырып жатқандай сезінеді. Бұған қоса, жасап жүрген амалдарын керемет бір ауқымды, көп іс көріп, Алла Тағалаға міндетсінетін болады. Мақтаншақтық – адамның қоғамындағы басқа кісілердің арасында өзін жоғары санауға алып барады. Осылайша мұндай адам өзінің ойын, басқалардың пікірлерінен жоғары қойып, өзінен білімі жоғары кісілерден ақыл-кеңес талап етпейтін болады. Тіпті өзінің пікірі қате болса да, соны қанағат тұтып, басқалардың айтқан дұрыс насихатын, ақылын және тұжырымын елемейтін болады. Бұл жаман мінез-құлықтың адам баласын құрдымға алып баратындығын түсінген соң, Алла Тағаладан пана тілей отырып, өмірімізде әрдайым Оған ғана итағат етіп жүруімізді өтініп сұраймыз!
Жалпы мақтаншақтықты емдеудің жолдары
Қандай да бір дертті емдеу үшін, алдымен аталмыш аурудың себептеріне, қарама-қайшы себепті қарсы қойып барып, емдеп жазуға болады. Ал мақтаншақтықтың себебі – ол тек, надандық болуы ғана мүмкін. Сол үшін, надандыққа қарама-қайшы себеп болып есептелетін, білімді қарсы қою арқылы емдеу қажет. Мәселен, өзінің сұлулығы, күші, тегімен және қалауынсыз болған осы сияқты барлық нәрселермен мақтанатын адам, ақиқатында, бұлардың барлығын өзінің еңбегі арқылы емес, керісінше Алла Тағаланың оған берген нығметтерінің арқасында қол жеткізген. Демек, адам Алла Тағаланың жомарттық танытқан объектісі болып табылады. Олай болса адам өзіне емес Алла Тағалаға мақтау айтуы қажет. Себебі Алла Тағала, құлының лайықсыз болуына қарамастан, жомарттығымен көптеген игіліктер мен нығметтер нәсіп етті де дәрежесінің жоғары болуы үшін ешнәрсе істемесе де басқалардың алдында пенденің дәрежесін жоғары әрі артық етті. Сондықтан, қашанда мақтаншақтықтың пайда болуына себеп болатын нәрсенің, надандық екендігін және бұл надандықты тек, адам іс-әрекеттері мен бойындағы қасиеттердің барлығын әу баста Алла Тағала жаратып, лайықты болмаса да пендесіне берген нығметтері деген дәйекті біліммен ғана жеңуге болатындығын әсте ұмытпаған жөн. Адам, осының барлығын білген кезде ғана, мақтаншақтыққа жол бермейтін болады да керісінше ол Алла Тағалаға бойұсынып, шүкіршілік етіп, Раббысының осыншама нығметтер мен игіліктерді нәсіп қылуы, тоқтатылып қалар деген қауыппен өмір сүретін болады. Бұған қатысты Алла Тағала былай деп айтқан:
(وَلَوْلَا فَضْلُ اللَّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ مَا زَكَىٰ مِنكُم مِّنْ أَحَدٍ أَبَدًا)
«Егер Алланың сендерге деген шексіз шарапаты, ерекше рақымы болмағанда, араларыңнан бірде-бір жан (сенімі, ниеті, іс-әрекеті және мінез құлқында) әсте сүттен ақ, судан таза бола алмас еді» (Нұр, 21).
Адамдардың ең абзалы болған Пайғамбарымыз (ﷺ.) өзінің сахабаларына былай деп айтқаны хабарланады:
(لَنْ يُنَجِّيَ أَحَدًا مِنْكُمْ عَمَلُهُ)
«Сендердің ешбіріңді, амалдарың құтқара алмайды». Сол кезде, жанында тұрған адамдар, былай деп сұрақ қойды: «Тіпті сеніде ме, ей Алланың Елшісі (ﷺ.)?!» Бұл сұраққа Пайғамбарымыз (ﷺ.) былай деп жауап қатты:
(وَلَا أَنَا، إِلَّا أَنْ يَتَغَمَّدَنِي اللَّهُ بِرَحْمَةٍ)
«Мені де, егер тек Алла Тағала өз мейірімімен мені баурап алмаса». Қашан адам баласының жүрегінде, Алла Тағаланың мейірімінен құр қалардай қорқыныш пайда болса, онда сол кезден-ақ, адамның бойындағы мақтаншақтық қасиеті өзінен-өзі жоғалары анық.
Мақтаншақтықтың пайда болуына итермелейтін себептер
1. Адам өзінің сұлулығы, дене пішімінің әдемілігі, денсаулығы және бойындағы күш-қуаты немесе дауысының креметтілігімен мақтану. Алайда осының барлығын адам баласына берген – Алла Тағала. Сондықтан бұл нәрселермен жұрттың алдында мақтанам деп жүріп, қас-қағым сәтте, Раббымыздың берген аталмыш игіліктерінен айырылып қалмайық ағайын.
2. Адам өзінің күш-қуатымен мақтануы мүмкін. Бұған қатысты Алла Тағала ад қауымынан болған мақтан құмарлардың өз замандарында даңдайсынып айтқан сөздерін былай деп келтіреді:
(مَنْ أَشَدُّ مِنَّا قُوَّةً)
«Бізден күшті кім бар?»-деді» (Фуссилат, 15).
3. Адам өзінің ақылы мен парасаттылығына және діни әрі дүниелік мәселерде белгілі бір шешімін табуы қиын мәселерді, оңайлықпен шешімін табатындығына мақтануы. Мұндай адам ешуақытта басқа кісілердің пікірлеріне құлақ аспайтын болады да өзінің қате не дұрыс көзқарастарына сенім артумен болады.
4. Адам өзінің тектілігімен мақтануы. Тіпті осындай адамдардың кейбірі тегінің құрметтілігінің арқасында азаптан құтылатындай көріп, күнәларының кешірілетіндігіне сенеді. Сол үшін осы мәселеге қатысты Алла Тағала былай айтқан:
(يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَىٰ)
«Ей адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық» (Худжурат, 13). Бұл аяттан түсінетініміз, біздің шыққан тегімізде бір-бірімізден бөліп ажырататындай ешбір айырмашылық жоқ. Себебі барлығымыздың да шыққан тегіміздің түбірі бір. Ал енді, аяттың жалғасында Алла Тағала біздің шыққан тегіміздің кейін келе, әртүрлі ұлттарға, ұлыстарға бөлініп кеткендігінің себебін, мақсатын және пайдасын түсіндіріп былай деген:
(وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا)
«Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм бір-біріңе қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату- тәтті өмір сүрулерің және жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» (Худжурат, 13). Аяттың бұл сөйлемдерінен соң Алла Тағала адамдардың бір-бірінен артық-кем болулары, тектілікке қатысты емес, керісінше Жаратушы Иемізге шынайы беріле итағат ету, тақуалық таныту арқылы болатындығын шегелеп ұғындырған:
(إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ)
«Біле-білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойұсынуда ең алда болғандарың)» (Худжурат, 13). Ал енді Пайғамбарымыздың (ﷺ.) бұл мәселеге қатысты айтқан сөзіне келер болсақ, онда Ол (ﷺ.) былай деген:
(إِنَّ اللَّه قَدْ أَذْهَبَ عَنْكُمْ عُبِّيَّة الْجَاهِلِيَّة)
«Расында Алла Тағала сендерді надандық дәуірінің үстемдігінен құтқарды».
5. Адамның басшылармен немесе басшылыққа жақын адамдармен туыстық қарым-қатынаста болғандығымен мақтану.
6. Адам өзінің балаларының көптігімен мақтануы. Бұл жайлы имансыздар былай деген:
(وَقَالُوا نَحْنُ أَكْثَرُ أَمْوَالًا وَأَوْلَادًا)
«Әрі олар: «Біздің дүниелеріміз де, балаларымыз көп»» (Сәба, 35).
7. Адамның өз байлығын мақтан етуі. Құранда осыған байланысты Алла Тағала кәпірлердің даңдайсып айтқан сөздерін былай деп келтіреді:
(أَكْثَرُ مِنْكَ مَالًا وَأَعَزُّ نَفَرًا)
«Менің сенен дүнием көп әрі адамдарымның саны жағынан да қуаттымын» (Кәһф, 34).
8. Адам өзінің қате пікірін мақтан тұтуы. Бұған қатысты Алла Тағала былай деген:
(أَفَمَن زُيِّنَ لَهُ سُوءُ عَمَلِهِ فَرَآهُ حَسَنًا)
«Жаман істері әдемі етіп көрсетіліп, оны жақсы деп білген біреу ше?» (Фатир, 8)
Қостанай мешітінің өкіл имамы Түсіпбек Асылхан