Бізге жеткен риуаяттың көбінде Айша анамыздың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) сөзбайласып, құда түскен уақыты алты жасында болғандығын, ал үйленген уақыттары тоғыз жас екенін білдірген[1]. Осы риуаятқа берілген жауаптар мұны растай түседі. Айша анамыздың осы жаста тұрмыс құрғанын қалыпты жағдай екенін білдіру үшін түрлі жорамалдар жасалды.
Мұның басында мына бір жорамал тұрды: «Ауа райы ыстық болған жерлерде қыздар тез жетіледі. Сондықтан олар тоғыз, он жаста тұрмыс құратын жасқа лайық деп табылды». Бұл мәлімдеменің ешқандай статистикалық мәліметке сүйенбегені мәлім. Ауа райы ыстық аймақтар үшін жасалған бұл жорамалдар, халық санының қаншасына тиесілі? Бұдан басқа жағдайлар бар ма? Егерде бұл мәліметтер рас болса, Айша анамыз шын мәнінде ерте жетілді ме? Айша анамыздың жаратылысы ерте жетілуге дайын ба? – деген сияқты сұрақтар сұрамай-ақ Айша анамыздың ерте жаста тұрмыс құрғанын айтып жүр. Бірақ кейбір риуаяттар, Айша анамыздың дене бітімінің кішкентай болғанын растайды. Айша анамыз өте жеңіл еді, түйенің үстінен зембілмен түсіргендер Айша анамыздың зембіл үстінде отырып-отырмағанын сезбей қалады екен[2].
Сондай-ақ, Айша анамыздың анасы Айшаның әлсіз болғаны үшін тұрмысқа берместен бұрын әлденіп алсын деген ниетпен көп құрма жегізгендігі туралы риуаяттар кездеседі[3].
Осы тақырыпқа байланысты айтылған мәліметтерді қайта зерттеп шығуды жөн санаған Омар Рыза Доғрул мырза, Айша анамызға құда түскен уақыт, бізге жеткен мәліметтерде көрсетілген жастан үлкен деген тұжырым жасаған[4].
Осыған орай бұл тақырыпқа байланысты айтылған алғашқы риуаяттар мен соңғы риуаяттарды ескере отырып, бір нәтижеге баруды жөн көрдік. Жоғарыда көрсетілген риуаяттардың ішінде ең кең тараған риуаяттардың бірінде, Айша анамыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) тұрмысқа шыққан жасы тоғыз жаста болғандығын білдірген.
Десек те, Айша анамыздың жасын осы жастан он жас шамасында үлкен көрсететін риуаяттар кездеседі. Бұл дәлелдеріміз алғашқы Ибн Мәнденің (дүниеден өткен жылы 1005) «Марифәтус-Сахабә[5] атты кітабында бар. Көрсетілген мәліметтер мынау:
«…Әсма бинт Әбу Бәкір, яғни Әбу Бәкірдің қызы Әсма, Айша анамыздан он жас үлкен болған[6]. Сондай-ақ, жүз жасында һижри жылының 73 жылы дүниеден өткені[7] басқада әдебиеттерде айтылған.
Осыған байланысты һижри 73-те жүз жасында дүниеден өткен Әсма һижрет басталған жылы (100-73=27) 27 жаста болған. Әсмадан 10 жас кіші болған Айша анамыз, һижрет жылында 17 жаста болған. Һижреттен кейін сегіз айдан соң тұрмысқа шықса[8] Айша анамыз Пайғамбарымызға (с.ғ.с) тұрмысқа шыққан уақытта 18 жаста болған.
Һижреттен бұрын Меккедегі мұсылмандардың жағдайына байланысты кейбір риуаяттар Айша анамыздың һижрет уақытында 17 жаста болғанын дәлелдеуде. Ибн Ханбәлдің бір риуаяты бойынша:
«Айша анамыз былай деді: Менің ақылым кемелденді. Әке-шешемнің тақуа адамдар екеніне көз жеткіздім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әр күні азанда немесе кешке біздің үйге келетін. Мұсылмандар қиын жағдайда болғандықтан Әбу Бәкір де Хәбәшстанға көшуге дайындалды…»[9] Бұл риуаятта, Айша анамыз Мекке уақытында Әбу Бәкір отбасының Исламмен байланысты болғанын және Хәбәшстанға һижрет уақытын түсіндіруде. Айша анамыздың басқа біреуден риуаят етпей, сол уақытта Айша анамыз Меккеде болған жағдайды бізге тікелей риуаят етуі, оның болған жағдайды толық меңгергенін білдіреді. Ал егер Айша анамыз Мәдинаға һижрет уақытында сегіз жаста болған деп есептейтін болсақ, Әбу Бәкір (р.а.) Хәбәшстанға көшуге дайындық жасаған уақытында Айша анамыздың әлі өмірге келмегенін көрсетеді. «Айша анамыз бұл риуаяттарды басқа біреуден үйреніп риуаят еткен» – деп есептейтін болсақ, онда екі нұсқаға бөлуге болады. Риуаяттың бірінші нұсқасы һижреттен үш-төрт жыл бұрынғы жағдай, екінші нұсқасы һижреттен сегіз-тоғыз жыл бұрынғы жағдайды білдіреді. Бұл нұсқаларды жорамалдау бір жағынан өзімізді қинау, енді бір жағынан қателікке ұрындырады. Өйткені риуаяттың бірінші нұсқасында Айша анамыз басқа біреуден естігенін емес өзі куә болғанын айтқандығы айдан анық. Екінші нұсқа, бірінші нұсқаның жалғасы ретінде, әрі араб тілінде түсіндіру бойынша да адамның қабылдау жағынан да бір-біріне сәйкес болып тұр.
Ибн Исхақ, мұсылман болып Ислам дініне кіргендердің тізімін жасаған уақытта, Айша анамызды Хәбәшстанға һижрет етпестен бұрын мұсылман болғандардың арасында деп жазған[10]. Мәдинаға һижрет уақытында сегіз жаста болса, Хәбәшстанға һижрет уақытында әлі туылмаған болады. Ибн Хишамда осылай деп риуаят еткен[11]. Бұл екі кітапта да Ислам дініне кіргендердің есімдері хронологиялық тізіммен жасалған.
Ибн Асакир, Мұхажирлерден Исламға алғаш кіргендерді санаған кезде, Айша анамызды біз айтқан тізімнен шығарып тастаған, бірақ оны толық жасамаған еді[12]. Ибн Исхақ және Ибн Хишам, Айша анамызды алғашқы мұсылмандар қатарына жатқызған уақытта, оны кішкентай жастағы қыз деп түсіндіру үшін «кішкентай болған Айша» немесе «Айша бинт Әбу Бәкір ол, бұл уақыттарда әлі кішкентай» – еді деп тіркеген. Ибн Асакир, «кішкентай қыз» сөзін Әсма бинт Әбу Бәкір үшін қолданған. Алайда Әсма шамамен 14-15 жас кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ислам дінін әкелген болатын. Шамамен Әсма Ислам дінін қабылдаған кезде бойжеткен қыз еді, яғни кішкентай қыз емес еді. Мұндағы кішкентай қыз, 10 жылдан кейін өмірге келген Айша анамыз болатын.
Бұл риуаят та Айша анамыздың Мәдинаға һижрет уақытында 17 жасында болғанын растайды. Мүмкін Ибн Асакир Айша анамызды Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тұрмыс құрған кезде тоғыз жаста болған деген риуаяттардың әсерінен Ибн Исхақ және Ибн Хишамның айтқан тізімдерін өзгертуге тырысқан, бірақ оны да жартылай кем жасаған.
Сонымен қатар, Айша анамыздың Меккелік кезеңді түсіндірген жәйт өте маңызды. Әл-Бұхаридін айтуы бойынша, Айша анамыз: «Мен Меккеде ойнап жүрген кішкентай қыз едім, «Әлбетте оларға уәде етілген қиямет, ол; үрейлі, тым ащы бір мезгіл»[13] аяты түсірілген болатын», – дейді[14]. Бұл аят шамамен Пайғамбарлықтың төртінші жылы түскен[15]. Сол уақыттағы жағдайлардың ақ-қарасын ажырата білген десек, Айша анамыз сол уақытта шамамен сегіз-тоғыз жаста болса, ал Мәдинаға һижрет уақытында 17 жаста болады. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерден 17 жаста болғандығы айдан анық болып тұр[16].
Бұл жазуымызда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мен Айша анамыздың сөзбайласқан уақытын қолдайтын риуаятқа назар аударсақ. Хадиша анамыз дүниеден өткеннен кейін, отбасындағы бар жүк Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ауыртпалық түсірді. Бұл жағдайды аңғарған Хаула бинт Хаким есіміндегі бір мұсылман әйел мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арасында мынадай әңгіме болады:
– «Ей, Алланың елшісі! Үйленбейсіз бе?»
– «Кіммен?»
– «Қаласаң қызбен, қаласаң жесір әйелмен».
– «Қыздардан кіммен үйлене алам?»
– «Әбу Бәкірдің қызы Айша».
– « Жесірлерден ше?»
– «Жесірлерден Саудә бинт Зәма бин Қайыспен».
Хаула кейін Әбу Бәкірдің (р.а) үйіне келіп, Айша анамыздың анасы Умму Руманға мән-жайды түсіндірді. Ол да Әбу Бәкірді (р.а) келсін деді. Әбу Бәкір (р.а) келіп мән-жайдан хабардар болған соң, «Ол бауырының қызы ғой, оған бауырының қызымен үйленуге бола ма?» – деді. Хаула, Пайғабарымызға (с.ғ.с) келіп мән-жайды баяндады. Кейін Пайғабарымыз (с.ғ.с) Хауланы қайта жіберіп: «Біздің бауырластығымыз дін бауырластығы, сондықтан оның қызы маған халал екендігін айт», – деп бұйырды. Хаула Әбу Бәкірдің (р.а) жанына барып мән-жайды айтты. Әбу Бәкір (р.а) бұл жәйт болмастан алдын Айша анамызды Жүбәйр бин Мутимға атастырып қойған болатын. Бірақ Жубайрдың отбасы Айша анамызды алғысы келмеді. Өйткені оның отбасы мүшріктер еді. Өз ұлдарының қайын атасының ықпалымен мұсылман болып, аталарының дінін тәрк етуі мүмкін деген қорқыныштан сөзді бұзған болатын. Содан кейін Әбу Бәкір (р.а) Айша анамызды Пайғабарымызға (с.ғ.с) атастырды[17].
Риуаяттың соңғы жағында Айша анамыздың жасы бұл уақыттарда алты жаста деп жазылса да, әт-Тәбәрәнидің жазған риуаятында бұл уақыттарда алты жаста еместігін растайтын деректер бар. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хадиша анамыздың өлімінен кейін, көп ұзатпай үйлену керек деп ойлаған Хауланың алты жасындағы қыз балаға үйлен деп ұсыныс айтуы ол ақылға қонымсыз болары анық. Және бұл ұсыныс екі түрде жасалды: «Қыз қаласаң Айша анамыз, жесір қаласаң Саудә» деп жасалған ұсыныста Айша анамыздың алты жаста болуы мүмкін емес. Бұл ұсыныспен Хаула, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екі ұсыныстың біреуін таңдайтынын түсіндіргісі келді. Екі түрлі әйелмен ұсыныс жасауының нақты бір дәлелі жоқ. Біздің көзқарас бойынша Айша анамыз 14-15 жастағы бойжеткен болғандығы, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хадиша анамыздың өлімінен кейін оның орнын басатын жасы келген әйелмен үйленуді жөн көрді. Өйткені Хадиша анамыз қайтыс болғаннан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бала-шағасына қарап, үй шаруасын істейтін ешкім жоқ еді. Бұл істерді 14-15 жастағы бір қыздың істеуі мүмкін емес деп айта алмаймыз, бірақ қиын болар еді. Дәл осы уақыттарда Мекке мүшіріктері Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және мұсылмандарға қарсы зұлымдықтары жиілеп кеткен болатын. Осындай оқиғалардан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден кетіп, жаңа бір жерге қоныстануды ойластырып жүр еді. Осындай жағдайда Саудә анамызбен үйленіп, Айша анамызбен үйлену мәселесін кейінге қалдыруы түсінікті жәйт деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, бұл риуаятта түсіндіріп кететін жәйт: бірінші болып құда түскен жақ, өз сөздерін бұзғандықтан Айша анамызға үйленетін болса, жігіт өз дінін тастап мұсылман болып кетуден қорықты. Бұл құда түсу уақыты, негізінде Ислам дінін насихаттамастан бұрын болғанын көрсетіп тұр.
Көптеген риуаяттар бойынша, бұл құда түсу мәселесі бұзылған уақытта Айша анамыз алты жаста еді. Егер бұл оқиға Пайғамбарлықтың оныншы жылында болды деп есептейтін болсақ, онда Айша анамыз Ислам дінін насихатқа бастаған жылдары туылмаған болуы керек еді. Сондықтан Айша анамыз алғашқы құда түсу мәселесінің бұзылған уақытында алты жаста емес, 14-15 жастағы бойжеткен бір қыз болу керек.
Басқа да көзқарасқа назар аударсақ, Умму Руманмен үйленген Әбу Бәкір сыддықтың, Умму Руманнан Абдуррахман және Айша есіміндегі екі перзентінің болғаны анық. Бұған қарсы дәлел болмағандықтан, сол замандағы шарттар бойынша бір әке-шешеден туылған бауырлардың жас арасы 1-2 жас болуы тиіс. Яғни Абдуррахман Айша анамыздан 1-2 жас үлкен болуы мүмкін. Бәдір соғысында мүшіріктердің арасында болған Абдуррахман сол уақыттарда жиырма жастарында еді[18]. Айша анамызды һижрет уақытында сегіз жаста деп есептесек, онда Абдуррахман екеуінің арасы 12 жас болады. Ал егер һижрет уақытында Айша анамызды 17 жас деп қабылдасақ, онда Абдуррахманмен жас арасы екі жас болады. Біздің нақты пікіріміз де осы.
Риуаяттарда айтылғын сандар әр уақытта шындыққа жанаса бермейді. Өйткені берілген сандар кейде жорамал болуы мүмкін. Қазіргі уақыттың өзінде, «Пәленше досың қаншада?» деп сұраса жорамалдап барып жауап қатамыз. Мысалы, Хадиша анамыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) тұрмысқа шыққан уақытта 40 жаста десе, кейбір риуаяттарда 28 жаста болған дейді[19].
Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұйбайларының бірі Мәймунә бинт әл-Харисинин өлген уақытын хижри жыл санағы бойынша 61 жыл деп көрсетілсе[20], бұл оқиғаны хижри уақытымен 51 жылы қайтыс болды дегендер бар[21].
Жазба деректерде осыған ұқсас көптеген мысалдар бар. Осы тақырыпқа байланысты тағы бір мысал кетірсек, Ата бин Ясар атындағы бір ғалымның өлген жылын хижри жылымен 103 деп көрсетсе, басқа жазба деректерде оны хижри жылымен 94 деп жазған[22].
Сенімді әдебиеттеріміздің өзінде осыншалықты ұқсас риуаяттар бар екен, Айша анамыздың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) тұрмыс құрған уақытта, тоғыз жаста болды деу нақты шешім қабылдау мүмкін емес жағдай.
Жоғарыда көрсетілген риуаяттарға сүйене отырып, Айша анамыздың жасын он жас кіші көрсетіп, һижрет уақытында сегіз жаста болған деген риуаяттарды қате деп айта аламыз. Бұл қатенің жасалуына байланысты біздегі риуаяттарда нақты дәлелі болмағаны үшін, жоғарыда көрсетілген қателіктер сияқты болуы мүмкін. Қателік кейде риуаят етуші рауиден болуы мүмкін, кейде баспадан болуы мүмкін. Сондай-ақ бұрын жасалған қатені қате деп ойламағандықтан болуы мүмкін. Егер бір тақырыпта ғалым кісі қателессе, одан кейінгі адамдар ол кісіні қателеспейді деп айтса, бір қателіктің себебінен басқа да қателерге баруы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты жоғарыда айтылып кеткен Ибн Асакирдың риуаятында көрдік.
________________________________________
[1] Ибн Сад, әт-Табакатул-Кубра, Байрут 1968, VIII том, 58-62 бет.
[2] Ибн Хишам, әс-Сирәтун-Нәбәуия, Байрут, III том, 310 бет.
[3] Ибн Исхақ, Сира, Кония 1981, 239 бет.
[4] Омар Рыза Доғрул, Асры-Сағадет, Станбул 1978, II том, 148 бет; III том, 259-267 бет.
[5] Осы риуаятқа байланысты кең мағлұмат үшін, Али Ярдым, Хадис I том, Измир 1984, 80 бет.
[6] Ибн Асакир, (Тариху-Димашқ) Тәрәжимун-Ниса, Димашқ 1982, 9,10,28 бет.
[7] әл-Мәсуди, Муружуз-Зәхәп, II том, 39 бет.
[8] Ибн Сад әт-Табакатул-Кубра Байрут 1968, VIII том, 58 бет.
[9] Ибн Ханбәл, Муснәд, Станбул 1982, IV том, 198 бет.
[10] Ибн Исхақ, Сира, Кония 1981, 124 бет.
[11] Ибн Хишам, әс-Сирәтун-Нәбәуия, Бейрут, I том, 271 бет.
[12] Ибн Асакир, (Тариху Димашқ) Тәрәжимун-Ниса, Димашқ 1982, 10 бет.
[13] «Қамар» сүресі, 46.
[14] Әл-Бұхари Сахих, VI том, 54 бет. Тәпсір, «Қамар» сүресі (54), 7.
[15] Алғашқы түскен сүрелер үшін қосымша қараңыз: Әс-Суюти, әл-Итқан, Бейрут 1987, I том, 29-50 бет.
[16] Омар Риза Доғрул, Асры-Сағадат, Станбул 1978, II том, 148 бет.
[17] әт-Тәбәрәни, Тарих, Бейрут 1967, III том, 161-163 бет.
[18] Ибнул-Әсәр, Усдул-Ғабе, Кайыр 1970, III том 467- бет.
[19] Ибн Сад әт-Табакатул-КубраБайрут 1968, VIII том, 16-17 бет.
[20] Ибн Сад әт-Табакатул-Кубра Байрут 1968, VIII том, 140 бет.
[21] Әбу Мұхаммед Абдулмумин бин Халәф бин Әбилхасанәд-Димаяти, Нисау-Расулиллаһ, Бәйрут 1989, 86- бет.
[22] Ибн Сад әт-Табакатул-Кубра Байрут 1968, V том, 174 бет.
Ықыласхан МАЙЛАНҰЛЫ,
Шымкент қаласы “Ықылас” қарилар дайындау
орталығының директоры теолог

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38